Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, ЕАЭО-да жалпы заңнаманы үндестіру және дербес деректер бойынша нақты жұмыс жүргізу маңызды.
Еуразиялық экономикалық одақта бейінді ведомстволардың басшылары деңгейінде цифрлық трансформация мәселелері жөніндегі жұмыс тобы құрылуы мүмкін. Бірінші кезекте жұмыс тобы деректер айналымы саласындағы реттеушімен айналысады. Осындай бастамамен Еуразиялық экономикалық комиссияның Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі алқа мүшесі (министр) Гегам Варданян «Digital Almaty 2021» цифрлық форумы аясында өткен «ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі Стратегиясындағы цифрлық күн тәртібі» панельдік сессиясы барысында баяндама жасады.
Еуразиялық экономикалық одақта 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы мақұлданды, онда одақтың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін қажетті негізгі шаралар мен тетіктер көрсетілген. Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының бірі - одақтың цифрлық кеңістігін, цифрлық инфрақұрылымдар мен экожүйелерді қалыптастыру болып отыр. Одақта деректер айналымы туралы халықаралық шартты пысықтау мәселесі цифрлық күн тәртібінде маңызды орын алады. Бүгінде технологиялар жылдам енгізілуде, ал реттеуші бөлік кенже қалуда. ЕАЭО-дағы ауқымды жобаларды дамыту үшін ең тар орындардың бірі – деректер айналымы мәселесі, - деді Варданян.
ЕЭК министрінің пікірінше, деректерді бөлудің нақты тәсілдерін айқындау қажет, яғни, интеграциялық процестер шеңберінде қандай пікір алмасу орынды, қандай ақпаратты тек мүше мемлекет тарапынан ғана сақтау керек деген сияқты тәсілдер анықталуы тиіс. Сондай-ақ, ол деректермен алмасу мақсатында ақпарат түрлерінің тізімін кеңейтуге көмектесетін деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін (мысалы, иесіздендіру) әзірлеу керек деген пікірде.
Дөңгелек үстелге қатысушылар бастаманы қолдап, Еуразиялық экономикалық одақ аясында деректермен алмасу саласындағы ынтымақтастыққа мүдделілігін атап өтті.
Армения Республикасының жоғары технологиялық өнеркәсіп министрі Акоп Аршакян Арменияда бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Мәселен, Армения Республикасында дербес деректерді қорғау туралы заң жұмыс істейді, сондай-ақ, Әділет министрлігінің дербес деректерді қорғау агенттігі құрылды. Біз үшін ЕАЭО шеңберінде деректермен алмасуды ұйымдастыру туралы мәселе өзекті міндет саналады және біз өз тарапымыздан оны шешу жолдарын жұмыс деңгейінде талқылауға дайынбыз, - деді ол.
Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрі Константин Шульган деректермен алмасудың артып келе жатқан рөлін және ЕАЭО елдеріндегі пікірсайыс және проблемалық мәселелер бойынша тәсілдердің ұқсастығын атап өтті.
Одақ аясында біз мәліметтер алмасу туралы жалпы заңнамалық актіні талқылай аламыз. ЕАЭО шеңберінде өзара іс-қимыл жасау үшін көптеген мүмкіндік бар. Жұмыс тобын құруға келетін болсақ, ол жедел қарауды қажет ететін мәселелерді тиімді шешетін құралға айналуы мүмкін, - деп атап өтті Шульган.
Қырғыз Республикасының Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитеті жанындағы «Тундук» электрондық өзара іс-қимыл орталығы» мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Азамат Буржуевтің айтуынша, жедел цифрландыру жағдайында жеке деректер үлкен коммерциялық құндылыққа ие. Бірақ шешілмеген мәселелер бар, оларды шешу маңызды. Сонымен қатар, ірі трансшекаралық компаниялар ақпараттың үлкен көлемін жинақтайды.
Біз азаматтарымызды қалай қорғауға және цифрлық егемендікті қамтамасыз ету туралы ойлануымыз керек. Бір Қырғызстан ауқымында ғана мұны шешу қиын. Ал ЕАЭО ауқымында ірі корпорациялармен сөйлесу оңай болар еді, - деп мәлімдеді Азамат Буржуев.
Сессия қатысушылары дербес деректер саласындағы міндеттемелер бойынша халықаралық провайдерлермен келіссөздер үшін альянс құру мүмкіндігін қозғады. ЕАЭО ішіндегі дербес деректер айналымы үлкен нарықты туындатуы мүмкін. Бірінші кезекте, бұл иесіздендірілген деректер және олардың базасындағы әлдебір аналитика, деп есептейді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.
Біз иесіздендірілген дербес деректермен алмасу бойынша ынтымақтастыққа дайынбыз. Жеке емес ақпаратқа келетін болсақ, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үшінші тұлғаларға азаматтардың өздерінің рұқсатымен ғана беруге болады. Бізде нақты тәсіл бар – дербес деректер Қазақстан аумағында сақталуы тиіс. Біз мемлекетаралық ақпараттық алмасуға ЕАЭО-ның ортақ процестері аясында дайынбыз, - деді Асхат Оразбек.
Оның пікірінше, ЕАЭО-да жалпы заңнаманы үндестіру және дербес деректер бойынша нақты жұмыс жүргізу маңызды.
Біз нарықтың қандай да бір бөлігіне әсер етпеуіміз керек. Бірақ ірі интернет-провайдерлердің мәселесі бар. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде альянс құруды, ЕАЭО аумағында азаматтарымыздың дербес деректерін орналастыру бөлігінде оларды ынтымақтастыққа шақыруға мүмкіндік беретін белгілі бір келісімге келуді ұсынамын. Қазақстан да, Қырғызстан да, Армения да, Беларусь те бұл мәселені жеке-жеке шеше алмайды. Бірақ, менің ойымша, бұл біздің қолымыздан келеді, - деп түйіндеді Асхат Оразбек.
Гегам Варданянның пікірінше, интеграциялық бірлестікті ынталандырудың бірі деректер айналымы туралы келісім, сондай-ақ реттеуші ертінде «құмсалғыштарды» пайдалану сияқты тетіктер болуы мүмкін.
ЕАЭО-да деректердің трансшекаралық айналымын реттеу туралы Келісімді қабылдау ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша дамудың, «деректер экономикасын» дамытудың және цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асырудың негізі ретінде деректер айналымының ортақ нарығын құруға мүмкіндік береді. Келісім деректер айналымына қатысушылардың құқықтарын қорғаудың жалпы тетіктерін құруға мүмкіндік береді. Біз келісілген талаптарды әзірлеуді ұсынамыз, - деп түйіндеді ЕЭК министрі.