Жұмыссыздықты субсидиялау – қоғам қуатын арттырады

20 Маусым 2023, 20:15
1450
Бөлісу:
Жұмыссыздықты субсидиялау – қоғам қуатын арттырады

Көпшілік «облсобес» деп атайтын Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мойнына жүктелген міндет аз емес. Аймақтағы кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік осал топтардың жағдайын жетілдіру, жұмыссыздық деңгейін жеңілдету сияқты салмақты бағдарламаларды ойдағыдай жүзеге асыруға тырысып жүрген басқарма басшысымен атқарылған жұмыстары жайында әңгіме өрбіттік. Басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев жастарға арналған 2,5 проценттік несие қалай беріліп жатқанына да кеңірек тоқталды, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

– Ғабит Жұмабекұлы, 2,5 пайыздық несиеге құжат қабылдау қалай жүріп жатыр? Бүгінге дейін қанша қызылордалық қаржы алып, кәсіп бастады? Биыл бұл несие қанша азаматқа беріледі?

– «Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының конкурстық негізінде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен кредит беріле бастағанын білесіздер. Қазақстан Республикасы Президентінің Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие Қызылорда облысы бойынша 2023 жылы 257 адамға үлестірілуі керек. Қаржысы да аз емес, 1 миллиард 285 миллион теңге.

«Жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу үшін бюджеттік кредиттер ұсыну» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие бойынша өтінімдерді қарау мақсатында «Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның» 7 отырысы өтті. Соның нәтижесінде қазірге дейін 181 жас кәсіпкер 739,5 миллион теңге көлемінде бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі комиссияның оң қорытындысын алып, 37 жас кәсіпкер 172 миллион теңгеге қаржыландырылды. Басым бөлігі ойға алған кәсіптерін бастап та кетті.

Қазіргі таңда Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан тағы 1 миллиард теңгеге «Жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу үшін бюджеттік кредиттер ұсыну» бюджеттік өтінімі ұсынылды. Ағымдағы жылдың шілде айына сұралған несие қаражаты бөлінеді деп күтіп отырмыз. Қаржы қаралған сәтте жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын 1 миллиард теңге бөлінген жағдайда өңіріміздегі тағы 200-ден астам жас кәсіпкер жобаларын іске асыруға мүмкіндік алады. .

Айта кеткен жөн, жеңілдетілген қаржы бөлу ісі келесі жылыда жалғасын табатын болады.

– Қайтарымсыз гранттың биылғы ерекшеліктері туралы сөз қозғасақ. Қанша азамат алған грант есебінен кәсәпкер атанды және олардың басым бөлігі қандай сала бойынша тіршілігін дөңгелетуде?

– Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына өзгерістер енгізілді. Ең қуанарлығы, мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Биыл бұл 1 380 000 теңгені құрайтын болады. Естеріңізде болса, 2018-2019 жылдары грант 100 АЕК-ті құраған.

Сонымен қатар, бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алса, биылғы жылдан бастап тек әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар ғана грант ала алады. Мұндай категорияға атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы алушылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар және қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші адамдар жатады.

Грант беру процесі өткен жылдан бастап электронды форматта жүзеге асырылып келеді. Яғни адами фактор жойылып, грант алуға үміткердің талапқа сай келетіндігі жүйе арқылы анықталады. Бұл ретте үміткерлер өтінімдерін «Енбек-Бизнес» порталына электронды цифрлық қолтаңба арқылы тапсыратын болады.

Айта кететін жайт, аталған санаттағы азаматтар жұмыспен қамту ұйымдарында тіркеуде тұрған жұмыссыздар немесе мәртебесін рәсімдеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер қатарынан болуы тиіс. Мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелгенінен 3 жылдан асып кетсе, құжаты қабылданбайды. Сондай-ақ, грантқа үміткер «Бастау бизнес» жобасының сертификаты туралы мәліметтерді ұсынуы тиіс.

