Жұмысшы мамандықтары жылы: құрметке лайық құрылысшылар

16 Маусым 2025, 08:50
743
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Соңғы уақытта Қазақстан да құрылыс нарығына кешенді кірісті. Оның ең басында ел ордасы – Астанадағы құрылыс қарқынының жүйелі артуы тұр. Елдің ең басты қаласында осы ауқымды саланы алға жылжытуға ерен күш салған құрылысшылардың қай-қайсысын алсаңыз да сен тұр, мен атайын деген кәсіби мамандар. Ең алғаш астана болуға жарлық шыға салысымен алыс ауылдардан асыға жеткен жандардың бірі – осы құрылысшылар. Бүгін BAQ.KZ тілшісі қиын да қызық, ең бастысы, сауапты істің басы-қасында жүрген кәсіби һәм қарапайым кәнігі құрылысшы Бауыржан Мәжитұлы Ағыбаевпен әңгіме өрбітті.

Еліміз егемендік алғалы бері барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асты. Қиын кезеңдерде күрделі әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар мен жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл экономиканың негізгі іргетасы саналатын – құрылыс саласында да көрініс берді. Елдегі индустриалдық даму мен құрылыс саласының қалыптасуына баса назар аударып, құрылыс қарқынының бәсеңдемеуін тапсырған Президент тапсырмасы күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда Мемлекет басшысы 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтарының жылы" деп жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз кәсіби маман болып қалыптасуды үлгі ғып, қарапайым еңбек адамын насихаттауды көздейді.

Бұл ретте елімізде бірқатар шаруа атқарылды. Мәселен, техникалық және кәсіби білімге басымдық беріліп жатыр. Биыл осы сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде 65 проценті техникалық мамандықтарға бөлінді.

Құрылыс индустриясы – ел экономикасының күретамыры, іргетасы. Әлемде барлық елдің экономикалық күш-қуаты, әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығы, халықтың тұрмыс-тіршілігінің көрінісі құрылыс саласының дамуы мен өркендеуіне тікелей байланысты. Ел Президентінің қолдауымен, тапсмырмасымен тәуелсіздік алғаннан бері елдегі құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалып келеді. Отандық құрылыс индустриясының дамып, жергілікті құрылыс фирмаларының жұмысына алға бастыру, құрылыс материалдарын өз елімізде шығаратын өндіріс орындарын көбейту күн тәртібінен түскен емес.

– Бауыржан Мәжитұлы, қайырлы күн! Жалпы халық, көзкөрген адамдар сізді қарапайым құрылысшы деп біледі. Өзіңіз ең алғаш құрылысқа қашан, қалай келдіңіз?

– Ел қатарлы келдік қой (күледі – ред.). Ең алғаш 2005 жылы ауылдасым Марат Жұмаділовпен бірге, анадан-мынадан естуіміз бойынша, "астанада жұмыс бар екен" деген сөзге сеніп келдік. Ол кезде әлі астана аязымен арқырап тұрған кез. Қазіргідей қасқыр емеспіз, айналаға жалтақтап қарап алып, құрылыс деген дәу қазанға түсіп кете бардық. Содан қайта ауылға қайта алмадық қой. Әрине, барып-келіп тұрудың жөні бөлек. Астана – туған үйіміз боп кетті бүгінде.

«...Сол Астанадамын» деген мақтаныш еді

– Жалпы «Астананы астана қылған – құрылысшылар» деген пікір бар. Сіз астанаға қалай қадам бастыңыз? Алғаш келген сәтіңізді айтып өтсеңіз?

