Жұманғарин қытайлық GENERTEC компаниялар тобына Қазақстанға инвестиция құюды ұсынды

20 Тамыз 2023, 11:21
586
Бөлісу:
Жұманғарин қытайлық GENERTEC компаниялар тобына Қазақстанға инвестиция құюды ұсынды
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Қытайға жұмыс сапары елдің GENERTEC мемлекеттік компаниялар тобының басшылығымен кездесумен аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Холдинг консалтинг, медицина және денсаулық сақтау, сауда-саттық және инжиниринг салаларындағы озық өндірістік және технологиялық қызметтерді дамытуға маманданған, қоржынында 515 патенті бар.

Үш негізгі бағыт – жабдықтар мен материалдарды өндіру, сынақтарды тексеру мен сертификаттау. Холдинг құрамына кәсіпорындар мен ғылыми-зерттеу институттары, ұлттық кешенді сынақ институттары және Қытайдың машина жасау, тоқыма өнеркәсібі салаларындағы ҒЗИ кіреді. Топқа ҚХР аумағындағы 25 операциялық кәсіпорын және әлем бойынша 70 шетелік филиал кіреді, сондай-ақ биржада тіркелген төрт компанияға иелік етеді.

Қазақстанда 2018 жылы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС мен «China National Machinery IMP. & EXP. CORP» (GENERTEC-тің еншілес компаниясы) «СарыарқаАвтоПром» компаниясының капиталына кіру үшін $1,1 млрд-қа инвестициялық келісімге қол қойды.

Серік Жұманғарин GENERTEC басқарма төрағасы Юй Сюйбомен кездесу кезінде Қазақстанда инвестиция салаларын кеңейтуді ұсынды.

Бізде фармацевтика бойынша үлкен бағдарлама бар. Біздің міндетіміз – халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ғана емес, ұлттық дәрілік тәуелсіздік құру. Біз Қазақстанның осы нарықтарына шығудың екі нұсқасын қарастыруды ұсынамыз. Біріншісі – фармацевтикалық өндірушілердің капиталына кіру немесе жаңа компания құрып, зауыт салу. Біз өте жақсы шарттар, мемлекет тарапынан кепілдендірілген сатып алу ұсына аламыз. Бұл нарықта инвестиция құюға жақсы жағдай жасалған. Екіншісі – «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында 11 облыста жоспарланған ірі медициналық кешендердің құрылысына қатысу,деді вице-премьер.

Юй Сюбо GENERTEC компаниялар тобы құрамында матаға арналған технологияларды өндірумен айналысатын бөлімше бар екенін атап өтті. Бұған жауап ретінде Серік Жұманғарин өзбек әріптестерімен бірге Түркістан облысында тоқыма кластері құрылғаны туралы айтып берді.

Біз күш біріктіріп, тоқыма кластерін құра аламыз. Бізде мақта бар, алайда оны толығымен қайта өңдей алмаймыз. Біздің қайта өңдейтін көлем өндіріс көлемінің тек 10%-ын құрайды, — деді С. Жұманғарин.

Өзгелердің жаңалығы