Жоғары аудиторлық палатада тілдер мерекесіне орай сайыс өтті

22 Қыркүйек 2023, 14:41
5665
Бөлісу:
Жоғары аудиторлық палатада тілдер мерекесіне орай сайыс өтті
Фото: Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Жыл сайын Жоғары аудиторлық палата Қазақстан халқының тілдері күніне орай қызметкерлерінің арасында «Ой көкпар» зияткерлік сайысын өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл да мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде еркін сөйлеу дағдыларын дамыту, ұлтына қызмет еткен тұлғаларды насихаттау конкурсын ұйымдастырды.

2023 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан халқының тілдері күніне және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілгеніне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған, сондай-ақ корпоративтік рухты нығайту, тіл мәдениетін одан әрі арттыру және тілдік капиталды дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы мен оның ведомстволық бағынысты ұйымы қызметкерлерінің арасында дәстүрлі сипат алған «Ой көкпар» зияткерлік сайысы екінші рет өтті.

Жыл сайын мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік тілді білуге деген құлшыныс артып келеді. Бұған біз қуанамыз және қызметшілердің мемлекеттік тілде еркін сөйлеу дағдыларын дамыту, ұлтымызға қызмет еткен тұлғаларды насихаттау, мемлекеттік және ұлттық мерекелердің идеологиялық құндылықтарын ілгерілету, оқу-білімге деген қызығушылығын арттыру мақсатында осы сайысты ұйымдастырып келеміз, ­­­ – деді Жоғары аудиторлық палата Құжаттарды лингвистикалық сараптау және редакциялау секторының меңгерушісі Данияр Жамбайбек.

Аталған сайысқа Жоғары аудиторлық палатаның құрылымдық бөлімшелері, «Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы» ЖШС қызметкерлерінен 3 команда жасақталды. Әр команда 5 ойыншыдан құралды.

Бұл сайыста дәстүрлі форматта (логикалық сұрақтарға жауап беру, бейне-сұрақ, сыр сандықта жасырылған затты табу, берілген мақал-мәтелдерді жалғастыру) тартысты әрі қызықты өткенін атап өту қажет.

Ең алдымен, сайыстың мазмұны, сұрақтардың өткірлігін ерекше атап өткім келеді. Себебі күнделікті жұмыста мұндай сауалдарды ойлай бермейміз. Оның үстіне ұлт зиялыларының еңбектерін дәріптеп жатыр. Жыл сайын қатысуға әзірміз, ­ – жеңімпаз команда «Мықтының» капитаны Нұрболат Сапарханов.

Сайысқа Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Бағдад Қожа-Ахмет, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерінен құралған қазылар алқасы сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтап, оларды арнайы диплом және сыйлықтармен марапаттады.Сонымен қатар, шара аясында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметші Бибігүл Кеңесжанға төраға Наталья Годунованың алғыс хаты табысталды.

Өзгелердің жаңалығы