Алматыдағы әл-Фараби даңғылында жол апаты болған түні оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен патрульдік полиция қызметкері сотта куәлік беріп, апаттан кейінгі алғашқы минуттарда не болғанын баяндады.
Полицейдің айтуынша, ол әріптесімен бірге 20 наурыз күні түнгі ауысымға түсіп, 21 наурызға қараған түні қала көшелерін патрульдеп жүрген.
Біз әріптесім екеуміз түнгі үшінші ауысымға түстік. Сағат түнгі 03:33 шамасында Әл-Фараби көшесімен шығыс бағытта патрульдеп келе жаттық. Назарбаев көшесінің қиылысындағы бағдаршамға тоқтаған кезде қатты соққы дыбысын естідік. Бірден оқиға орнына қарай бардық. Zeekr автокөлігін көрдік. Әріптесім ауысым жетекшісіне және кезекші бөлімге бірден баяндады, ал мен 103-ке қоңырау шалдым, – деді куәгер-полицей.
Оның сөзінше, полиция қызметкерлері Zeekr көлігінің жүргізушісін көліктен шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Zeekr жүргізушісін рөл жағынан шығарып алып, жедел жәрдем көлігіне отырғыздық. Кейін екінші көлік – Mercedes жағына бардық. Сол кезде түнгі іздестіру тобының жетекшісі мен басқа да патрульдік экипаждар келіп жетті. Кейін оқиға орнында көмек көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары басталды, – деді ол.
Сот барысында куәгерден оқиға орнына қаншалықты жылдам жеткені де сұралды. Оның айтуынша, жол апаты болғаннан кейін бірнеше секунд ішінде сол жерге барған.
Егер жол апаты 03:33-те болса, 03:34-те мен жедел жәрдем шақырып үлгердім. Яғни оқиға болғаннан кейін шамамен 10-15 секунд ішінде сол жерге жеттік, – деді полиция қызметкері.
Сондай-ақ ол Zeekr жүргізушісінің жағдайына тоқталып, ер адамның есін жоғалтпағанын, бірақ ауыр халде болғанын айтты.
Жүргізуші ештеңе айта алмады. Оның қатты ауырсынғаны байқалды, шокта болды. Бірақ есін жоғалтпаған еді. Пактан ішімдік ол кезде сезілмеді, – деді куәгер.
Еске салайық, бүгін Алматыда 21 наурызға қараған түні үш адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот отырысы өтті. Сот куәгерлерден жауап алудан басталды.
Сонымен қатар, бүгін үшінші жәбірленуші тарап та күдікті Александр Пакқа кешірім бергені белгілі болды.