Қостанай тұрғыны инвестициядан жоғары табыс табуға уәде берген алаяқтардың арбауына түсіп, 1 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған. Кейін ол «пайда табу» үшін құны 1,4 миллион теңге болатын көлігін кепілге қоймақ болған.
Қостанай облысының Полиция департаменті мәліметінше, ер адам жалған инвестициялық платформаға тіркеліп, белгісіз адамдарға 1 миллион теңгеден астам ақша аударған.
Осыдан кейін өзін қаржы кеңесшілері ретінде таныстырған алаяқтар одан қосымша қаражат салуды талап еткен. Олар мұны пайда алу және түрлі комиссияларды төлеу қажеттілігімен түсіндірген.
Қажетті соманы табуға тырысқан ер адам тіпті 1,4 миллион теңгеге бағаланған көлігін кепілге қоюды жоспарлаған.
Алайда жағдайдан оның танысы хабардар болып, алаяқтыққа күдіктенген. Ол дереу полицияға хабарласқан.
Полиция қызметкерлері ер адамды одан әрі ақша аударудан бас тартуға көндірген.
Полиция азаматтарға инвестиция салуға қатысты ұсыныстарға сақ болуды ескертті. Кепілдендірілген жоғары табысқа уәде беру, ақшаны шұғыл аударуды талап ету, сондай-ақ «комиссия», «салық» немесе «шотты бұғаттан шығару» үшін төлем сұрау – алаяқтықтың негізгі белгілерінің бірі.
Құқық қорғау органдары күмәнді жағдайға тап болған жағдайда бірден полицияға хабарласуға шақырды.
Белгілі болғандай, биыл 3,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық қылмысы ашылды. Бұл – Ішкі істер министрлігі, Ұлттық банк, қаржы ұйымдары мен байланыс операторларының бірлескен жұмысының нәтижесі.