Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева медиа саласы қызметкерлеріне баспана беру тәртібін түсіндіріп, журналистерді кәсіби этиканы сақтауға шақырды.
Министрдің айтуынша, соңғы күндері Құрылтайдың бірқатар депутаттарына қатысты, соның ішінде баспана мәселесіне байланысты «түрлі инсинуациялар мен буллингке ұласқан орынсыз пікірлер» айтылып жүр.
Балаева Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің баспана мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өтті.
Алғашқы жылдары журналистерге пәтер редакциялар жасаған тізімдер негізінде берілді. Кейінгі жылдары және қазіргі уақытқа дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес және меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріледі, - деп жазды министр.
Ол түсінбеушіліктерге жол бермеу үшін мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерін қызықтырған сұрақтарға мүмкіндігінше қажетті түсініктеме беруге тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар Балаева журналистерге кәсіби этиканы сақтау қажеттігін еске салды.
Қудалау, жеке басқа өту, манипуляция жасау, қызыл тақырып үшін арандату кәсіби журналистке жараспайды, - деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Министр Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңының 26-бабы 4-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, кәсіби этика нормаларын сақтау журналистің міндеті екенін атап өтті.
Сөз соңында Аида Балаева журналистерді аккредиттеу ережелері мен іс-шаралар регламентін ғана емес, кәсіби этика талаптарын да сақтауға шақырды.