Жұманғарин 207 мың бизнестің жабылуына қатысты пікір білдірді

Вице-премьердің айтуынша, төрт айда Қазақстан экономикасы 3,6 пайызға өскен.

Бүгiн 2026, 11:09
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 11:09
Бүгiн 2026, 11:09
230
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы 207 мың шағын және орта бизнес субъектісінің жабылуына қатысты пікір білдіріп, ел экономикасындағы қазіргі өсім көрсеткіштеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3,6 пайызға өскен. Оның сөзінше, бұл көрсеткіш мұнай өндірісінің төмендеуіне қарамастан тіркеліп отыр.

Төрт айдың қорытындысы бойынша біз экономика өсімі 3,6 пайыз болғанын жарияладық. Оның өзінде осы төрт айда біз шамамен 5 миллион тонна мұнай өндірмедік. Елестетіп көріңіздерші, егер қосымша тағы 5 миллион тонна мұнай экономикаға қосылғанда өсім бұдан да жоғары болар еді, – деді Жұманғарин.

Вице-премьер қазіргі таңда Қазақстан экономикасы шикізат секторынан тыс бағыттар арқылы да өсім көрсетіп жатқанын айтты.

Қазақстан экономикасы қазір шикізатқа тәуелді болмай-ақ өсе алатынын көрсетіп отыр. Яғни, шикізаттық емес сектор тұрақты түрде өсуде, – деді министр.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда экономиканың негізгі драйверлері ретінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салалары қалыптасып келеді.

Мен қазір қай салалар экономиканың драйвері болып отырғанын айтайын. Өңдеу өнеркәсібі шамамен 10 пайызға өсіп жатыр. Ай сайын өсім бар. Сонымен қатар құрылыс пен сауда саласы да қарқынды дамып келеді, – деді Серік Жұманғарин.

Еске салсақ, Ұлттық экономика министрі салық реформасы нәтижесінде 207 мың кәсіпкер жұмысын тоқтатқанын айтқан еді.

Наверх