ЖСДП зейнет жасын төмендету туралы бастамасын «Бостандық марафонында» таныстырды

Елордада өткен іс-шараға партия кандидаттары, еріктілер мен белсенді зейнеткерлер қатысты.

 Партияның баспасөз қызметі 25 Шілде 2026, 16:18
25 Шілде 2026, 16:18
96
Фото: Партияның баспасөз қызметі

Астанадағы Триатлон саябағында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) ұйымдастыруымен «Бостандық марафоны» өтті. Іс-шараға ЖСДП-дан ҚР Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Мақсұт Насибулов, Ажар Сағандықова, Нұрлан Әуесбаев, Нұрлан Жабаев, Наурыз Сайлаубай, партия белсенділері, жастар қанатының мүшелері, еріктілер және белсенді зейнеткерлер қатысты.

Қатысушылар скандинавиялық жүріспен белгіленген қашықтықты жүріп өтіп, ұрпақтар сабақтастығы мен ынтымақты дәріптеді. Марафон барысында партияның «Прогресс жолындағы 20 белес!» сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастамалардың бірі – зейнет жасын кезең-кезеңімен төмендету мәселесі көтерілді.

ЖСДП әйелдердің зейнетке шығу жасын 58, ал ерлердің жасын 60 жас деп белгілеуді ұсынады. Осыған орай қатысушылар аталған жас көрсеткіштері жазылған арнайы жейделермен марафонға қатысты. Сонымен қатар партияның сайлау бюллетеніндегі реттік саны – 2 екені де шараның символдарының бірі ретінде көрсетілді.

Партия бағдарламасында зейнет жасын төмендетумен қатар, зейнетақы жүйесін реформалау, зейнетақы төлемдерін «Қазақстандық өмір сүру сапасының стандартына» сәйкестендіру және әрбір зейнеткерге лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету ұсынылған.

Марафонның ашылуында сөз сөйлеген Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Әуесбаев үлкенге құрмет көрсету қоғамның басты құндылықтарының бірі екенін айтты.

Бүгін біз белсенді зейнеткерлермен бірге жүріп өттік. Бұл жай ғана спорттық шара емес, қоғамды жасқа бөліп қарамаудың белгісі. ЖСДП ұсынып отырған зейнет жасын төмендету тарихи әрі әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған бастама деп есептеймін, – деді Нұрлан Әуесбаев.

Партия қарттыққа байланысты жасырын салықтарды алып тастап, зейнетақыны жедел индекстеуді де қолдайтынын мәлімдеді. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

Жиын соңында қатысушылар партия рәміздері аясында естелік суретке түсіп, бұл бастама ел өңірлерінде жалғасатыны айтылды.

Наверх