«Жұмыс істейміз, қолға аламыз...» деген сылтаулар қабылданбайды – әкім

15 Маусым 2022, 10:05
1598
Бөлісу:
«Жұмыс істейміз, қолға аламыз...» деген сылтаулар қабылданбайды – әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықпен кері байланысты нығайту,  жұмыспен қамту, «Мейірім» жобасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар мәселе қаралды.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков әлеуметтік желіде көтерілген өзекті мәселелер туралы хабарласа, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы мемлекеттік органдардың ресми сайттарының ақпарат-жаңалықтармен қамтылу деңгейіне жасалған талдау қорытындысын баяндады. Жамбыл облыстық «Бірыңғай диспетчерлік қызметінің» басшысы Бақкелді Тұрсынбек тұрғындардың өтініштеріне жауап беру барысы туралы айтты.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов көтерілген әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – қоғам мен билік арасындағы диалогтың, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негізі. Әр апта сайын біз мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту мәселелерін қарастырудамыз. Бірақ әлі күнге дейін жұмысты жүйелей алмай отырған аудандар мен басқармалар бар. «Жұмыс істейміз, қолға аламыз...» деген сылтаулар қабылданбайды. Құрғақ уәдемен емес, іспен көрсетіңіздер, - деді облыс әкімі.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы жоспар, өзекті мәселелерге жан-жақты тоқалды. Оның айтуынша, биыл кәсіпкерлікті дамытудың 2025 жылға дейінгі Ұлттық жобасы аясында халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында 7,5 млрд. теңге бөлінген. Ақылы қоғамдық жұмыстарға Ұлттық қордан 2,6 млрд.теңге қаралуда.

Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 15741 адам қамтылды. Жыл соңына дейін 49500 жамбылдық қамтылатын болады. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 7438 отбасына (38 871 адам) АӘК тағайындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда АӘК алушылар саны 23,2 пайызға азайған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасының цифрлық картасын» құру жұмыстары жүзеге асуда. Бұл жоба балалары бар табысы жоқ, көп балалы отбасы, мүгедек, асыраушысынан айырылған тағы басқа санаттағы адамдардың деректерін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар алмау себептерін анықтау бойынша қайта тексеруді жүзеге асыру, олардың деректерін осы жүйеге енгізуді көздейді.

Нұржан Нұржігітов  тиісті салалық басқарма мен бірқатар аудан әкімдіктерінің осы саладағы жұмыстарын сынға алды.

Басқарманың нақты жоспары жоқ. Әрбір бағыт бойынша нақты іс-қимыл жоспары әзірленуі тиіс. Ал ол үшін ағымдағы жағдайға терең талдау жүргізу қажет. Аудан, ауыл әкімдіктерінің де бұған барынша атсалысуы маңызды. Ешкімде нақты ақпарат жоқ. Кімнен сұрасаң да, «Жұмыс істейміз, шара қабылдаймыз», деген бір ғана жауапты аламыз. Халықты нәтижелі жұмыспен қамту – біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деді Нұржан Нұржігітов.

Аймақ басшысы тиісті басқармаға Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау мақсатындағы «Мейірім» жобасының орындалу барысы да талқыланды. Жоба аясында барлығы 1334 бала қамтылды. Олардың есепшотына 36 миллион теңгеден астам қаржы аударылған.

Өзгелердің жаңалығы