Атырау облысының Махамбет ауданында ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты прокуратура профилактикалық шараларды күшейтті.
Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы ауданда осындай 7 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 2 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алған. Ал биылдың өзінде 15 жол-көлік оқиғасы болып, 1 адам көз жұмып, тағы 2 адам зардап шеккен.
Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында прокуратураның бастамасымен жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Мамандар автожолдардың қауіпті учаскелерін тексеріп, жүргізушілерге жолға мал шығуы мүмкін екенін ескертетін алты қосымша интерактивті жол белгісін орнатты.
Сонымен қатар ауданда ауыл шаруашылығы жануарларына жарық шағылыстыратын таспалар тағу бойынша профилактикалық акция өтті. Барлығы 300 таспа сатып алынды. Бұл жүргізушілерге түнгі уақытта және көру мүмкіндігі шектеулі кезде жолға шыққан жануарларды ертерек байқауға мүмкіндік береді.
Прокуратура мал иелерін жануарларды қараусыз жаймауға, оларды автомобиль жолдарының маңына, ортақ пайдаланылатын жерлерге және су қорғау аймақтарына шығармауға шақырды.
Сондай-ақ жануарларды міндетті түрде сәйкестендіріп, ветеринариялық талаптарға сәйкес тексеруден өткізу қажеттігі ескертілді.
Прокуратураның атап өтуінше, жол қауіпсіздігі жол қозғалысына қатысушылардың ғана емес, ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің де белгіленген талаптарды сақтауына тікелей байланысты.