Жол айрығындағы аманат

10 Қараша 2022, 18:04
4897
Бөлісу:
Жол айрығындағы аманат

Қазір біз қазақ тарихындағы ең бір талмауытты таңдау жолында тұрмыз. Бұл туралы жазушы Тұрсын Жұртбай айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәселені турасынан қойсақ: тәуелсіз мемлекет болып өмір сүре аламыз ба, жоқ па, әлде: қазақтар өз бетінше мемлекет құрып, дербес өмір сүруге дәрменсіз жұрт – деген төрт жүз жыл бойы сарсытқан империялық сандырақтың шынға айналатын сұрқы бар ма? Шынымен де, Тәуелсіздік! – деп бір сілкініп алдық та, қайтадан қайыс ноқталы қамытқа мойынсал болып, можантопайланып-мұжықтанып барамыз ба? 2002 жылы жерді сату туралы Отанын сатуды заңдастырғаннан бастап, біз алаш жұртының бес ұлы ұстанымынан: Жер, Жер қазынасы, тәуелсіз экономика, еркін ұлтқа тиесілі Тіл, Діл, Дін үстемдігі, сондай-ақ, Дәстүрге негізделген заң мен тәуелсіз ғылымға сүйеніп ұлттық-демократиялық мемлекет құру туралы нысанасынан ажырап, коррупциялық-хандық, үстем таптық (оны әуселетіп «Элита» деп атады), қожайындық диктатураға айналдырып алдық. Бұл сөзсіз тәуелсіз мемлекеттің шаңырағын ортасына түсіретін қатерлі жол еді, - деді ол.

Сөйтіп, ел іргесі биліктен ажырай бастады дейді жазушы. 

Алайда сол жылдардың өзінде, мемлекеттің теріс бет алып бара жатқанына қарсы, өзіне тапсырылған қызмет дәргейінде соған барынша наразылық танытып, ойын астарлап болса да жеткізген азаматтар мен қайраткерлер  бар еді. Солардың ішінде, мемлекетті басқарып кете алатындай қабілеті бар, ел үміт артқан адам ол – бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болатын. Әлі есімде, 2006 жылы Пекинде Орталық ұлттар университетінде дәріс беріп жүргем. Наурыз мерекесі қарсаңында Сыртқы істер министрі лауазымындағы Қ.Тоқаев  Пекинге келіп, қытай тілінде баяндама жасады. Екеуара сөйлесудің реті түсті. Сонда мен, мемлекетіміздің бағытын сынай сөйлеп: Сіз де солай ойлайтын сияқтысыз ғой. «Күн мен көлеңке» атты кітабыңызда соны өте астарлы оймен әдіптеп жеткізіпсіз. Қорықпай қалай жаздыңыз, біліп қойған жоқ па? – деп тікелей сұрақ бердім. Сәл жымиып: Астарын түсінген екенсіз ғой. Одан басқа жол жоқ. Айтылуы тиіс мәселе. Әсіресе, жер мен шекара мәселесі өте шетін мәселе. Бұл ретте ішкі саясатымызда бір селеулік кеткені анық, – деп биязы жауап берді. Бәрібір, кітаптағы ойдың астары ашылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы қырын қабаққа ұшырап, Біріккен ұлттар ұйымының хатшылығына ауысып кетті. Ол өз еркімен қалаған қызмет емес екенін бәріміз түсіндік. Алайда, халықаралық беделге жеделтете ие болып бара жатқан қайраткерді еркіне жіберуге болмайтынын түсініп, елге қайтуға көндірді - дейді Тұрсын Жұртбай.

Алаштанушы Тоқаев ел тізгінін ұстаған тұста қандай өтініш айтқанын жеткізді.

Коррупциялық-хандық билік ел ішінде ашық наразылық тудырып, бұрынғысынша өмір сүре алмайтындай күйге жеткен жанталасты тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттікке бекітілді, соңынан сайлау арқылы заңды тұлғаға айналды. Сол тұста, мен өзімнің екі ұсынысымды: бірінші, ел экономикасына қатысты статистикалық көрсеткіштерді қайтадан тексеріп, еш қоспасыз нақты цифрларды анықтауды және екінші, Астананың өз атын қайырып беруді аманат ретінде тиісті дәбірлер арқылы жеткіздім, олар екі жылдың ішінде нақты жауап берілетінін айтты. Екі жыл өтті. Экономиканы статискамен теңшеп-тексеру жұмыстары  коррупциямен күреске ұштастырылып жүріп жатыр. Нәтиже бар. Астана да өзінің заңмен теңестірілген Жарлық дәргейіндегі бұрынғы құқына ие болды. Егер де, ел ішін шулатқан «Қаңтар оқиғасы» болмағанда, мүмкін, экономикалық бағыттағы жұмыстар пәрменді және халық сезінетіндей қарқында жүргізілер ме еді, кім білсін. Бұл қасіретті де қауіпті оқиға мемлекетіміздің шаңырағын шайқап кетті. Қастаншықпағыр жасырын күштер қазір барлық аярлықты қолданып, бұрынғы жіберген қателікктерін талдап, аса құпия түрде қамданып жатқаны ешкімге құпия емес. Тіпті, қанша және қай елдің оған мүдделі болып, арандатушыларды жіберіп жатқаны да шаң беріп қалады. Біз, оппозициялық ұйымдар деп жүргеніміздің арасынан ішінара сол пиғылды көздегендердің жүргені анық, - деді жазушы.