– Ел қиын-қыстау кезеңнен шығып, жаңадан бір дамып келе жатқан тұс еді. Кәдімгі Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасы деген атау жүректі лүпілдетіп тұрған, түрлі түсті телевизордан даму, өркендеу, құрылыс жүріп жатқан, зәулім үйлер салынған бір әдемі астана көрінісі беріліп тұратын кез ғой. Астананың символы "Бәйтерек" – біздің, барлық қазақтың мақтанышы ғой сол уақыт. Астана – арман қала. Оның ішінде бара салып "Бәйтерек"-ке кіру бір мақсат еді. Біз бір оқу іздеп, қызмет қуып келмедік, сөздің ашығы. Қарапайым құрылысқа жұмысшы болуды діттеп, алдымыздан не күн туар екен деген екіойлы боп келдік. Күтіп алар туысымыз жоқ, баратын, тұратын жеріміз де анық емес, бірақ артқа қайтатын жол да жоқ. Солай келдік. Құрылысқа қара жұмысшы боп кірдік қой әу баста. Подсобник те, повар да өзіміз. Өзіміз қорқасоқтап, қалай болады екен деп артынып-тартынып келіп алғанбыз, артымыздан адам тартамыз ғой сол күйімізге қарамай. Бір бөлмеде он адам тұрып, ың-шыңсыз көппен бірге "объектіге" асыға баратынбыз. Жайлап, ауылдан артымыздан іні-бауырлар, ағайындар келе бастады. Өзімізде үй-күй жоқ, бір күн тоқ, бір күн аш боп келген елді қарсы алып, көпке ілесіп күн кеше бердік. Арқаның аязы да, апталап тұратын желі де бірте-бірте сүйкімді бола бастады. Ауыл жақтан ағайындар келген сайын көңіл де жайлана бастады ғой. Елде жүрген секілді боп түбегейлі орныға бастадық, былайша айтқанда, уақыт өте,  "местный", "приезжий" деген сөздерді ажырататын болдық. Ел жақтан біреу "қайдасың?" десе, "сол астанадамын" деген мақтанышпен айта бастадық сөзді. Былайша айтқанда, алғаш келгендерміз ғой біз.

«Біздің атымыз каменьщик»

– Бүгінде құрылыста жұмысшы бола жүріп, осы саладан енші алғандай жеке кәсіпке мойын бұрдыңыз. Қазір бір емес, бірнеше жұмысшысы бар жеке кәсіпкерлік иесі болып отырсыз.

Қарапайым құрылысшы болғаннан бастап, 2005 жылда бастап, міне, жиырма жыл да боп қапты ғой, қанша үйдің құрылысына қатысқанымды да білмеймін. Бір нақты айтатыным – астанаға келгеннен кетпен-күрек ұстадық қой. Көзімді ашып көргенім – кірпіш және кірпіш болды. Қазір ғой, жеке кәсіпкердлік ашып, енді-енді тірлік қыла бастадым. Бізді өмір үйретті, тәжірибе шыңдады, құлап жүріп қайта тұрдық. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан қалай тәй-тәйлап дамып келеді – біз де соның кішкентай бөлшегі боп ақырын-ақырын, сүрініп-жығылып жеттік қой қазіргі күнге.

Негізінде ерекше айта кеткенім жөн, біздің Жамбылдан келгендердің біразына жол сілтеп, жөн көрсеткен ол – Қазақстанға еңбегі сіңген құрылысшы Сейсен Бектаев ағамыз. Ауылдан келген әр балаға қамқорлық танытып, қолдан келгенше ағалық ақылын айтып, жалпы стройка, үй салу, кірпіш қалау дегеннің не екенін үйреткен жан. Қой бағып келдік ауылдан. Стройка дегеннің иісі мұрынға бармайтын. Кірпіш қалау деген – өнер негізі. Сол Сейсен ағамыз желкелеп, жетелеп үйретті бізді. Осы кісіден басталды біздің құрылыстағы өмірбаянымыз.

Қыстың суығына, аптап ыстыққа, жауын-шашынға қарамай адал еңбек қылатын қиын, қызық жұмыс құрылысшылардікі. Бірақ бізде құрылысшыны менсінбейтін көзқарас бар. Мен айтар едім, ешқашан бір екінші сорттағы жұмыс деп есептемеймін құрылысты, өз кәсібімді мақтан тұтамын. Нақты дипломымыз болмаса да, үй салған әрбір қазақ құрметке лайық. Бір сөз бар ғой, "үй салу – сауапты іс" деген, осы сөз бізге қуат береді.

Баспаналы болу дегеніміз оңай да емес, қиын да емес қазір. Дегенмен бір адам үйлі болса, іштей мақтаныш, қуаныш кернейді көкіректі. Ойлаңызшы, қаншама жанның қоныс тойында әрбір құрылысшының маңдай тері, алақанының табы бар. Мұны былайғы жұрт түсіне бермейді. Бірақ ұққан адамға құрылысшы ескірмейтін де, жер бетінен жойылмайтын да мамандық.

Жұмысшы мамандықтары жылы: құрметке лайық құрылысшылар
Жұмысшы мамандықтары жылы: құрметке лайық құрылысшылар

– Кешегі боранды қала – бүгінде ел ордасы. Осы қалада еңбекпен өстіңіз, өндіңіз...

– Алғашқы келген бетте пәтер жалдап, жатақхана жағалап жүрдік қой мұндаға дейін. 14 шаршы метр пәтерде он шақты бала жатып жұмыс істедік, «бәріміз бір қазақтың баласымыз» деген ұранмен. Жеуге қара нан табылмаған күндер қаншама. Үш-төрт айлап жалақы алмаған кезеңдердің бәрі мен сияқты құрылысшының басынан өтті. Сол қиындықтың бәрінен өттік. Ең алғаш бригадир болғаным 2011 жыл еді. Онша тәжірибе жоқ. Жас болдық, қателіктер жібердім. Бригаданы шашыратып алдым. Оңай болмады. Одан өзім каменьщик боп бес жыл жүрдім.

Содан келе-келе осы екінші рет құрған бригадам. Қазір мен жұмыс істейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің иесі – Медет Айткенов. Қарапайым жұмысшылықтан бастап, биікке көтерілген жан. Өте жақсы, іскер азамат. Көп тірлікке үлгі болып келеді. Бес жылдан бері осы азаматпен әріптес болып келемін. Қазір осы екінші құрған бригаданы ұстап отырмын. Алып құрылыста жүрген соң 20 шақты жұмысшының жалақысын жүйелеп жеткізу, олардың басын бір іске жұмылдыру да оңай емес. 20 адам – 20 отбасының асыраушысы, үміті, тірегі. Олардың жағдайына көңіл бөлу, қиналғанда қолұшын созу – менің бригадир ретіндегі, жалпы адам ретіндегі міндетім деп білемін. Қазір, құдайға шүкір, баяғы балшық басқан күндердің бәрі артта қалды. Дамып, елмен бірге көштен, көптен қалмай өсіп келеміз.

Жұмысшы мамандықтары жылы: құрметке лайық құрылысшылар

Каменьщиктің тілегі: "Кірпіш қалаған әр қазақ үйлі болсын!"

– Астана – әрбір құрылысшының құтты мекені. Айтыңызшы, жұмысшы болған сізге астана не берді, сіз ары қарай астанаға қандай үлес қосамын дейсіз?

– Астана... Астана маған бәрін берді. Осы өмірді сүруді үйретті. Он бес жыл көшіп-қонған квартирант болдым. Қазір ғой, бес жыл болды өз үйімізге кірдік. Біздің атымыз негізі жалпылама каменьщик, кладчик. Кім не десе де, "южанин", "приезжий" деген сөздер де, талай намысқа тиген сәттер де бір сәттік боп қалды. Астананың астана болғанында, рас, әрбір каменьщиктің көңіл күйі бар. Біз, құрылысшылар, жастық жалынымызды, күш-жігерімізді, балалық білместік, аңғалдығымызды астанаға арнадық. Елдің жүрегі болған қалада жүрегімізді арманға толтырып еңбек қылдық. Алдан, жақсы күннен үміт күттік. Астанада ғашық болдық, үйлендік, үй болдық. Бірте-бірте үйлі болдық. Қазір ұл-қыз өсіріп, бір кездегі арман қалада өмір сүріп жатырмыз. Астанадан алғаным да аз емес, бергенім де көп емес. Әлі де береріміз бар. Біз бәріміз осы елдің азаматы болған соң, елмен бірге өсіп-өніп келемін.

Жұмысшы мамандықтары жылы: құрметке лайық құрылысшылар

Білсеңіз, қазір каменьщик барлық қалада жоғары сұранысқа ие. Кәсіби «каменщик»-ті іздеп жүріп шақырады құрылыста. Баяғыдай қаржыдан қысылыс жоқ. Адал еңбек – адал ақша. Сондықтан құрылыс деген қара жұмысшы емес, құрылыс – адамдар аралас-құралас болатын қайнаған орта, армандар орындалатын жер. Осы сәтте айтқым келетіні: үйінен алыста, әке-шешеден алыста, жылдар бойы жанын салып жұмыс істеп жүр талай бала. Менің тілегім, кірпіш қалаған әр қазақ үйлі болсын, құрылыста жүрген әрбір азамат күйлі-қуатты болса екен.

– Бір нейтрал сауал қояйын. Құрылысшы болмағанды кім болар едіңіз?

– Шынымды айтсам, білмеймін, іші ме, сырты ма, әйтеуір, осы үйдің айналасында жүрер едім (күліп). Өзімді басқа салада мүлде елестетпеппін. Бізге сүйекке сіңді ғой бұл каменьщик ұғымы.

Жұмысшы мамандықтары жылы: құрметке лайық құрылысшылар

– Рахмет, Бауыржан Мәжитұлы, еңбектеріңіз еселене берсін!

Өзгелердің жаңалығы