Жол белгілері. «Халықараралық тілді» білу қаншалықты маңызды?

3 Қараша 2020, 15:30
9463
Бөлісу:
Жол белгілері. «Халықараралық тілді» білу қаншалықты маңызды?
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ережеге сай жол белгілері мемлекеттік стандарттар негізінде анықталады. Сіз тіл білмесеңіз де, жол белгілерін жетік меңгерсеңіз болғаны. Сонда сіз шетелде, яғни Ресей, Франция, Италия, Германия, Америка сынды елдерде де еркін жүре аласыз. Себебі жол белгілері «халықаралық тіл» болып саналады. Оның ережелері мен белгілері Біріккен ұлттар ұйымында қабылданған. 

Бұл стандарттар бойынша, жол белгілері 7 топқа бөлінеді. 1.Ескерту белгілері, 2.Басымдық белгілері, 3.Тыйым салу белгілері, 4.Міндеттеу белгілері, 5.Ақпараттық көрсеткіш белгілері, 6.Қызмет көрсету белгілері, 7.Қосымша ақпараттар белгілері.

Әр топтың белгілері әр түрлі. Бірі оннан асса, енді бірі жиырмаға жетіп жығылады. Тағы бір ерекшелігі кез келген жол белгісі 100 метр қашықтықтан анық көрінетіндей болып жарықтандырылады. Күн мен түннің қай мезгілінде жүрсең де, жол белгілері жарқырай көрініп, қажетті ақпаратты айтып тұрады. Тек соны жіті көзбен қадағалап, айтылған ақпаратты дер кезінде орындап отырсаңыз болғаны. 

Біздің елімізде жол белгілерінің сапасын қадағалау мен бақылауды «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Орталықтың әр облыстағы филиалы жол белгілерінің сапасын жіті бақылайды. 

Мысалы, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының мамандары да жол белгілерін үнемі бақылауда ұстап отырғандықтан облыс аумағындағы жолдардың көрсеткіштері біршама ретке келіп отыр. 

Жақында біздің филиалдың мамандары «Алматы-Қапшағай» автожолының 25-67 шақырым аралығындағы 20 жол белгісін тексергенде, оның 18-і талапқа сай болмай шықты. Ал Қаскелеңдегі көшелерге қойылған  23 жол белгісін бақылап шыққанда, оның 13-інен кемшілік анықталды. Осы кемшіліктерді жою үшін тиісті мекемелерге хат жолданды, енді оның орындалуын бақылауда ұстаймыз, - дейді филиал директоры Ардақ Иманқұлов. 

Оның айтуынша, мемлекеттік стандартқа сай келмеген мұндай кемшілікті өз уақытында ретке келтіріп отыру - қауіпсіздік үшін аса маңызды.

Өзгелердің жаңалығы