Қазақстанда мұғалімдерге қандай наградалар мен атақтар беріледі? Толық тізім

17 Қараша 2026, 10:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ Жасанды интеллект 17 Қараша 2026, 10:35
17 Қараша 2026, 10:35
57
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Жасанды интеллект

Мұғалімдердің еңбегі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен бағаланады. Оларды марапаттауға кім ұсына алады, қандай талаптар қойылады және 2026 жылы қанша педагог наградаға ұсынылды? Бұл сұрақтарға Оқу-ағарту министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында түсіндірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдердің қоғамдағы орны мен кәсіби беделіне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, білім беру саласындағы әрбір өзгеріс ұстаздың жұмысын жеңілдетіп, оның артық жүктемесін азайтуға бағытталуы керек.

Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек. Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мектептерде оқушылардың ұстаздарға дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлары кездесетінін де атап өтті. Мұндай кезде мектеп әкімшілігі тарапынан мұғалімге қысым жасалмауы керектігін айтты. Сондай-ақ кез келген оқиғаға отбасы, оқушы, ұстаз және мектеп бірдей жауапкершілікпен қарауға тиіс екенін жеткізді.

Мұғалімдерді наградаға кім ұсына алады?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңның 4-бабына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсыныстарды министрліктер, мемлекеттік комитеттер, орталық және жергілікті атқарушы органдар, шығармашылық одақтар мен басқа да ұйымдар енгізеді.

Заңның 7-бабына және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия туралы ережеге сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттау жөніндегі ұсыныстарды алдын ала қарап, дайындау үшін арнайы комиссия құрылады. Оның қызметі Президенттің 1996 жылғы 2 сәуірдегі №2935 Жарлығымен реттеледі.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ұсынған кандидатуралар алдымен Оқу-ағарту министрлігі жанындағы наградалар жөніндегі комиссияда қаралады. Одан кейін тиісті ұсыныстар Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі.

Ал Үкіметтің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы №1539 қаулысының 5-тармағына сәйкес педагогтерді ведомстволық наградалармен марапаттау туралы ұсынысты олардың басшылары бастамашылық етеді.

Министрлік ведомстволық наградалар мен көтермелеулерді білім басқармаларының ұсыныстары және белгіленген үлгідегі награда парағы негізінде қарастырады. Мұндай ұсыныстар мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелерге, мерейтойларға, сондай-ақ заңнамада белгіленген еңбек өтіліне жетуге байланысты қаралады.

Педагогтерге қандай ведомстволық наградалар беріледі?

Үкіметтің №1539 қаулысына сәйкес Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларына «Еңбек ардагері», «Салаға қосқан үлесі үшін», «Ыбырай Алтынсарин» медальдері және «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі жатады.

«Еңбек ардагері» медалі

Бұл медальмен күнтізбелік есептеуде еңбек өтілі 30 жыл және одан асатын, еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер мен жұмыскерлер, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толған Қазақстан азаматтары марапатталады.

«Салаға қосқан үлесі үшін» медалі

Медаль орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты және аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлеріне беріледі. Үміткерлер өздеріне жүктелген міндеттерді адал әрі кәсіби орындауы, оң мінездемеге ие болуы және еңбек өтілі күнтізбелік есептеуде 15 жыл немесе одан көп болуы керек. Сондай-ақ белгілі бір саланың дамуына елеулі үлес қосқан өзге де адамдар марапаттала алады.

«Ыбырай Алтынсарин» медалі

Бұл награда білім беру мен тәрбие процестерін ұйымдастыру және жетілдіру, оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ету, білім беру бағдарламаларын іске асырудағы елеулі жетістіктері үшін беріледі.

Сондай-ақ оқушыларды олимпиадаларға, конкурстар мен жарыстарға дайындау, олардың шығармашылық белсенділігін дамыту, облыстық, республикалық және халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларына қатысудағы нәтижелері де ескеріледі. Бұл медальға білім беру органдары мен ұйымдарында кемінде 15 жыл еңбек өтілі бар қызметкерлер ұсынылады.

«Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі

Төсбелгімен білім беру процесіне оқытудың белсенді әдістері мен интерактивті жаңа технологияларды енгізген, оқушылардың өздігінен дамуына және білім алуды дараландыруға жағдай жасаған педагогтер марапатталады.

Сондай-ақ оқушылардың ғылыми-зерттеу және жобалық-конструкторлық жұмыстарына жетекшілік етудегі табысы, өңірлік, республикалық және халықаралық білім беру, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардағы жетістіктері ескеріледі.

Бұдан бөлек, білім берудің өзекті мәселелері бойынша зерттеу жүргізу, педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру, білім беру жүйесінің мамандарын қайта даярлау, оқу әдебиетін әзірлеу, оқу құралдары мен жабдықтарын өндіру, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту бағытындағы еңбегі де назарға алынады.

Бұл төсбелгіге білім беру органдары мен ұйымдарында кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар қызметкерлер ұсынылады.

2026 жылы қандай педагогтер мемлекеттік наградалар алды?

Оқу-ағарту министрлігінің жауабында 2026 жылғы Педагогтердің республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар педагогті мемлекеттік наградалармен марапаттағаны көрсетілген.

Президент Жарлығымен:

«Парасат» орденімен:

  • Өтелбаев Мұхтарбай – «Математика және математикалық модельдеу институты» РМК бас ғылыми қызметкері, Алматы қаласы.

«Құрмет» орденімен:

  • Урнгалиева Зуря Айтқұлқызы – Орал қаласындағы №3 «Зерде» бөбекжайының тәрбиешісі;
  • Шерстобитова Марина Георгиевна – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің мұғалімі.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен:

  • Амерқанова Гүлбаршын Александровна – Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы №5 жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі;
  • Ахметова Ақмарал Дүйсебекқызы – Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі;
  • Әлибаева Балмия Тұрабекқызы – Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы №24 мектеп-лицейдің мұғалімі;
  • Далмырзаев Сәкен Әбдіманатұлы – Түркістан облысындағы Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі;
  • Кенжебекова Мереке Лесқұлқызы – Жамбыл облысы Шу ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы шағын орталықты орта мектептің мұғалімі;
  • Коровин Андрей Иванович – Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы жоғары аграрлық-технологиялық колледждің өндірістік оқыту шебері;
  • Нұрпейісова Гүлмира Көлбайқызы – Абай облысы Мақаншы ауданындағы Жарбұлақ орта мектебінің мұғалімі;
  • Төлегенов Мақсат Қасымұлы – Астана қаласындағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі;
  • Уәлибаева Айнагүл Әбішқызы – Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Нұрым мектепке дейінгі шағын орталығы бар орта мектептің мұғалімі.

«Шапағат» медалімен:

  • Герасева Ирина Михайловна – Қостанай облысындағы А.М. Горький атындағы гимназияның мұғалімі;
  • Ляшова Ақерке Ермекқызы – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы «Балауса-Балғын» бөбекжайының тәрбиешісі;
  • Мырзабекова Жанна Қонысбекқызы – Ұлытау облысы Ұлытау ауданындағы №1 тірек мектебінің мұғалімі.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен:

  • Ещанова Тамара Жеткербайқызы – Алматы облысындағы А. Мәлкеев атындағы Есік дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі;
  • Жұмахметова Жанар Бейбітқызы – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Комсомол жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі;
  • Исмаилов Қайрат Төлегенұлы – Қарағанды қаласындағы «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі;
  • Ноғайбаева Гүлнар Төленқызы – Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі;
  • Шілдебаева Айгүл Амангелдіқызы – Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейдің мұғалімі.

2026 жылы 93 педагог мемлекеттік наградаға ұсынылды

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы Білім күні мен Ұстаздар күніне орай 93 педагог мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынылған.

Олардың ішінде:

  • «Парасат» орденіне – 1 педагог;
  • «Құрмет» орденіне – 11 педагог;
  • «Ерен еңбегі үшін» медаліне – 44 педагог;
  • «Шапағат» медаліне – 21 педагог;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына – 16 педагог ұсынылған.

Педагогтер мен білім беру саласының қызметкерлері білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі, көпжылдық адал еңбегі және жоғары кәсіби шеберлігі үшін марапатталады.

Көтермелеудің негізгі өлшемдеріне халықаралық және республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалардың, шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындау жатады.

Сонымен қатар авторлық оқу бағдарламаларын, озық оқыту әдістемелері мен заманауи цифрлық білім беру технологияларын әзірлеп, тәжірибеге енгізу, педагогикалық қызметтегі көпжылдық үздіксіз еңбек өтілі, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту да ескеріледі.

