«Жомарт жүрек» иелері марапатталды

14 Қазан 2022, 14:48
1422
Бөлісу:
«Жомарт жүрек» иелері марапатталды

Ертіс өңірінде «Жомарт жүрек» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыс деңгейіндегі байқау бес аталым бойынша өтті. Атап айтқанда, «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациялары. 

Меценаттық – жеке әлеуметтік жауапкершілік пен табыстылықтың символы.  Біздің өңірде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, жомарт жандар көп. Өткен жылы Павлодар облысы «Қайырымды істер марафоны» шеңберінде  «Ең қайырымды аймақ» атағына ие болғаны белгілі. Жүрегі кең азаматтардың арқасында қайырымдылық істердің деңгейі өсті. Осы байқауға қатысқандардың ішінде кәсіпкерлер, шаруалар, азаматтық позициясы белсенді азаматтар қатысты. Осындай адамдардың еңбегінің арқасында жаңа жұмыс орындары  ашылып жатыр, ал көмекке зәрі адамдар қамқорлықсыз қалмады, - дейді облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова. 

Облыстық байқау кезінде конкурсанттар елді мекендерді абаттандыруға, саябақтарды, саяжолдарды, ескерткіштерді, балалардың ойын алаңдарын қайта жаңартуға және салуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыруға атсалысты. Сол азаматтардың қатарында «Жыл меценаты» аталымы бойынша Жеңіс Қанапьянов марапатталды. Ол «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасыларының  балаларына жаңа жылдық сыйлықтар мен кеңсе керек-жарақтарын сыйға тартты. Сонымен қатар, жерасты суларын гидрогеологиялық зерттеуге демеушілік жасады. Игі істің нәтижесінде жерасты суларының қоры расталып, су құбыры салынды. 

Ал «Туған өлке» аталымы бойынша марапатталған Манат Алғамбаров Тереңкөл ауданындағы Зеленая роща ауылының 25 тұрғынын жұмысқа қамтыды. Сонымен қатар, жыл сайын 20-ға жуық отбасыға 100 тонна шөп пен 30 тонна көмір бөледі. Меценат туған ауылында «тағзым» монументін салуға да атсалысты. Жеке қаражатынан 7,5 млн. теңге бөлді. Бүгінде шару ақожалығының иесі ауданның әлеуметтік мекемелері үшін сапалы ет пен қымыз өндіріп келеді. Конкурс ұйымдастырушыларының айтуынша, өңірде осы тектес мысалдар жетерлік. 

Айта кетейік, конкурсқа жүрегі жомарт, қайырымды істердің бастамашысы бола білген 65 азамат қатысты. Олардың 13-і үздік атанса, бесеуі республикалық кезеңге жолдама алды. 

Өзгелердің жаңалығы