Жолдауда жаңа экономикалық саясаттың нақты әрі тиімді тетіктері анықталды - Мәулен Әшімбаев

1 Қыркүйек 2023, 13:46
1048
Бөлісу:
Жолдауда жаңа экономикалық саясаттың нақты әрі тиімді тетіктері анықталды - Мәулен Әшімбаев
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев палатаның кезекті сессиясының алғашқы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Парламенттің кезекті сессиясы өз жұмысын бастады. Парламенттің бірлескен отырысын қалыптасқан дәстүр бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдау әрдайым ел дамуының басым бағыттары мен алдағы мақсат-міндеттерді айқындап беруімен маңызды. Бұл жолы Мемлекет басшысы еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға басымдық берді. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі әлемдегі күрделі ахуал мемлекеттердің дамуына әсерін тигізуде. Осындай қиын кезеңде Президентіміз халықтың тұрмыс сапасын арттыруға баса мән беріп отыр. Жолдауда жаңа экономикалық саясаттың нақты әрі тиімді тетіктері анықталды, - деп атап өтті Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол жалпыға бірдей салық саясаты қамтамасыз етілетіндігін алға тартты.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жүйелі механизмдері көрсетілді. Бәріне бірдей түсінікті ашық әділетті салық саясатын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Инвестиция тартуға қолайлы бизнес климат қалыптастыруға үлкен мән берілді. Елімізді индустрияландыру кезеңінде қордаланған проблемаларды шешіп, бұл үдерісті сапалы жүргізуді тапсырды. Ауқымды инфрақұрылымдық серпіліс жасау арқылы өңірлердің де дамуына жаңа тыныс беру көзделіп отыр. Жалпы, Мемлекет басшысы қолға алып отырған саясат халықтың әл-ауқатын арттыруға және баршаға тең мүмкіндік беруге бағытталған. Яғни бұл бастамалар әділеттілік қағидатының барлық салада жүзеге асуына мүмкіндік жасайтыны сөзсіз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы