Қазақстанда жұмыс беруші еңбек шартындағы белгілі бір талаптарды өзгерте алады. Алайда бұл әрекет заңмен нақты реттеледі және жұмыскердің құқығын бұзбауға тиіс. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік инспекция комитетінің бас сарапшысы Данияр Балтабай түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек жағдайына не жатады?
Сарапшының айтуынша, еңбек жағдайлары ұғымына мынадай негізгі элементтер кіреді:
- жалақы және оны төлеу жүйесі;
- жұмыс уақыты мен демалыс режимі;
- лауазымдық міндеттер мен кәсіпті қоса атқару тәртібі;
- уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау шарттары;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау шаралары;
- тараптардың келісімімен бекітілген өзге де жағдайлар.
Қандай жағдайда өзгеріс енгізуге болады?
Еңбек жағдайларын өзгертуге тек экономикалық, технологиялық немесе ұйымдастырушылық себептермен, сондай-ақ кәсіпорынның құрылымдық өзгерістері негізінде ғана жол беріледі.
Мысалы:
- өндіріс көлемінің қысқаруы;
- жаңа технологиялардың енгізілуі;
- қайта құрылымдау шаралары.
Мұндай жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын қайта қарауға және оны өзгертуге құқылы. Бұл ретте жұмыскер өз мамандығы немесе біліктілігіне сәйкес келетін жұмысын жалғастыруы керек.
Кез келген өзгеріс қосымша келісімшарт түрінде рәсімделеді. Бұл — жұмыс беруші мен жұмыскер арасында жасалатын ресми құжат, – дейді Данияр Балтабай.
Жұмыскерге қашан хабар берілуі тиіс?
Еңбек кодексінің талабына сәйкес, еңбек шартындағы өзгерістер туралы жұмыскерге кемінде 15 күн бұрын ескерту қажет.