Жоюға тапсырылған ескі көліктер саны 200 мыңнан асты

19 Тамыз 2021, 10:01
6364
Бөлісу:
Жоюға тапсырылған ескі көліктер саны 200 мыңнан асты

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандықтар ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасы басталған күннен бастап бүгінге дейін 200 104 ескі көлікті жоюға тапсырды. Бұл туралы «ӨКМ Операторы» баспасөз қызметі хабарлады.

 

  2021 жылдың сегіз айының нәтижесі бойынша 25 958 жеңіл автокөлік және 9 219 жолаушы және жүк көліктері тапсырылған.

Жеңілдік сертификаты бағдарламасы бойынша 2 315 ауылшаруашылық техникасы қабылданған. Оның ішінде 1 830 трактор және 485 комбайн тапсырылып отыр. Қазақстан бойынша ескі көлікті өткізуде Шымкент қаласы көш бастап тұр. Аталған шаһар тұрғындары 38 496 көлік өткізген. Одан кейінгі орында Алматы, Тараз, Қарағанды, Павлодар қалалары жайғасқан.

Бағдарлама жүзеге асырылып келе жатқан уақыттан бері 54 700 жеңілдік сертификаты Қазақстанда құрастырылған 29 200 көлікті сатып алуға пайдалынылған.

Ескі көлігін жоюға тапсырған қазақстандықтарға берілген өтемақы көлемі 28 млрд теңгені құрап отыр.

Айта кету керек ескі көлікті жоюға қабылдау бағдарламасы 2016 жылдың қараша айынан бастап іске қосылған болатын. Бағдарлама сұранысына қарай көлік қабылдау тәртібі электронды жүйеге ауыстырылды. Мұның барлығы халыққа қолайлы түрде ӨКМ Операторының recycle.kz ресми сайтында жүргізіліп отыр. Сонымен қоса автокөліктерге берілетін ақшалай өтемақы мөлшері ұлғайтылып, айлық есептік көрсеткішке байланысты теңістірілді. Жеңіл көліктер үшін 210 мың (72 АЕК) , М2 және N1 санатындағы көліктерге 420 мың (144 АЕК) және М3 санаттағы техникаларға 630 мың (216 АЕК) теңгеге дейін өтемақы белгіленді.

Сонымен қатар өткен жылдың қараша айынан бастап ӨКМ Операторы істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға қабылдау бағдарламасын іске қосты. Тапсырылған ескі комбайндар мен тракторлар орнына жеңілдік сертификаттары берілді. Жеңілдік сертификатының номиналы ауыл шаруашылығы техникасының түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланды.



 

Өзгелердің жаңалығы