Қазақстандық журналист "Ерекше артықшылығы бар әйел" атанды

11 Наурыз 2020, 21:53
2777
Бөлісу:
Қазақстандық журналист "Ерекше артықшылығы бар әйел" атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 4-5 наурызда Халықаралық әйелдер экономикалық форумы (ӘЭФ) аясында танымал қазақстандық журналист және фильм продюсер Ақмарал Баталова "Ерекше артықшылығы бар әйел" номинациясы бойынша марапатқа ұсынылды. Бұл туралы Қазақстанның Мысырдағы Елшілігінің Facebook-тегі парақшасында жарияланды.

Журналист бұл марапатқа Сирия Араб Республикасындағы гуманитарлық дағдарысты объективті түрде көрсеткені және Қазақстанның халықаралық аренада бітімгершілік рөлін танымал еткені үшін ие болды. А.Баталова әскери дағдарыс кезінде Сирияға бірнеше рет сапармен барып, сол жерден "Хабар-24" арнасына бірқатар репортаждар жасады.

Сонымен қатар, ол Астана үдерісі аясындағы бейбіт келіссөздер туралы хабарлардың және Таяу Шығыстағы ахуал бойынша шолу мақалаларының авторы ретінде танымал. Соңғы үш жыл ішінде А.Баталова өзінің Sezar Films продюсерлік орталығының ұжымымен бірнеше деректі фильмдерді, соның ішінде Сирия мәселесі, Астана үдерісі, исламның радикализациялануына қарсы іс-қимыл, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмысының нәтижелері туралы фильмдер түсірді. Қазіргі уақытта соғыс нәтижесінде зардап шеккен Алеппо қаласындағы түсірілген "Қираған жердегі шетен жидегі" деректі фильмі Мәскеу кинофестиваліне қатысады.

Өткен жылы қазақстандық журналист WinTrade халықаралық ұйымының "Жыл әйелі" сыйлығына ұсынылған болатын және Сирия дағдарысының гуманитарлық проблемаларын айқындаудағы объективтілігі және Астана үдерісінің нәтижелерін паш етуге белсенді күш салғаны үшін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің дипломымен марапатталды.

Әйелдер экономикалық форумы (ӘЭФ) Әйелдер лигасының (All Ladies, ALL) ғаламдық желісінің бөлігі. Сонымен қатар, ол – қайырымдылық көзқарастағы барлық нәсілдер, мәдениеттер мен діндер өкілдерімен ынтымақтастықты дамытатын ең ірі халықаралық коммерциялық емес ұйым. ӘЭФ әлемнің 150-ден астам еліндегі 150 мың мүшені гендерлік теңдік қозғалысына біріктіретін ұйым. Әйелдердің экономикалық форумы жаһандық деңгейде әйелдердің кәсіпкерлік пен көшбасшылық әлеуеттерін арттыруға мүмкіндік беретін ірі халықаралық алаңдардың бірі. ӘЭФ-тің негізін қалаушы доктор Харбин Арора – Дүниежүзілік әйелдер лигасының төрағасы.

ӘЭФ әлем лидерлері, мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, патша отбасыларының мүшелері, министрлер, мэрлер, танымал іскер әйелдер, университеттердің президенттері мен профессорлары, қазылар, өнеркәсіпшілер, елшілер мен дипломаттар, кино және спорт қайраткерлері және әр түрлі мәдени топтардың өкілдері тарапынан үлкен қолдауға ие.

Халықаралық әйелдер экономикалық форумының Консультативтік кеңесіне Ұлы мәртебелі Бенедикт Астрид Ингеборг Ингрид – Дания ханшайымы, Розарио Марин – АҚШ-тың 41-ші қазынашысы, баронесса Фелла Бенджамин, Еуропалық парламенттің мүшелері және ірі әлемдік компаниялардың директорлары кіреді.

ӘЭФ жыл сайын әлемнің әртүрлі елдерінде өткізіледі. Биылғы жылы ол Каирде Мысыр Үкіметі мен Президенті Әбдель Фаттах ас-Сисидің қамқорлығымен өтті. Мысыр астанасындағы форум 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналды, оған 75 елден келген әйелдер қатысты.


Өзгелердің жаңалығы