Қазақстанда жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем мерзімі өзгереді

Пилоттық кезеңде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер қолданыстағы тәртіппен төлене береді.

 depositphotos.com 13 Қыркүйек 2026, 06:28
13 Қыркүйек 2026, 06:28
128
Фото: depositphotos.com

2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда жұмыс іздеушілерге қызмет көрсетудің жаңа тәсілі пилоттық режимде іске қосылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, негізгі өзгерістердің бірі – азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімін 2 күннен 13 күнге дейін ұзарту.

Осы кезеңде мансап орталығының мамандары азаматтың тәжірибесі, дағдылары мен қажеттіліктерін анықтап, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады және жұмыс берушілермен байланыс орнатады. Негізгі мақсат – азаматты тіркеумен шектелмей, нақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу.

Пилоттық жоба барысында мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандары да жаңа жұмыс тәртібі бойынша оқытылады.

Пилоттық кезеңде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер қолданыстағы тәртіппен төлене береді. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі заңнама талаптарына сәйкес үш айға дейін болады.

Қазан-желтоқсан айларында министрлік өңірлерде өзгерістерге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Наверх