Теміржолды кесіп өтпек болған ер адамды жүк пойызы басып кетті

10 Қаңтар 2020, 20:09
4811
Бөлісу:
Теміржолды кесіп өтпек болған ер адамды жүк пойызы басып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ер адам Шортанды станциясында алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көлік полицейлері өткен жылы теміржолды белгіленбеген орындардан кесіп өткені үшін 25 мыңнан аса азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. 

Жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін Көліктегі полиция департаментінің және оның желілік бөліністерінің қызметкерлері теміржолдарда орын алатын жарақаттардың алдын алу үшін профилактикалық іс-шаралар ұдайы өткізіп тұрады.

Алайда, жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан, теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздік ережелерін бұзулар әлі де жалғасуда.

Мәселен, 7 қаңтарда Шортанды стансасында жүк пойызы теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған ер адамды басып кетті. Алған жарақат салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Қазір осы факті бойынша ҚР ҚК 344-бабы 2-бөлігі, яғни, қозғалыс қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережесін бұзу салдарынан абайсызда кісі өліміне әкеп соқтыру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - делінген хабарламада.
Ж. Байкеновтың айтуынша өткен жылы теміржол төсемін белгіленбеген орындардан кесіп өткен 25 293 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, поездарды шұғыл тежеудің 2505 фактісі тіркелді, оның ішінде адамдардың болу салдарынан - 650, малдардың болуына байланысты - 1667. Бұған қоса, темір жол үстіне бөгде заттар қойып кетудің 188 фактісі тіркелген.

Көлік полицейлері ересектерге, әсіресе, балаларға темір жол көліктерінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, темір жолдардан өткенде тек қана арнайы белгіленген орындардан, яғни, жаяу жүргіншілер өткелдері, көпірлер және темір жол өткелдері арқылы ғана өту қажеттігін тағы да ескертеді.

Кәмелетке толмағандардың темір жол инфрақұрылымдық нысандарында ересектердің қадағалауынсыз болуына жол берілмейді.

Полиция қызметкерлері ата-аналардан отбасында балалармен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды темір жолда қараусыз қалдырмауларын сұрайды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары, тиісті заңнамаларға сәйкес темір жол ережелерін бұзғаны үшін азаматтардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатындықтарын ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы