Жолаушылардың назарына: Мамырдан бастап елорда әуежайында шектеу енгізіледі

31 Қаңтар 2024, 19:15
972
Бөлісу:
Жолаушылардың назарына: Мамырдан бастап елорда әуежайында шектеу енгізіледі
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Биыл 1 мамырдан бастап елорда әуежайының ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізуге байланысты шектеулер енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Астана қаласының әуежайын толық жаңғыртуға байланысты дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.

Көлік министрлігі елорда әуежайы басшылығымен бірлесіп, отандық және шетелдік әуе компаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді. Бірқатар келіссөздің, ауа райы болжамының, әуежайдың әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі жүктемесін зерделей келе, жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздықтардың салдарын азайту мақсатында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды.

Осылайша, 2024 жылғы 1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Астана қаласының әуеайлағында ұшақтардың ұшып-қонуына шектеу қойылады. Бұл іс-шара әуежай ұсынатын қызметтердің сапасына кері әсер етпейтінін атап өту маңызды, - делінген хабарламада.

Өз кезегінде ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар барлық қажетті құрылыс нормалары мен қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тұрақты бақылауымен жүзеге асырылады.

Әуежайдың ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Сенімгерлік басқару кезеңінде инвесторға әуежай жолағын күрделі жөндеуден өткізу міндеті артылып отыр. Жоба инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өту керек. 

Айта кетсек, осы орайда рейстер кестесіне өзгерістер енуі мүмкін. Сондықтан жолаушыларға әуе компаниялар мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінен рейстің мәртебесін нақтылауы қажет.

Өзгелердің жаңалығы