Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет

17 Мамыр 2024, 15:25
606
Бөлісу:
Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет
Фото: автордан

Ұлттық саябақта мыңға тарта өсімдік түрі бар. Оларға толықтай зерттеу жұмысы жүргізілмеген. Орманның әлі де ашылмаған жұмбағы көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сиверс алма ағашы жер таңдайды

Әйгілі сиверс алма ағашы сонау ғасырдан келе жатқанымен адамдардың күтіміне мұқтаж. Жыл сайын мыңдаған көшет отырғызылады. Мамандар күзде арнайы жер әзірлеп көктемде егеді. Бұған саябақтың үш филиалы да жауапты. Олардың Екіаша, Лепсі, Қабанбай ауылдарында арнайы бөлімшелері бар. 

Мәселен, біз арнайы сапарлап барған Сарқан бөлімшесі үш орманшылықтан тұрады. Атап айтсақ, Аманбөктер мен Басқан орманшылығында бұл алма ағашы өспейді. Сиверске ол табиғи орта емес. Тек Тапалевка елді мекенінде өседі. Себебі жеміс ағашы биіктік таңдайды.

Көшеттер суарылмайды, жердің ылғалымен бекиді. Біз соған жағдай жасаймыз. Бірте-бірте кішігірім тоғайлар түзеді. Тұқыммен немесе вегетативтік жолмен көбейеді. Биіктігі 8-10 метрге жететін, қабығы қоңыр-сұр, сүлбесі жалпақ ағаш. Шамамен 12 жылда жеміс бере бастайды, тіршілік ұзақтығы 150 жыл. Бүгінде оның жемісін ешкім пайдаланбайды. Бұрын арнайы зауыттарға таситын, қазір оны тоқтатты, - дейді аға ғылыми қызметкер Жанар Нұрғожанова.

Табиғи саябақтың 4 мыңға тарта гектарын сиверс алма ағашы алып жатыр. Былтыр көбі суыққа ұрынған екен, биыл ерекше гүлдеп тұр. Соған орай өңірде дәстүрлі түрде «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалі өтеді. 

Бұл туристер үшін де жанға сая орта. Алма піскен уақытта таудағы жабайы жануарлар етекке түседі. Бұл қауіпті мезет, сондықтан қызметкерлер сақтық шарасын қабылдайды.

Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет

Жабайы жануарлар көп

Түлкі, қасқыр, суыр, борсық, қоян, аю, елік, марал, арқар, теке секілді 70 түрлі жабайы жануарлардың жиырмадан астам түрі бар. Оларды атуға тыйым салынған. Бұл саябақта аңшылықпен айналысуға болмайды. Мәселен, аюлар жаздың орта тұсында төмен түседі. Бүлдірген, таңқурай, жабайы алмалар піскенде қоректену үшін қонжықтарын ертіп шығады. 

Бір ғажабы, қанша жыртқыш болса да адамға өзі барып соқтықпайды. Өз-өзін қорғау үшін балаларын қызғанып әртүрлі дауыстар шығарады. Шулы жерді ұнатпайды, туристер саяхаттауға келгенде төлдерін алып тау басына шығып кетеді.

Бұл зообақ емес, олар адамды күнде көріп жатқан жоқ. Әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін, барынша қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн. Кейде азық қорлары аз болғанда маңайдағы ауылдарға қарай жақындайды. Мұндай сәтте тұрғындарға қару қолдануға болмайды. Барынша сақтанып, үркітіп жібергені абзал. Бұл өзі сирек болатын жағдай, - дейді экология ағарту инженері Аяулым Мұсабекова.

Оның айтуынша, бұғы мен еліктерге арнап арнайылап шағын шұңқыр қазып тұз шашып қояды. Себебі тұяқты жануарларға қышқыл зат өте қажет. Ауылдарға түсіп кетпеу үшін, осылай тұз жалатып тұрады. Жыртқыш аңдар қоян, елік, суыр секілді аңдармен қоректенеді. Аюлар шөп тамырларын жейді. Мұнда мал жаюға тыйым салынған. Табиғат бір-бірін жетелеп отырады.

Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет

Халықаралық қарым-қатынас құрылмаған

Ұлттық саябақтың жалпы аумағы 362022 гектер жерді алып жатыр. Таудың арғы беті Қытаймен шектесіп жатқаны белгілі. Бірақ ешқандай өткелдер жоқ. Ешқандай қарым-қатынас құрылмаған. Ол жаққа жетуде оңай емес. Бірақ Қазастанның аумағына өтіп кеткен өзге мемлекеттердің адамдары да кездескен екен. Олардың қандай мақсатта келгенін анықтап, заң аясында еліне қайтарады.

Біз елдегі шекара қауіпсіздік қызметімен де бірге жұмыс істейміз. Олар да үнемі бақылап отырады. Заңсыз отын шауып, шырша ағаштарын ұрлағандарға айыппұл салынады. Шетел азаматтары жеміс теру үшін бері өтіп кететін жайттар да болады. Ол кезде ескерту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінге дейін қауіпті ешқандай оқиға болған емес, - дейді рекреация, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Меруерт Сүлейменова.

Саябақ аумағы қоршалмаған.

Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет

Жыл сайын 3 мыңға тарта турист келеді

Ұлттық саябақта туризм мен экологиялық ағарту жұмыстарына басымдық берілген. Бүгінде мұнда 13 туристік маршрут бар. Одан бөлек 2 экологиялық соқпақ бойынша спорттық-рекреациялық, ғылыми-танымдық, жаяу, атты және суда әртүрлі қашықтық пен қиындықты жеңу қарастырылған. 

Көліктер Шумский мұздығы мен тау басына жақын орналасқан Жасылкөл көліне апарады. Ал су маршруттары Инелі, Тентек, Безымянный Ключ өзендері бойынша жүреді.

Көбі алма ағашты тамашалауға келеді. Шетелдік ғылыми қызметкерлер, ботаниктер зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Еуропадан үлкен ғалымдар келеді. Мұнда сиверстен бөлек недзвецкий алмасы да бар. Ол да қызыл кітапқа енген. Өте сирек кездеседі. Петр I қазақ даласын зерттеу қажет деп жарлық бергенде құпиясы ашылған алма ағаштары. Бұл өзі Тарбағатайда, Жаңғар Алатауында және Қырғыстанда ғана өседі. Қазастанда 48,1 пайызы орналасқан, - дейді экология ағарту инженері Аяулым Мұсабекова.

Тау басында демалушыларға арналған үй-жайлар бар. Монша, қазандық, жарық, интернетпен толық қамтамасыз етілген. Онда арнайы күзет болады. Аталған саябақта ғылыми танымдық бағытта туристік маршрут ойластырылған. 

Сиверс гүлдену сәтін көру алаңы бар. Сонда естелік суретке түсуге де болады. Дегенмен ішінара талаптарды ескерген абзал. Мәселен, кіру ережесін, естелік парақшаларды жыртып, сирек кездестін өсімдіктерді жұлған, заңсыз иемденген азаматтарға ҚР Қылмыстық кодексінің 339 бабына сәйкес 3000 АЕК айыппұл салынады. Яки 11076000 теңге арқалайды. 

Сонымен қатар, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Өрт болуы үшін минералды жолақтар жүргізіледі.

Арнайы жеміс-жидек теруге келген ел тұрғындарына билет таратылады.

Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет

15 түп қана Недзвецк алмасы бар

Мұндағы 888 өсімдік түрінің 771 жоғары сатылы өсімдіктер. Оның ішінде 25 ағаш түрлері бар. Алдымен жапырақты, одан кейін аралас, жоғарыда қылқанжапырақтылар орманы қарсы алады. 15 экосистема бар, алпі зоналары, субалпі зоналары, мұздықтар болып жалғаса береді. 

Биыл недзвецк алмасы да сиверспен қатар гүлдеді. Мұны саябақ қызметкерлері жақсылыққа жорып отыр. Себебі жыл сайын суыққа ұрынып, гүлдемей қалады екен..

