Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында "Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" бағдарламасы аясында 627 жобаны іске асыру жоспарланған. 16 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Аймақта бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Өңірде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы арқылы 33 нысан бой көтереді деп жоспарланған. Оның ішінде балабақшалар, мектептер, спорт нысандары, тарихи-мәдени кешендер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және транспорт нысандары бар. Сонымен қатар, 88 білім мекемесіне, 40 мәдени нысанға және 14 спорт ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың 37 елді мекенінде сумен қамту жүйесі жаңартылып, транспорттық инфрақұрылымда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы алғанда, 458 әлеуметтік-мәдени, инженерлі-транспорттық инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс орталығында 421 аула жаңартылып, 344 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбеті мен шатыры жөнделеді.
Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру бағытында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы іске қосылып, ол бойынша инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және елді мекендерді абаттандыру жүзеге асырылуда. Қарағанды облысы бойынша "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында аймақтағы жолдар жөнделіп, су және жылу жүйлері жаңартылады, әлеуметтік нысандар қалпына келтіріледі. Жалпы биыл 627 жоба жүзеге асырылмақ, - дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Бағдарлама аясында құрылыс саласына жұмысқа тұрған азаматтарға жақсы жалақы төленіп, әлеуметтік кепілдік беріледі. Жұмысқа орналастыру кезінде басымдылық жұмыссыз жастарға беріледі. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға тіркелген жұмыссыздар жіберіледі.
Жұмысқа 16 мыңнан астам адам тартылды. Оның ішінде 8 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекке араласты. Жұмысқа тартылған азаматтардың әрқайсысына ай сайын 85 мың теңге жалақы төленеді. Сонымен қатар, басқа елді мекендерден келген жұмысшыларға ең төменгі екі айлық жалақы көлемінде жәрдемақы қарастырылған, - дейді Жүніспекова.
Басқарма басшысының айтуынша, тұрғындардың жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасына белсенді араласуы үшін ауыл-аймақта көшпелі жұмыспен қамту пункттері құрылған. Жұмыс орны жетіспеушілігі деген болмайды, құрылыс алаңдарында жұмыс орны жеткілікті. Жаңа нысандардың бой көтеруімен қатар, әлеуметтік-мәдени нысандардағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмыссыз азаматтар тартылуда.
Аталған бағдарлама апатты мектептер мәселесін 100 пайызға жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымша білім беретін және спорттық нысандар салынады. Бағдарлама аясында бірқатар медицина мекемесі бой көтереді. Облыстың көптеген ауданы мен ауылында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы алғанда, жол картасы бағдарламасы өңірдің 140 елді мекенін қамтитын болады, - дейді басқарма басшысы.
Өңірдің барлық аймағын қамтитын бағдарлама аясында Жаңаарқа ауданы мен Жезқазған қаласында екі жаңа мектеп бой көтерсе, Сәтбаев қаласында балабақша мен оқушылар сарайы салынады. Жезқазғанда тарихи-мәдени кешен салу жоспарланса, облыс орталығында 50 метрлік бассейн салынады. Сонымен қатар, Қарағанды, Жезқазған, Саран, Шахтинск қалаларында және Ұлытау, Нұра, Жаңаарқа аудандарында сегіз спорт нысаны салынады. Медицина саласында да оң өзгерістер жеткілікті. Қарағандыдағы Онкология орталығының операция бөлімі кеңейтіледі. Екі бірдей жедел жәрдем станциясы салынады. Абай ауданындағы аурухана күрделі жөндеуден өтеді. Қарқаралы, Бұқар-Жырау, Жаңаарқа, Нұра, Осакаровка аудандарында, Саран қаласында, Қарабас елді мекенінде су құбырлары жаңартылады. Сәтбаев пен Ұлытауда кәріз жүйесі жөнделеді. Балқаш, Қарағанды, Саран, Топар мен Шахтинскте жылу жүйесіне жаңа құбырлар салынады. Сондай-ақ, Шахтинскте электр желісі де жаңартылмақ.