Жүкті әйелдерге вакцина салу мәселесі қарастырылып жатыр

28 Маусым 2021, 18:31
2261
Бөлісу:
Жүкті әйелдерге вакцина салу мәселесі қарастырылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда жүкті әйелдерге вакцина салуға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінен бұйрық келмеген.

Ресейде жүкті әйелдерге вакцина салуға рұқсат берілгені айтылуда. Бірақ біздің Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдерге вакцина салуға әлі рұқсат берген жоқ. Бұл мәселе әлі зерттеліп жатыр, - деді ведомство басшысы.

Алматы қаласындағы жағдайға тоқталсақ, бір тәулік ішінде 6 203 адам вакцина салдырған. Ал жыл басынан бері 500 мыңға жуық адам екпе алып үлгеріпті. Оңтүстік астанадағы медициналық мекемелер, мектептер, мәдениет, спорт нысандары, базарлар мен ойын-сауда орталықтарында 208 вакцинация бекеті жұмыс істеуде. Жалпы 307 вакцинация бригадасына 1 256 медицина қызметкерлері жұмылдырылған.

Ал қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындарды жауапкершілікпен қарауға шақырды. 

Оның айтуынша, бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу мен вакцина алу сынды санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды көрінеді. Санитарлық ережелерді сақтау – індетті жұқтырмаудың бірден-бір жолы деп отыр ол.

Өзгелердің жаңалығы