Әлемде сирек кездесетін алманың сорты. Ауа райына қолайлы өмір сүре алмайды. Даму көрсеткіші де өте төмен. Биіктігі 6-8 метрді құрайды. Дәмі қышқыл, көбіне құстар мен аңдар қоректенеді. Мұны күнде жеуге болмайды, азқазанға ауыр. Өсу мерзімі 10 жыл. Тұқымды да сирек шашады. Гүлі қызғылт, алыстан бірден көзге түседі, - дейді ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері Саят Игембаев.

Алма ағаштарының гүлдеу кезеңі екіге бөлінеді. Сәуір айында бір тобы гүлдесе, екінші тобы сортына қарай мамыр айында жұпар шашады. Ұлттық саябақта басында недзвецк алмасы болмаған, кейіннен пайда болды. Қазір біртіндеп көбейіп келеді. Мұның да тұп атасы Сиверс алмасы.

Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет

Аз зерттелген аймақ

Зоологтар қысы-жазы зерттеу жұмыстарын жүргізеді, ал ботаниктер көктем мен күз аралығында жұмыс жүргізеді. Көбіне атқа мініп аралайды. Омарташылар билет алып келіп, бал шаруашылығымен айналысуына болады. Кеңес өкіметі тұсында бұл жер орманшаруашылығы ретінде қаралды. Сол тұста бау-бақшалар болған. 

Қожалықтар тонналап алмалар алатын. Бүгінде ғылым бөлімінде 8 адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының жеке күнделігі бар, берілген аумақтарға үнемі шолу жасап отырады. Смартқа да Табиғат жылнамасын жазамыз.

Генетикалық резерват ретінде тау ормандарының бүлінген табиғи учаскелер таңдалып, олар генетикалық маңызды обьектілер тізіміне енді.Обьектілерді-генетикалық резерваттарды ұстау – табиғи тепе-теңдігін бұзатын барлық шаруашылық қызметтерімен айналысуға тыйым салу. Мұнда ғылыми жұмыстар және олардың жай-күйіне мониторинг ұйымдастырылған.АҚШ пен Еуропа елдері ғалымдары қазақстандық сиверсті алманың атасы санайды, - дейдіғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанар Нұрғожанова.

Қазір мамандар «Қар барысының таралуы», «Тянь-Шань қоңыр аю», қызыл кітапқа енген флора мен фауна, Мысықтұқымдастар, секілді тақырыптарда жұмыс істеп жатыр. Оларға 5 жыл уақыт берілген, әр 5 жыл сайын тақырып жаңарып отыр. Саябаққа шетелден зерттеушілер көп келе бермейді. Біріншіден алыс, сосын мәлімет өте аз.

Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет

Әлемге беймәлім ақ қызғалдақтар

2016 жылы инспекторлар бір қызық оқиғаға тап болады. Ғылыми қызметкерлерге аймақта көктем келе дәу бәйшешек гүлдейтінің жеткізеді. Аманбөктер ауылының жанында Қарашоқы деген жерде өсіп тұр. Ботаниктер барып қараса, бұл бәйшешек емес қызғалдақ екен. Қызыл кітапқа енген ақ қызғалдақтар.

Біздегі қызметкерлердің білім жағы тек бакалаврмен шектеледі, ары кетсе магистратура бітірген. Үлкен зерттеулер жасау үшін докторлық қабілет болу қажет. Ондай қызметкерлер бізге келмейді. Сол себепті қиындықтар туындады. Әдеби қорымыз бар, соған жүгініп, интернет арқылы шағын зерттеу жүргіздік. Осылайша бұл түр анықталды. Ол 2012 жылы ғана ашылған Колбинсов қызғалдағы екен, - дейді аға ғылыми қызметкер Жанар Нұрғожанова.

Колбинсов деген кісі гид болып келіп, голландиялық ғалымдарды Алакөл маңында тапқан екен. Сосын сол кісінің есімін берген. Зерттеу барысында басқа түрмен шатастырып алған қызметкерлерде кездескен. Генетикалық анализ жасап, нақты анықталды. Морфологиялық жағынан әлі толықтырулар қажет. Ол эндемик болуыда мүмкін. Қызыл кітапқа енгізу жолдарын қарастыру керек.

