Жоғары білікті дәрігерлер өңірлерге барып, көмек көрсетеді

30 Сәуір 2021, 14:56
2022
Бөлісу:
Жоғары білікті дәрігерлер өңірлерге барып, көмек көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 5 мамыр мен 24 маусым аралығында «UMC» корпоративтік қорының жоғары білікті дәрігерлері республика өңірлеріне сапармен барып, жергілікті мамандарға тәжірибелік және әдістемелік-консультациялық көмек көрсетеді.

Олар жоғары мамандандырылған көмекке мұқтаж науқастарды қабылдайды. Шеберлік сабақтарын өткізіп, жергілікті емдеу мекемелерінде күрделі операциялар жасайды.

Шараның мақсаты – өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамыту арқылы отандық медицинаның сапасын арттыру және жоғары мамандандырылған көмектің тұрғындарға қолжетімділігін арттыру.

«UMC» КҚ-ның «Әйелдер денсаулығы» департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, професор, акушер-гинеколог Гаури Билаханқызы Бапаева, «Хирургия» департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, балалар хирургы Дамир Болатұлы Дженалаев, Ортопедия бөлімінің жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, штаттан тыс бас балалар ортопеды Болат Әбікенұлы Нағыманов, Ревматология бағдарламасының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, педиатр Майкеш Қуантайқызы Асылбекова, Онкогематология бағытының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, онколог Забира Нұрахметқызы Қыздарбекова сияқты жоғары білікті мамандар кіретін «UMC» КҚ-ның алғашқы дәрігерлер тобы 2021 жылғы 5 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында науқастарды қабылдайды, - делінген хабарламада.

Ары қарай өз саласының майталман мамандарынан жасақталатын «UMC» КҚ дәрігерлер тобы мамырдың 12-14 күндері Атырау облысына, 19-21 мамырда Ақтөбе облысына, 26-28 мамыр күндері Маңғыстау облысында, маусым айының 1-3 күндері Ақмола облысында, 2-4 маусымда Батыс Қазақстан облысында, 8-10 маусымда Павлодар облысында, маусымның 9-11 күндері Солтүстік Қазақстан облысында, 16-18 маусым күндері Қостанай облысында, 23-24 маусымда Түркістан облысы мен Шымкент қалаларына барады.

Осындай сапарлардың нәтижесінде өңірлік дәрігерлер өз салалары бойынша озық технологияларды меңгеріп, түрлі ауруларға қарсы күресті тиімді жүргізіп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі арта түседі.

Өзгелердің жаңалығы