Жұмыс беруші жаңа қызметкердің біліктілігін және тапсырылған жұмысты атқара алуын бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Осы кезеңде де қызметкердің еңбек құқықтары мен кепілдіктері толық сақталуға тиіс. Сынақ мерзімі қанша уақытқа созылады және жұмыс беруші осыны негізге алып, жалақыны азайта ала ма? BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.
Сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілуі керек
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі белгіленсе, бұл талап еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Шартта мұндай талап болмаса, қызметкер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі.
Әдетте сынақ мерзімі үш айдан аспауға тиіс. Ал ұйым басшылары мен олардың орынбасарларына, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарларына, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің басшыларына алты айға дейін сынақ мерзімі белгіленуі мүмкін,- делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Қызметкердің қандай құқықтары бар?
Қызметкер жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап жалақысын уақытылы әрі толық көлемде алуға және қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқылы. Жұмыс беруші белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс тәртібін сақтауға тиіс. Сынақ мерзімінде қызметкер еңбек заңнамасында көзделген әлеуметтік кепілдіктерді пайдалана алады және өзінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқылы.
Сынақ мерзімінде жалақыны азайтуға бола ма?
Еңбекақы мөлшері еңбек шартында көрсетіледі және заң талаптарына сай болуы керек. Сынақ мерзімінің белгіленуі жалақыны азайтуға негіз болмайды.
Мысалы, қызметкер үш айлық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданса, жұмыс беруші оның әлі сынақтан өтіп жүргенін алға тартып, шартта көрсетілген жалақыны өз бетінше азайта алмайды. Еңбекақыны басқа мөлшерде белгілеу үшін заңды негіз болуы және тиісті талап еңбек шартында көрсетілуі қажет.