Ол – жемқорлық ауыздықталғанын да айтып өтті. 

Міне, осындай қарбаласты әрі алаңдатарлық жағдайда тұйыққа тіреліп тұрған мемлекетіміздің мемлекеттігін сақтап қалудың, бұрынғы бойсынған бұйығылықтан арылып, батыл шешім қабылдауға мүмкіндік беретіндей пәрменге ие болуы үшін Президенттік сайлаудың өтуі және оған үміткер ретінде Қ. Тоқаевтің ұсынылуында, сондай табиғи әрі заңды мақсат бар деп ойлаймын. Ол – коррупциялық-хандық билікті ауыздықтады. Енді соның зардабын мүлдем жойып, дамудың жол айрығына келіп тосыла дағдарып тұрған мемлекетімізді тұйықтан шығару да жаңа Президенттің тікелей міндеті деп есептеймін.

Бұл ретте қалайда шұғыл шешуді талап ететін, жұртты жаппай алаңдатып отырған діттеген аманатты тілектер бар. Ең бірінші, Жер мәселесін шұғыл және жаппай, еш «неғылайынсыз» жуық арада шешілуі керек. Жер мәселесі – ауыл мәселесін де шешеді. Мысалы, қыркүйек айында Солтүстік Қазақстанға бардым. Сонда,  С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, С.Шаймерденовтің ауылдарындағы мектеп жабылған соң, жан-жаққа босып кеткен иелерін күтіп қаңқиып қалған «жансыз үйлерді» көргенде жүрегің шошынады. Себебі: бұл өңірдегі жерді Баталов, Жақсыбеков, Мәсімов иелік ететін «Атамекен» корпорациясы ауланың шетіне дейін иемденіп, меншікке айналдырған соң, алуға – отын, шабатын – шабындық қалдырмапты және жерді тастап көшуге пәрмен беріпті. Аңырап, қаңырап тұрғаны сол екен. Ал, полигонның зардабына ұшыраған менің ауылымды ата-бабаларымыздың зираты ғана күзетіп тұрғанына жиырма жылдан асты. Жер мәселесі шешілмей, толық тәуелсіздік мәселесі де шешілмейді. Екінші, мен – экономист, заңгер, өнеркәсіп маманы емеспін, сондықтан жолын көрсетіп айта алмаймын. Алайда, ең болмаса шылғау-шұлық, көйлек-көншек боларлық мата, шеге мен балта, күрек өндіретін ұстахана болмай, жер қазынасына жасалған меншіктің үлес салмағын мемлекетке көшпей, Қазақстанның жұғынына түк те жұқпайды. Үшінші, еш мәймөңкелеусіз, қазақ тілі мәселесін шұғыл және пәрмпенді шешу керек. Тіпті, құрып кетудің соңғы шегіне жеткен қазақ тіліне «sos!» жариялап, Франциядағы сияқты тіл полициясын құру керек. Онсыз, біздің тәуелсіздігіміздің күні де, құны да жоқ.

Бұл мәселелерді шешу туралы Президенттік пәрмен берілді. Енді соны қауырт жүзеге асыру үшін де, Құнанбай айтқандай, «толық билік» керек. Оған алдағы сайлау мүмкіндік береді. Мемлекетіміз  тірелген жол айырығында жөні түзу жолды  таңдаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің өзі ол тұйықтан алып шығуы тиіс және оған толық қабілетті, адалдығы кепілдік беретін тұлға деп есептеймін. Тек, уақытын созбай, жыл қайырылып келгенше, «Қаңтар оқиғасының» басты ұйымдастырушылары және олардың қастандықтары барынша ашық түрде жұртшылыққа жетуі тиіс. Әйтпесе, ендігі белгісіздік, жұрттың төзіміне сын болмақ, - деді жазушы Тұрсын Жұртбай.

Өзгелердің жаңалығы