Жоңғар Алатауы саябағына ғылыми қызметкерлер қажет

Медициналық қызметкер жоқ

Бұл қызмет штатқа кірмеген. Мұндағы мамандар алғашқы көмек көрсете алады, медициналық қобдиша бар. Аяқ-асты қиын жағдайға тап болғанда, төмендегі Тапалевка ауылындағы ауруханаға апарады.

Айтпақшы, мұнда табиғатты шын сүйетін адамдар ғана жұмыс істей алады. Әйтпесе, жұмыс ауыр. Былтыр Мемлекет басшысының жарлығымен айлық көлемі екі есеге артқан. Қазір қызметкерлер мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанына дән риза.

Жалпы, бұл саябақ – биоалуантүрлі. Қарасаңыз ғаламдық маңызы бар жабайы жеміс ағаштарының генофонды және айрықша экологиялық, генетикалық, тарихи және эстетикалық құндылықтың қазынасы болатын табиғи тау ландшафтарын сақтау мақсатында құрылған. Мұнда жұмыс істейтін адамдар ауру-сырқаудан ада болады. Таза ауа, мөлдір табиғат адамды елітіп әкетеді, - дейді ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ардагер маман Саят Игембаев.

Тылсымға толы орман

XVIII ғасырдың аяғында ботаник Иоганн Сиверс Үржар өзенінің аңғарларындағы орман ішінде өскен жабайы алмаға алғаш сипаттама берген. Сондықтан күні бүгінге дейін соның атымен аталады. Одан кейін нақты орыс ботанигі К.Ф.Ледебур де анықтама береді. 1929 жылы ғалым Н.И.Вавилов Орталық Азияға экспедицияға шығып, қазақ даласын жабайы алма мен өріктің отаны санайды. Бертінде қазақ академигі Аймақ Жанғалиевтің еңбегі көп сіңді. Оның еңбектері саябақ мұрағатында тұр.

Бүгінде дәстүрлі түрде «Сиверс алмасының гүлдену» фестивалі ұйымдастырылып тұрады. Бұл Жетісу жерінің брендіне айналған ұлттық саябақтың салтанатты рәсімі. Алыс-жақыннан келген қонақтар тұмса табиғат аясында серуендеп, тарихымен таныса алады. 

Сиверс алматының кереметі де осы. Шіркін, инфрақұрылымы заман талабына сай жасалып, шетелдік туристерге бар жағдай жасалса тылсымға толы орманның жұмбағы шешілер еді.

 

Еске салсақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі туралы» заңға қол қойған болатын. 
Заң қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларындағы бейнебақылау жүйелеріне зақым келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейді; 
Сондай-ақ, үкімет айқындайтын өңірлерге қоныс аударатын адамдарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер телімдерін беру қарастырылған. Оларға және олардың отбасы мүшелеріне қоныс аударуға субсидиялар, тұрғын үйді жалдау ақысын, коммуналдық төлемдерді өтеу, экономикалық ұтқырлық сертификаттары түрінде мемлекеттік қолдау түріндегі материалдық көмек көрсетіледі. 
Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар жасау, бастауыш деңгейде мемлекеттік тілді, Қазақстан Конституциясы негіздерін, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тарихымызды білмеу сияқты Қазақстан азаматтығына қабылдаудан бас тартуға және қалпына келтіруге жаңа негіздер қарастырылған. 
Қазақстанда көп мәртелік инвесторлық және Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін сұранысқа ие мамандық иелері үшін виза енгізілуде. 
Экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар, қылмысты қайталап жасаған, ұйымдасқан топқа (қылмыстық ұйымда) жетекшілік еткен, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылықтарына қарсы қылмыс жасаған, сондай-ақ Қазақстандағы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде азаматтығы бар елге берілген адамдардың елге келуіне тыйым салынады. 
Заңда халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы