Жұмыспен қамтудың жол картасы өз жалғасын табады – Қасымбек

14 Қаңтар 2021, 13:26
1174
Бөлісу:
Жұмыспен қамтудың жол картасы өз жалғасын табады – Қасымбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 1 жылдың ішінде барлығы 624 жоба іске асырылды. 30 ғимараттың құрылысы жүргізілді. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет, ТКШ және көлік нысандары бар. 

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. 
Өткен жылдың ең бір тиімді бағдарламаларының бірі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жұмыссыз қалған азаматтарға жәрдем көрсетуге арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы болды. Оны жүзеге асырудың арқасында біз 16 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастырдық. Бұған қоса, 140 елді-мекенде маңызы жоғары инфрақұрылымдық объектілерді салу және жөндеу мәселелері өз шешімін тапты. Сонымен қатар 458 жобаны қамтыған әртүрлі жөндеу жұмыстары мен 136 жобаны құрайтын елді мекендерді абаттандыру шаралары жүзеге асырылды, - деп жазды әкім.

ЖҚЖК арқасында 76,8 км сумен жабдықтау және су бұру желілері жөнделді. Осының нәтижесінде 36 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. 

4 ауыл алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылды. Қарағанды қаласының Кеңдала шағын ауданының тұрғындары сапалы жылумен қамтамасыз етілді. 80 елді мекеннің жергілікті жолдарының өткізу қабілеті артты. 446 аула аумағы жайластырылып, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған қалаларындағы 501 көпқабатты үйдің келбеті айтарлықтай жақсарды. Бұл ретте құрылыс материалдары мен жабдықтардың 90% - дан астамы отандық тауар өндірушілерден сатып алынғаны қуантады, - деп жазды Қасымбек.

Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтауға айтарлықтай әсер етті деді ол. 

Сондай-ақ құрылыс пен жөндеу жұмыстарына тартылған 575 бизнес объектісінде жұмыс орындарын   қамтамасыз етті. Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы өз жалғасын табатын болады. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын және ұзақ мерзімді экономикалық активтерді құруға назар аударылады. Қазірдің өзінде 19 ірі жоба іріктеліп алынды. Олардың ішінде онкодиспансердің операциялық блогы мен екі жедел жәрдем қызметінің қосалқы станциясын салу және көптен күткен облыстық балалар ауруханасының құрылысын аяқтау бойынша жобалар  бар. Сондай-ақ Қарағандыда салынатын жаңа мектеп апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін толығымен шешеді. Бұған қоса, 6 спорт нысаны салынады. ЖҚЖК есебінен Балқаш, Саран, Шахтинск қалаларын жылумен жабдықтау мәселелері шешіледі. Сондай-ақ биыл алғаш рет ЖҚЖК аясында несие беру қарастырылған. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін нысандарды пайдалану кезеңінде 800-ден астам адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады. Көптеген жүйелік мәселе биылғы жылы шешілетін болады. Бірде-бір қала немесе ауыл назардан тыс қалмайды. Ол үшін ЖҚЖК-дан басқа, түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен облыстық бюджеттен тиісті қаражаттар қарастырылған, - деп жазды облыс әкімі. 

Өзгелердің жаңалығы