Жоғары мемлекеттік наградалар мемлекеттік және қоғамдық қызметке, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен педагогтерге беріледі.

Ауыл мұғалімдері де назардан тыс қалмаған

Мемлекеттік наградалармен марапатталғандардың қатарында ауылдық білім беру ұйымдарының 29 педагогі бар. Бұл жалпы көрсеткіштің 31 пайызына тең.

Олардың ішінде:

  • 2 педагог «Құрмет» орденімен;
  • 17 қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен;
  • 5 өкіл «Шапағат» медалімен марапатталған.

Министрлік мәліметінше, ауыл мұғалімдері бұл марапаттарға көпжылдық адал еңбегі, ауылдық білім беру ұйымдарына инновацияларды енгізуі және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін ие болған.

Марапатталғандардың арасында ауылдық жерлер мен шалғай аудандардағы білім беруді дамытуға үлес қосқан педагогтер бар.

Дәмеш Аринова – Ұлытау облысындағы Бименде Амалбеков атындағы тірек мектебінің мұғалімі. Ол ауылдық тірек мектебін дамытуға қосқан үлесі, ауыл балаларына тең білім алу мүмкіндігін жасауға атсалысқаны және көпжылдық педагогикалық еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Ахметжан Садықов – Павлодар облысы Томарлы ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі. Даңқты педагогикалық әулеттің өкілі көпжылдық еңбегі, мамандығына адалдығы және оқушыларының өңірлік деңгейдегі жоғары нәтижелері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалін алған.

Жібек Қадырова – Алматы облысы Кеген ауылындағы №7 облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның жетекшісі. Ол инклюзивті білім беруге қосқан үлесі, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауы және ауылдық аудандарда психологиялық қызметті дамытуға атсалысқаны үшін «Шапағат» медалімен марапатталған.

Гүлмира Тағаева – Түркістан облысындағы «Бірінші мамыр» мектебінің мұғалімі. Пәндік олимпиада жеңімпаздарын дайындағаны, авторлық ауылдық әдістемелер әзірлегені және жергілікті қоғамдастық арасында танылғаны үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған.

Министрліктің мәліметінше, аталған 29 педагогтің еңбек өтілі 20 жылдан 53 жылға дейін жетеді. Марапатталғандардың басым бөлігі «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаттарына ие. Олардың орташа кәсіби еңбек өтілі – 32 жыл.

Сонымен қатар марапатталғандардың арасында еңбек өтілі 10 жылға толмаған 12 жас маман бар. Министрлік олардың жоғары кәсіби шеберлік танытып, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындап үлгергенін атап өтті.

Марапатталған педагогтердің кәсіби жетістіктері

Министрлік жауабында бірқатар педагогтің еңбек жолы мен марапатқа ұсынылуына негіз болған жетістіктері де көрсетілген.

Ирина Петровна Нестеренко – Алматы қаласындағы №134 лицейдің химия пәнінің мұғалімі. Ол химия мен биология пәндері тереңдетіліп оқытылатын сыныптарға сабақ беріп, оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттыруға және білімін тереңдетуге үлес қосып келеді.

Ұстаз химия пәні бойынша элективті курстардың авторы. Оның бағдарламалары оқушылардың пәнді терең меңгеруіне, ғылыми ізденіс дағдыларын дамытуына және олимпиадаларға жүйелі дайындалуына мүмкіндік береді. Шәкірттері халықаралық және республикалық білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Ирина Петровна Нестеренко «Құрмет» орденімен марапатталған.

Алмажан Жұмағалиева – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі. Ол ауылдық жердегі дарынды балалардың қабілетін шыңдап, білімге қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді.

Сонымен қатар білім беру үдерісінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақ халқының мәдени мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіруге көңіл бөледі. Оның еңбегі өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, ұлттық рухта тәрбиеленуіне бағытталған. Алмажан Жұмағалиева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Меруерт Қозықанқызы Мұқашева – Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол 9-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының, алты оқу-әдістемелік құралдың және бірқатар білім беру бағдарламаларының авторы.

Педагог еліміздің оқу-әдістемелік базасын дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және білім беру үдерісіне заманауи әдіс-тәсілдерді енгізуге үлес қосып келеді. Оның еңбегі оқушылардың сапалы білім алуына және өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеуге бағытталған. Меруерт Мұқашеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілген.

Наверх