Жүктілік және ревматологиялық аурулар: пациент нені білуі керек?

7 Сәуір 2025, 14:09
429
Бөлісу:
Жүктілік және ревматологиялық аурулар: пациент нені білуі керек?
Фото: pixabay.com

Ревматологиялық аурулары бар әйелдер үшін жүктілік кезеңі ерекше бақылауды қажет етеді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты №2 терапия бөлімшесінің меңгерушісі, ревматолог дәрігер Майса Қалықовамен сұхбаттасқан еді.

Жүктілік және ревматологиялық аурулар: пациент нені білуі керек?
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Жүктілік кезінде әйел ағзасында қандай өзгерістер болатыны туралы айтып өтсеңіз. Бұл ревматологиялық ауруларға қалай әсер етуі мүмкін?

– Жүктілік – әйел өміріндегі ең маңызды әрі нәзік кезеңдердің бірі. Бұл кезде әйел ағзасында үлкен гормоналды және иммундық өзгерістер жүреді. Иммундық жүйе ұрықты бөтен ағза ретінде қабылдамай, оны сақтап қалу үшін белгілі бір деңгейде "басылып" тұрады. Бұл жағдай кейбір ревматологиялық, яғни аутоиммунды аурулардың ағымына әсер етеді. Кей аурулар жеңілдеуі мүмкін, ал кейбірі, керісінше, асқынып кетуі ықтимал. Сондықтан бұл жағдай дәрігерлердің – акушер-гинеколог пен ревматологтың – ұдайы бақылауын талап етеді.

– Жалпы, ревматологиялық аурулар дегеніміз не? Қандай түрлері жиі кездеседі?

– Ревматологиялық аурулар – бұл иммундық жүйе адамның өз тіндеріне, көбінесе буындарға, теріге, бүйрекке немесе басқа да ағзаларға "шабуыл" жасайтын дерттер. Ең жиі кездесетіндері – жүйелі қызыл жегі (СКВ), ревматоидты артрит, анкилозды спондилит, псориазды артрит, антифосфолипидтік синдром, Шегрен синдромы сияқты аурулар. Олардың әрқайсысы ағзаға әртүрлі әсер етеді және жүктілікпен бірге олардың ағымы да өзгеріп отыруы мүмкін.

– Осындай диагнозы бар әйелдерге ана болу мүмкін бе?

– Иә, мүмкін. Бірақ бұл жерде ең бастысы – жүктілікті дұрыс жоспарлау. Егер ауру ремиссияда болса, яғни белгілері бәсеңдеген кезеңде болса, ана болуға кедергі жоқ. Сонымен қатар қауіпсіз дәрі-дәрмектерді таңдау және жүктілікті дәрігердің бақылауымен жүргізу – табысты жүктіліктің кепілі.

– Ал ревматологиялық аурулар жүктіліктің өзіне қалай әсер етеді?

– Бұл нақты қандай ауру екеніне байланысты. Мысалы, жүйелі қызыл жегі немесе антифосфолипидтік синдром сияқты дерттер жүкті әйел үшін жоғары қауіп тудырады. Олар қысымның жоғарылауына, ұрықтың дамуының тежелуіне немесе мерзімінен бұрын босануға себеп болуы мүмкін. Ал ревматоидты артрит көбіне жүктілік кезінде жеңілдейді, бірақ босанғаннан кейін қайта асқынуы мүмкін. Антифосфолипидтік синдром түсік тастау мен тромбоз қаупін арттырады. Бірақ бұл жағдайлардың барлығы дұрыс ем мен алдын алу шараларын қолданғанда жақсы бақылауда болады.

– Мұндай жағдайда жүктілікке дейін қандай дайындық қажет?

– Бірнеше маңызды қадамдар бар. Біріншіден, ревматологпен кеңесу керек. Қай кезде жүкті болуға болатынын, ағзаның дайын екенін анықтау қажет. Екіншіден, барлық қажетті тексерулерден өтіп, талдаулар тапсыру керек. Үшіншіден, ауру кем дегенде 6 ай бойы ремиссияда болуы тиіс. Сонымен қатар, жүктілік кезінде қолдануға болатын қауіпсіз емдеу тәсілдері таңдалып, болашақ ананың жағдайына үнемі мониторинг жүргізілуі керек. Егер әйел бұрыннан тератогенді (ұрыққа зиян келтіруі мүмкін) дәрілер қабылдап жүрген болса, оларды қауіпсіз баламаларға ауыстыру қажет.

– Жүктілік кезінде қандай бақылаулар жүргізілуі тиіс?

– Гинеколог пен ревматологқа үнемі барып тұру – міндетті. Қан талдауы, зәр талдауы, ультрадыбыстық зерттеулер – бәрі жоспардан тыс жиі жасалуы мүмкін. Егер әйелде бүйрекке зақым келу қаупі болса немесе қан ұюға бейімділік болса, бұл жағдайларға ерекше мән беріледі. Кей жағдайларда алдын алу мақсатында төмен дозада аспирин немесе гепарин қабылдау тағайындалады. Бұл – тромбоздың алдын алуға көмектеседі.

– Босану процесі қалай өтеді? Қандай қауіптер болуы мүмкін?

– Босану тәсілі – табиғи жолмен бе, әлде кесар тілігі арқылы ма – әйелдің жағдайына байланысты шешіледі. Кейбір ауыр жағдайларда босануды ерте шақыру қажет болуы мүмкін. Сондықтан акушер-гинеколог, ревматолог, қажет болған жағдайда анестезиолог пен басқа да мамандар бірігіп, әрбір әйелге жекелей тәсіл қолдануы тиіс. Бірлескен жұмыс – ананың да, баланың да өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

– Әйелдерге қандай кеңес айтар едіңіз?

– Ең бастысы – ешқашан өз бетіңізбен емделуге немесе дәрі-дәрмек қабылдауды тоқтатуға болмайды. Жүктілікті жоспарлау – ревматологиялық аурумен өмір сүретін әйел үшін үлкен қадам. Бұл қадамға дайындықпен барсаңыз, ана болу мүмкіндігі толықтай бар. Бастысы – мамандармен бірге дұрыс әрі қауіпсіз жолды таңдау.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы