Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгін Үкімет отырысы барысында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру үшін Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоба жаңа экономикалық бағдардың 7 негізгі қағидатына негізделген және 10 бағыт бойынша 143 іс-шарадан тұрады. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру де назарға алынған. Тиімді кадр саясаты мен шешімдер қабылдау жүйесі қамтамасыз етілмек. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу жүзеге асырылатын болады. Экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту жөніндегі шаралар жалғастырылып, бұл бағытта бас-аяғы 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда, - деді ол.Министр агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылатынын жеткізді.
«Жаңа жағдайдағы экономикалық даму» бағытының негізгі басымдығы - өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қазақстандық қамту үлесін ұлғайту. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Елдің көлік-транзит секторын белсенді дамыту жалғасады. Шағын және орта бизнесті, оның ішінде экономиканың зардап шеккен секторларын қолдау және дамыту жалғастырылады. Ақша-кредит саясаты маңызды ынталандырушы рөл атқаратын болады. Салық міндеттемелерін орындауды оңайлату және көлеңкелі экономиканы азайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Барлығы 42 іс-шараны іске асыру жоспарлануда, - деді Дәленов.
Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына арналды.
Оқи отырыңыз: