Бұл туралы журналист, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Махат Садық айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды деді.
«Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.
Оның айтуынша бұл кадр саясатындағы кезекті кезең. Жолдауда мемлекеттік басқару ісінің тиімділігі де ерекше аталып өтті.
Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру мәселесін Мемлекет басшысы алғаш 2019 жылғы Жолдауында көтерген. Қазір жүзеге аса бастаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының идеясы: «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағида аясында көрініс тапты. Осы кейінгі 5 жылда ауқымды реформалар жасалғанына куәміз. Еліміздің саяси жүйесі өзгеруімен қатар, жұрттың сана-сезімінде әділетті қоғам құруға бетбұрыс басталып, халықтың құқықтық мәдениеті біршама артты. Бұл тұрғыда қазақстандықтар ең алдымен ел билігіне қарайды. Ал биліктің тармағы көп. Ақордадан бастап, ауыл әкімдіктері, - дейді ол.
Ол соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі жазбалардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асып жатқанын байқауға болатынын айтты.
Ел тұрғындары мемлекеттік аппараттың халыққа бет бұрып, Президент бастамасына орай қазір мемлекеттік аппараттың жұмысы ашық, әділ, адамға бағдарланған сипатта тұрақты жаңғыртылып жатқанын атап өтуде. Осы орайда Мемлекет басшысының «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген тапсырмасы мемлекеттік қызметшілер үшін қасиетті парыз. Өйткені олар қабылдайтын әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет. Сонда билік пен халық арасында мызғымас сенім орнайды, - дегенді айтты.
Осы бағытта қандай шаралар жүзеге асуда.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай «Мемлекеттік қызметті әрі қарай жүйелі түрде дамыту үшін биыл шілде айында елімізде мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Агенттік мұны жүзеге асыру аясында «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң әзірлеуді көздеп отыр. Ол мемлекеттік қызметтің миссиясы, міндеттері мен талаптарын жаңаша айқындайды. Бұл заң қазіргідей еңбек қатынастарын, яғни мемлекеттік қызметке кіру, өткеру және тоқтату мәселелерін реттеумен шектелмей, ең бастысы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітеді. Яғни енді мемлекеттік қызметшілердің азаматтардың талап-тілектеріне құлақ асып, адамға бағдарлануы заңмен міндеттеледі. Бұл мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың қарым-қатынас мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді. Сонымен қатар мемлекет ұсынатын игіліктер мен қызметтердің бюрократиясыз, әуре-сарсаңсыз қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Осының барлығы ашықтық, әділдік қағидаттарының қоғамдық санада әрі қарай терең орнығуына жол ашады» деді.
Қай қоғамда болмасын түйткілді мәселелерді шешу, алға қарай батыл қадам басу мемлекеттік қызметшілерге тікелей қатысты.
Біз журналистер қауымы осы жолда халық пен биліктің арасындағы көпірміз. Тұрғындардың сұранысын билікке жеткізіп тұрамыз. Осы орайда ақпарат құралдарында мемқызметкерлер тарапына көптеп сын айтылып жатады. Әлбетте, мемқызметкерлер біршама игілікті істерді жүзеге асыруда. Оны халық пікіріне сүйеніп, Мемлекет басшысы Жолдауда атап та өтті. Енді осы алынған асу, жеткен биіктерді жалғастыру үшін Агенттік арнайы заң қабылдамақ. Қоғам өкілдері оның жүзеге асуы мен орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отыруы азаматтық міндеті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз міндеттерін барынша толық орындауда. Ал, біздің тарапымыздан сол нәтижелердің жергілікті жерде іске асуларына түрткі болып, әрдайым бақылау бағдаршамын ұстап тұру. Өркениетті елдер осылай дамыған. Өрениетті мемлекеттер осылайша өз биігін сақтап отыр, - деді Махат Садық.