Мемлекеттік грант беру туралы шешімді грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі арнайы комиссия шығарады. Комиссия жұмыспен қамту Орталықтарының жанынан құрылады және құрамына «Атамекен» палатасының өкілі, қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық танымдық ұйымдар, бизнес, бұқаралық ақпарат өкілдері және сала эксперттері енгізіледі. Бұл үміткерлердің лайықты-лайықты емесі барынша әділ әрі ашық өтуі үшін ұйымдастырылған.

Осы тұста талапкерлер басты қағидаларды ескеруі тиіс. Мысалы, грантты тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Тоқөтерін айтсақ, комиссия мақұлдаған бизнес-жобаның жүзеге асуына жұмсалы керек. Сондай-ақ, грант алушы грант алған күннен бастап 12 ай ішінде бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыспайды. Әрі қайтарымсыз қаржыны бір рет ғана ала алады.

Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты азайтудың осындай тиімді тетігін тапқанына 5 жылға таяп қалды. 2018 жылдан бері облыс бойынша 16 мыңға жуық адам өз кәсібін ашуға мемлекеттік қайтарымсыз қаржы алса, оның 98 проценттен астамы жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік кірістер органдарына тіркелген. Тағы 306 қызылордалық бірегей әлеуметтік төлем төлеген.

Оқырман тарапынан қай салаға басымдық беріліп жатыр деген сауал тууы мүмкін. Грант алушылардың 50,3 проценті мал шаруашалығын дамтыуға, сол арқылы кірісін көбейтуге бекінген. Қайтарымсыз қаржыны 7508 талапкер еңбек құралдары мен технологиялық жабдықтарын алып, кәсібін дөңгелеткен. 259 кәсіпкер құс, балық өсіруге, 12 адам тұқымдар, бұта көшеттері арқылы табыс табуға, 62 адам ғимараттарды жалға алуға жұмсаған.

– Грантты мақсатсыз жұмсаған адамдар анықталды ма? Мемлекет қазынасына қанша ақша қайтты?

– Ия, үкімет халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру үшін жасап жатқан жұмысын жете түсінбейтіндер, грант қаржысын жеңіл дүниеге жұмсап жіберетіндер аз емес. Бұл бағдарламаның лайықты нәтиже беруін, жұмыссыз жүргендердің санын қысқартуға айтарлықтай кедергі келтіреді. Осыны болдырмас үшін, грант қаражатын алған сәттен бастап 1 жыл көлемінде мақсатты жұмсалуы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығы мониторинг жұмыстарын жүргізеді.

Мониторинг барысында 2020-2021 жылдары грант алған 323 азаматтың қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталды. Алайда дәлелді себептері бар тұлғаларға түсіністік танытуға болады. Әлгі 323 адамның 12-сінің бала күтімі, қарулы күштер қатарына кетуі сияқты дәлелді себептері бар. Бұдан бөлек 79 грант жеңімпазына кері қайтару туралы ескерту берілді. Тағы 232 құжат сот органдарына жолданып, 50 азаматқа қаржыны кері қайтару туралы шешім шығарылды. Айта кетейік, 20,7 миллион теңгеге жуық қайтарылуы тиіс қаржыны бір топ түгелдей қайтарса, екіншісіне бөліп төлеу арқылы өтеуге мүмкіндік беріліп отыр.

Ал 2022 жылы грант алғандардың 35-і қаржыны мақсатсыз жұмсаған. Олардың 23-і экономикалық сотқа жолданып, 12 азаматқа ескерту берілді. Ескертуге құлақ аспайтындар анықталса құжаттары алдағы уақытта сот органдарына жолданатын болады. Сонымен бірге 2 азамат қарулы күштер қатарында жүрсе, бір кәсіпкер өз еркімен қаржыны кері қайтарды.

5. Көптеген өтініш беруші екі, тіпті 4 мәрте жобасы комиссия қарауынан өтпегеніні айтып жүр. Бұған не себеп? Комиссия мүшелері кімдер, олар жаңарып тұрады ма?

– Грант беру ережесіне сәйкес,қайтарымсыз қаржыға өтінім берушілердің құжаттарын қабылдау ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тарапынан лектерге (поток) бөлінген. 2023 жылдың жоспары бойынша 1526 адамға грант беруге қаржы қаралғанын айттық. Бұл 4 лекке бөлінді. Құжаттар талқыланғанда бекітілген Қағидаларға сәйкес комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалау парағында көрсетілген өлшем-шарттар бойынша бағалайды. Бұл дегеніміз бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құрудағы тиімділігі есепке алынады деген сөз.

Комиссия отырысында үміткер бастапқы бизнес жобасын таныстырады. Эксперттер қорытындысымен үміткерлердің арасынан ең мықтысына, өміршеңдігіне оң шешім шығарылады. Мысалы ретінде айта кетейік, өтінім бергендердің барлығы комиссия отырысында бизнес жоспарын қорғайды. Алайда үміткерлер саны қаржы жоспарынан 7,5 есеге артық болған жағдайлар көп. Аудандарда бір грантқа 7-8 адамнан таласса, Қызылорда қаласы бойынша орта есеппен бір грант үшін 11 адамның жобасы қаралады.

– Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тарапынан кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған басқа қандай бағдарламалар бар?

– Біздің алдымызда халықты жұмыспен қамту міндеті тұр. Оның ішінде белсенді кәсіпкерлер санын арттыру, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жағдайын жақсарту сынды маңызды тараулар бар. Бұл істер бекітілген жоспар аясында бірқалыпты жүзеге асып келе жатыр деп ойлаймын. Мәселен, биылғы жылдың 1 маусымына дейін облыста 17 670 жаңа жұмыс орыны ашылды. 4926 азаматымыз тұрақты жұмысқа тұрып, 12744 тұрғын уақытша жұмыста нәпақасын айырып жүр.

«2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде 2023 жылы 15690 адамды қамту жоспарланған болатын. Маусым айына дейін жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде жүгінген 36269 адамның 26 мыңнан астамы Ұлттық жобаға қатысушы ретінде тіркелді. Оларды басқарма қызметкерлері тиісті сала бойынша бағыттады. Нақтырақ айтсақ, 3774 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды. Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 6149 адам жолданып, 5044-і оқу курсын аяқтағаны туралы сертификат иеленді. Айта кету керек, жоспар бойынша бұл 2500 адамнан асуы тиіс еді. 1383 қызылордалық жеке кәсібін ашып, 39 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алды.

Бұдан бөлек 3442 адам «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы skills.enbek.kz платформасында онлайн-оқудан өтті. Субсидияланатын жұмыс орындарына 12300 адамды орналастырдық. Бұл «Жастар тәжірибесі», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орыны», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас», қайтарымсыз грант пен әлгінде айтып өткен 2,5 проценттік несие есебінен жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» шеңберінде ағымдағы жылы 280 жоба бойынша 3379 жұмыс орынын ашу көзделуде, есепті кезеңге 1004 жұмыс орны құрылды

Жыл басынан бері облыс бойынша 33 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді, онда 370 жұмыс берушілерден 2988 бос жұмыс орындары ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 1612 жұмыссыздардың ішінен 330 адамға тұрақтыға, 149 адамға уақытша жұмысқа орналастырылып, 958-і кеңес алды.

7. Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамту, көмекші тағайындау, оларды кәсіпке баулуға байланысты не жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінгі күнге аймағымызда 32 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тіркеуге қойылды. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған 6165 бала бар. Көмекке көбірек мұқтаж, яғни I топтағы 3800, II топтағы 10454 және III топтағы 12063 жерлесімізге тиісті жәрдем көрсетіліп келеді.

Мүгедектігі бар адамдар абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, оңалтудың техникалық және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, санаторлық-курорттық жолдамамен, протездік-ортопедиялық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметімен толықтай қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оған дәлел жыл басынан бүгінгі күнге дейін Әлеуметтік қызметтерпорталы арқылы 20633 мүгедектігі бар адамдардың 16365-і оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстың орындалуы 79,3 процентке дейін көтеріліп, республика бойынша екінші жоғарғы көрсеткіш көрсеттік.

