Оның сөзінше, қаржы пирамидаларына қарсы күрес департамент жұмысының басым бағыттарының бірі саналады. Мамандар азаматтардың мұндай схемаларға алданып, ақшасынан айырылмауы үшін тергеу шараларымен қатар профилактикалық жұмыстар да жүргізеді.
Құқық қорғау органдары тұрғындармен кездесулер өткізіп, қаржы пирамидаларының белгілерін түсіндіреді. Бұл жұмыстар 18 жастан бастап зейнет жасындағы азаматтарға дейінгі түрлі топтарды қамтиды.
Күмәнді жобаларға қатысты 2 мыңға жуық сілтеме бұғатталған
Департамент өкілінің айтуынша, биыл Алматыда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы 2 мыңға жуық күмәнді сілтеме бұғаттауға жолданған.
Соңғы екі жылда Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни қаржылық немесе инвестициялық пирамиданы құру және басқару бойынша 20 қылмыстық іс тіркелген.
Тергеу амалдары «Асар баспана», Roy Travoryum, LifeGood, Borner Brothers, Boxi Wells, Amir Capital, Master Coin, NBS және басқа да күмәнді жобаларға қатысты жүргізілген.
Қаржы пирамидасының қандай белгілері бар?
Жақсылық Мырзахан азаматтарға күмәнді инвестициялық ұсыныстарды қабылдамас бұрын олардың заңдылығын мұқият тексеруге кеңес берді. Оның айтуынша, қаржы пирамидаларының бірнеше негізгі белгісі бар.
1. Тәуекелсіз жоғары табысқа кепілдік беру
Күмәнді жобалар азаматтарға қысқа мерзімде көп ақша табуға уәде береді. Алайда инвестиция саласында жоғары табыс әдетте жоғары тәуекелмен байланысты. Сондықтан ешқандай тәуекелсіз және кепілдендірілген табыс ұсынатын жобаларға сақтықпен қарау қажет.
2. Жаңа қатысушыларды тартуды талап ету
Қаржы пирамидасының тағы бір белгісі – салған ақшаңызды көбейту үшін жаңа адамдарды жобаға тарту қажеттілігі. Қатысушыларға таныстары мен туыстарын шақырса, табысы арта түсетіні айтылады.
3. Әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама
Мұндай жобалар көбіне интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жарнамаланады. Олар адамдарды жылдам шешім қабылдауға итермелеп, жоғары табысқа жетудің оңай жолын ұсынады.
4. Компания туралы ашық ақпараттың және қажетті құжаттардың болмауы
Күмәнді ұйымдардың заңды тіркеуі, лицензиясы немесе қызметі туралы толық ақпарат болмауы мүмкін. Компанияның заңдылығын мемлекеттік органдардың ресми сайттары арқылы тексеру қажет.
5. Шарттық қатынастардың дұрыс рәсімделмеуі
Кейбір жобалар ақша қабылдағанымен, қатысушылармен тиісті келісімшарт жасамайды. Ақша қолма-қол берілуі немесе жалған сайттар арқылы аударым жасалғандай көрсетілуі мүмкін.
6. Ақша қабылдаудың ашық емес тәсілдері
Қатысушылардан ақшаны басқа адамдардың банк карталарына аудару, қолма-қол беру немесе криптовалютаға айналдыру талап етілуі мүмкін. Мұндай операциялар бойынша нақты есеп пен түбіртек берілмеуі де қаржы пирамидасының белгісі болуы ықтимал.
Ақшасын жоғалтқан азаматтар қайда хабарласуы керек?
Экономикалық тергеу департаменті азаматтарға күмәнді инвестициялық ұсыныстарға тап болған жағдайда ақпаратты бірнеше рет тексеруге кеңес береді. Ол үшін әлеуметтік желілердегі пікірлерді қарап, жақындарымен кеңесіп, компанияның заңды тіркелуі мен лицензиясының бар-жоғын мемлекеттік органдардың ресми ресурстары арқылы анықтау қажет.
Егер азамат қаржы пирамидасына ақша салып, қаражатынан айырылса, құқық қорғау органдарына хабарласа алады. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне әлеуметтік желілер арқылы немесе ведомствоның сенім телефонына жүгінуге болады.
Мамандар қаржы пирамидаларының белгілерін байқаса, күмәнді жобаларға ақша аудармауға және мұндай ұсыныстарды жақындарына таратпауға шақырады.