Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам әйелдер босанады, жүкті әйелдердің 99 пайызы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында болды. Туа біткен кемістіктерді анықтау үшін жүкті әйелдерді скринингпен қамту 10 пайызға өсті. Өткен жылы перинаталдық көмекті жүйелі үйлестіре отырып, клиникалық хаттамаларды жетілдіру, жүкті әйелдерді емдеуге жатқызуды нақты бағыттау, дер кезінде телемедициналық консультациялар және санавиациялық ұшуларды ұйымдастыра арқылы өте ауыр жағдайдағы 1000-нан астам әйелдің өмірі сақтап қалынды, - деді Ажар Ғиният.
Министр былтыр медициналық көмекті ұйымдастыруды жақсарту нәтижесінде ана өлім-жітімінің 100 мың тірі туғанға шаққанда 2,6 есеге төмендеуіне қол жеткізілгенін атап өтті.
Ол бедеу неке - медициналық-әлеуметтік проблема. Мұны шешу елдегі демографиялық жағдайды арттырып, әртүрлі себептерге байланысты сәби сүю мүмкіндігінен айырылған әйелдердің өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Министрлік «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда, нәтижесінде 14 000 әйелге экстракорпоралдық ұрықтандыру қызметтері ұсынылды. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде 6 000-нан астам әйел жүкті болып, 2 800 отбасында көптен күткен 3 200 бала дүниеге келді. Қазіргі уақытта 3 мыңға жуық жүкті әйел нәрестені дүниеге әкеледі деп күтілуде. Жыл сайын «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында 7 мың квота бөлу көзделген, - деді ведомства басшысы.