Биыл осы істі жүзеге асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 3,9 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін оңалтудың жеке бағдарламаларын 90 проценттен артық орындауды мақсат етіп отырмыз.

Ал кәсіптің оңалтуға байланысты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 729 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды. Оның 71-і – тұрақты. Тағы 658 мүмкіндігі шектеулі жанды түрлі бағыттар бойынша кәсіпке баулыдық.

– Мүгедек азаматтарға өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға, қоғамдық шараларға ұйытуға арналған жұмыс жоспар жайында не айтасыз?

– Облыс көлемінде 2021-2025 жылдарға 1294 әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеуден өткізу жоспары белгіленгенін алдымен айтайық. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысын жеңілдетіп, құқықтарының бұзылуын болдырмауға бағытталған. Осы мақсатта былтыр 259 объектінің бейімделуі жоспарланып, жыл қорытындысымен 277 нысанды бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, республикалық Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді.

Тек биылдың өзінде 259 нысан мүгедек азаматтар үшін қайта бейімделетін болады.

Сондай-ақ, 2022 жылы мүгедектігі бар адамдар мен балаларды әлеуметтік қолдауға арналған әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізуге облыстық бюджеттен 12,7 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға «Қызылорда облысының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігімен жасалған шарт негізінде мүгедектігі бар адамдар мен балалардың қатысуымен спорт жарыстары, фестиваль, кино, музей, театр әлеміне, тарихи орындарға саяхат жасалып, басқа бағыттар бойынша тағы 15 шара өткізілді. Биыл осындай жобаларға жұмсалатын қаржы 9,3 миллион теңгені құрап отыр.

– Қызылорда облысы бойынша, аудандармен қоса алғанда жұмыссыздық деңгейі бірнеше жылдан бері 5 пайыздан түспей келеді. Түрлі жобалардың сәтті жүзеге асып жатырғанына қарамастан нәтиженің төмендігі неге байланысты?

– Қызылорда облысы бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, жұмыссыздық деңгейі 2020, 2021, 2022 жылдардың қорытындысымен 4,9 пайызды құрап келеді. Облыста 3 жылда 81986 жаңа жұмыс орындары құрылды.

«2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде 96282 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның ішінде 50580 адам бос вакантты жұмыс орындарына орналастырылды. 45702 адам мемлекеттен субсидияланатын (әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, ақылы қоғамдық жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келіім шарты», «Күміс жас» жобасына) уақытша жұмыстармен қамтылды.

Сонымен қатар, жаңабизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантты 12269 адам жеңіп, жеке кәсіпкерліктерін бастады.

Жасалған талдауларға сәйкес, 2023 жылдың басында облыс халқының саны 837,3 мың адамды құраса, 350,9 мың адам экономикалық белсенді деп танылды. Мұның 333,4 мыңы жұмыспен қамтылғандар болса, 17,5 мыңы жұмыссыздар. Сондай-ақ, облыста жұмыс күшіне кірмейтін 30 мыңнан астам студент білім алуда. Осының бәрін есепке алсақ, биыл экономикалық белсенді халық саны тағы 2 мыңға көбейеді деп отырмыз.

Жыл сайын өңірдің еңбек нарығына жұмыспен қамтуды қажет ететін орта есеппен 50 мыңнан астам адам келетіні ескеруіміз керек. Жұмыс сұрап келетіндердің 9 мыңын жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, сондай-ақ білімін жалғастырмайтын мектеп бітірушілер құрайды. Мұнымен қоса, бұған дейін өзін өзі жұмыспен қамтыған 30 мыңға жуық азамат тіркеледі. Олардың қатарын жұмыстан шыққан, басқа облыстарда жұмыстан босаған, уақытша жұмыстармен айналысқандар толтырады. Жыл сайын тағы 17 мың жұмыссыз жерлесіміз екі қолға бір күрек сұрап келеді. Ал мұның бәрін заңдылығына сәйкес, сұранысты зерттеп, мүмкіндігінше жұмыс тауып беру, жұмыссыздық деңгейін бұдан да көтеріп алмау үшін басқарма мамандары аянбай тер төгіп жүргенін айта кету керек.

Жұмыс сұрап келетіндердің білімі жоқтарын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытуға жіберіміз. Сондай-ақ сұранысқа ие дағдылар мен біліктілікті алу үшін қысқа мерзімді курстарға жолдаймыз.

Білімі бар жастар үшін жастар тәжірибесі, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» жобалары сияқты жұмыспен қамту шаралары қарастырылған және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында өтеусіз гранттар алу кезінде осал топтағы азаматтар басым құқыққа ие.

Қоғам қуанышымызға орай, 2022 жылдан бастап бұл шараларды субсидиялау көлемі ұлғайтылды. Мәселен, жастар тәжірибесі бойынша жалақы 25-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін, мерзімі 6-айдан 12 айға дейін, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» жобалары бойынша 20-дан 30 АЕК-ке дейін, мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 АЕК-ке дейін өсті.

Ал зейнетке шығуға жақын қалған жұмыссыздарды 3 жылға жұмысқа орналастыруды көздейтін «Күміс жас» жобасы бойынша облыста 1046 азамат жобаға қатысуға ниет білдіріп отыр.

Бұдан басқа, мемлекет басшысының әр 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру туралы әкімдерге берген тапсырмасы бойынша алдымызда кемінде 10,6 мың жұмыс орнын құру міндеті тұр. Сондай-ақ атқарылған жұмыстардың нәтижесімен жыл соңына дейін жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендету – біздің негізгі міндеттердің бірі екенін де еске саламын.

– Ардагерлерді ардақтау – ардың ісі. Сіз басқаратын басқарма қарттарға қандай жағдай жасап жатыр?

– Айтуыңыз орынды.Саяси тұрғыда мемлекетіміз, адамгершілік тұрғысында сіз бен біз қарияларымыздың қарттығын мәнді өткізуіне барынша атсалысып келеміз. Бүгінде облысымызда 80 мыңға жуық зейнеткер бар. Олардың әлеуметтік мәселелері әрдайым басқарма назарынан тыс қалған емес.

Қазіргі сәтте аймақ бойынша 2 мыңнан астам егде жастағы тұрғындарымыз арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылып отыр. Станцонарлық үлгідегі Қарттар үйінде 177, оның ішінде 109 қартқа, күндіз болу бөлімшелері мен оңалту орталықтарында 746 адамға қызмет көрсетілуде. Мұндай ұйымдардың материалдық базасы нығайтылып, қызмет көрсету аясы кеңейтілген және стандартқа сәйкес қызмет алушыларға қолайлы моральдық-психологиялық жағдай жасау күн тәртібінен түспейді. Сауықтыру және әлеуметтік-оңалту іс-шараларын өткізуге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешені ұдайы ұсынылады.

Облыста бірнеше жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыстық бюджет қаражаты есебінен көмекке мұқтаж 225 жалғызбасты қарттар мен мүгедектер, аз қамтылған отбасыларға тегін түскі ас берілетінін көпшілік біле бермейді. Сондай-ақ, биыл жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 13 084 адамға 768,7 миллион теңгеге әлеуметтік төлем жасалды. Қарт адамдар жастар тарапынан әрқашан көңіл бөлуді, көпшілікпен бас қосуды ұнататынын бәріміз білеміз. Бұл бағытта ардагарлерімізге жыл сайын мереке қарсаңында тосын сый ұйымдастырып тұрамыз.

Соғыс ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп келе жатқаны өкінішті. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген қарияларымыз да айрықша қолдауды қажет етеді. Бүгінде Қызылорда облысында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген 4 177 азаматымыз бар. Біріншісі бойынша соғысқа қатысушыларының саны 6 болса, оның төртеуі облыс орталығы мен Қазалы ауданында тұрады. Сырдария мен Шиелі аудандарында екі ардагеріміз өмір сүріп жатыр. Биыл 9 мамыр қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен оларға 1 миллион 500 мың теңгеден сыйлық жасалды.

Сонымен бірге, 100 жасқа толған соғыс ардагері Байжанов Сарсенбекке «Шевроле кобальт» маркалы автокөлігі сыйға тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды ұзына бойы айта беруге болады. Мамыр айында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ордендерімен және медальдарымен марапатталған ардагерлерге 207 мың теңгеден көмек көрсетілсе, екiншi рет некеге тұрмаған, қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң, қатысушылардың әйелдерiне 138 мың теңгеден үлестірілді. Тағы Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда кемінде 6 ай жұмыс істеген 2408 азаматқа 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы берілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген батырларымызға да осындай көмек көрсетілді.

Бұдан басқа, 538 Ауған соғысының ардагеріне, 224 Чернобыль АЭС апатының зардабын жоюға қатысушыларға, 431 Семей ядролық сынақтарына қатысушыларға және басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде мүгедек болған әскери қызметшілерге жан жақты қолдау көрсетілді.

Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД шекарасын қорғауға, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысқа, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына қатысқандар, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері де тағдырластары сияқты мемлекет қолдауын сезініп отыр.

– Ардагерлерге қаржылай көмек көрсету өте құптарлық іс. Дегенмен шипажайлар мен емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдама беру, мерейін арттыру, қоғамдық келісімді нығайту жайы қалай жүріп жатыр?

– Бұл мәселе де маңызды. Былтыр облыстық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қоғамдық келісімдерді нығайтуға 7,5 миллион тенге бөлініп, қарттарымыз қыркүйек айында Қорқыт Ата кесенесіне барып, тағзым етіп қайтты. Дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, әуесқой ардагерлер арасында облыстық спорттық жарыс өткізді. Сонымен бірге мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» атты облыстық Форумы шақырылды.

Жыл көлемінде облыстың 54 ардагерлерінің денсаулық жағдайлары бақылауға алынып, сыйлықтар табыс етілді. 70-тен астам белсенді ардагерлер Қызылорда облысының құрметті ардагері төсбелгісімен марапатталды.

Бұдан бөлек, 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесіне арналған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік іс-шарасы өткізілді. Онда 150-ге жуық ардагерлерге сыйлықтар табыс етілді және ауқымды түскі ас берілді.

Ал биыл облыстық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қоғамдық келісімдерді нығайтуға 9,7 миллион тенге қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттiк сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Осы жылы аталған қаржыға Қызылорда қарттарының арасында түрлі байқаулар, қасиетті Түркістан жеріне саяхат, облыстық термешілер байқауы, балаларға арналған қайырымдылық шарасы, ардагерлерді тарихи орындармен таныстыру, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні, 3 желтоқсан – мүгедектер күніне арналған шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, мереке күндері ардагерлерді мерейтойларымен құттықтау, денсаулығына байланысты төсек тартып жатқан, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен қарттардың үйіне барып, құрмет көрсетілмек.

– Бір жылда бірнеше рет біздің өңірге солтүстік Қазақстаннан өкілдер келіп, жұмыс күшін сұрайтынын білеміз. Солтүстікке көшкен қанша жерлесіміз бар? Олардың қазіргі жағдайы қалай?

– Сіз айтып отырған мәселе – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару жайы. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру» аясында жұмыс күші көп өңірлерден, жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудару бағыты шеңберінде 2017 жылдан бері солтүстік өңірлерге 735 отбасы, жалпы саны 2 мыңға жуық қызылордалық қоныс аударды.

Былтырдан бастап «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жаңаша форматта жүзеге асырылуда. Осыған орай, биыл 23-27 мамыр аралығында Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарынан жұмыс беруші өкілдері келіп, Қызылорда қаласы және барлық аудандарда «Солтүстік өңірлердің бос жұмыс жәрмеңкелері» атты акция өткізді.

Өткен жылы солтүстік өңірлерге 187 отбасы оныс аударды десек, Қостанай облысына 57, Павлодарға 64, Шығыс Қазақстан облысына 7, Солтүстік Қазақстан өңіріне 55, Абай мен Ұлытау облысына 4 отбасы көшіп кетті.

Бұл бағыттағы тірлік биыл да қарқын алып, 19-21 сәуір аралығында Қызылорда облысына Павлодар, Қостанай, Ұлытау, Абай облыстарының жұмыс беруші делегациялары шақыртылды.

Кпшілік Солтүстік өңірлерге көбіне қандай мамандар тапшы деген сауалмен жүгінеді. Қазіргі сәтте 3 мыңға жуық экономиканың әртүрлі салалары бойынша бос жұмыс орындары ұсынылып отыр. Бірден айта кетейік, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық, зоотехник, механизатор, техника қауіпсіздігінің инженері, инженер-механик, көмір және цемент зауытының машинисті, электргазбен дәнекерлеуші, Орау машинасының операторы, ағаш және жиһаз өндірісінің шебері оқытушы, құрылыс және монтаждау жұмыстарының шебері ең бірінші сұранысқа ие. Мұнымен бірге кең профилді станокшы, техник, аспазшы, жүргізуші, автоэлектрик сияқты мамандардың да жұмыссыз қалмасы анық.

Биыл маусым айына дейін Солтүстік өңірлерге 56 отбасы, құрамында 186 адам қоныс аударып үлгерді. Қостанайға 25, Солтүстік Қазақстанға 10, Павлодар облысына 18, Шығыс Қазақстанға 2, Ұлытау облысына 1 отбасы көшіп барды. .

Қазіргі уақытта 69 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 2-еуі кәсіпкерлік қызметпен айналысуға мүмкіндік алды. 49 отбасыға материалдық көмек көрсетіліп, 16 отбасыға коммуналдық қызметтерін төлеу шығындары өтелді. Өтініштері негізінде 10 шаңырақ тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

– Ұлттық жоба негізінде ұсынылатын мемлекеттік қолдау жайына бөлек тоқталып өтсеңіз. Қаржылай көмек көлемі қалай?

– Ия, бұл жайында хабары жоқ азаматтарымыз бар. Біріншіден мемлекет қоныс аударушыға және оның әрбір отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК, яғни 241 500 теңге мөлшерінде көшуге материалдық көмек ұсынады. Бұдан кейін қоныс аударушыға экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын-үйді сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға тұрғын-үй құнының 50%-н, алайда 4 млн.теңгеден аспайтын сомада жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ, олардың отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге жеңілдік береді.

Атап айтсақ, қалалық жерлерге қоныс аударған 1 адамға 69 000, отбасы мүшелерінің саны 2 мен 4-тің арасында болса 86 250 теңгеден төленеді. Ал отбасы мүшелерінің саны 5 және одан көп болған кезде әрқайсысына 103 500 теңге беріліп отырады.

Ауылдық жерге көшкерге мұндай көмек көлемі сәл азаяды. Дегенмен ауылшаруашылықпен айналысам деушілерге мұнда өзіндік артықшылықтар бар. Тіпті, білімі жоқ азаматтарды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберу жағы қарастырылған.

– Енді бірер күннен кейін аудандардағы жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қысқарып, мекеме уақытша жабылады деген әңгіме желдей еседі. Мұның себебі неде?

– 1 шілдеден бастап облыстық құрылымдық бөлімше болып табылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың Еңбек мобильдігі орталықтарын құру көзделген Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексі күшіне енетіні белгілі.

Жұмыс істеп тұрған аудандық (қалалық) Халықты жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек мобильдігі орталықтарының» филиалдары болып табылатын Мансаптық орталықтарға айналдырылады.

Аталған күннен бастап Қызылорда облысы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтарын бір мезгілде тарата отырып, барлық 7 ауданда және Қызылорда, Байқоңыр қалаларында өңірлік филиалдарымен облыстық Еңбек мобильдігі орталығы болып қайта құрылады. Мекеменің негізгі міндеті жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жəне ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен байланыстыра отырып, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру екенін ерекше айта кетейін. Ең бастысы бұрынғы мамандар толық жұмыспен қамтылатын болады.

– Ғабит Жұмабекұлы, нақты әрі толыққанды ақпарат бергеніңіз үшін ризашылық білдіреміз.

Өзгелердің жаңалығы