Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының мамандары Азия даму банкінің өкілдерімен осы және келесі жылдардағы бірлескен жұмыстың өзекті бағыттарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуге қатысушылар ҚР үшін 2012-2024 жылдарға арналған елдік бағдарламаға қатысты тәуелсіз бағалау миссиясын өткізуді егжей-тегжейлі талқылады.
Негізгі мақсат – еліміз үшін АДБ көрсететін қолдаудың тиімділігін айқындау. Алынған нәтижелер болашақ ынтымақтастық бағдарламаларын жетілдіру үшін пайдаланылатын болады.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата мен АДБ-ның басқа да бірлескен жобаларының іске асырылу барысы қаралды, сондай-ақ 2016 жылдан бастап ҚР Үкіметі мен АДБ арасында білім және тәжірибе алмасу бағдарламасы шеңберінде жасалған өзара іс-қимыл қорытындысы шығарылды.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Рүстем Нұрпейісов Азия даму банкінің өкілдеріне техникалық және сараптамалық қолдау үшін алғысын білдірді.
Біз Жоғары аудиторлық палата әлеуетін барынша арттыруға бағытталған жобаларды дәйекті түрде іске асырып жатырмыз. Бірінші кезекте мемлекеттік аудит саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға және аудит жүргізудің озық әдістемелерін қолдануға, сондай-ақ сараптамалық-талдамалық қызметке баса назар аударамыз, — деп атап өтті ол.
Рүстем Нұрпейісов АДБ-дағы әріптестерін Қазақстандағы мемлекеттік аудит жүйесін реформалау барысы туралы да хабардар етті.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды қоғамдық-саяси және экономикалық өзгерістердің бір бөлігі болып табылады.
Күшті және тәуелсіз мемлекеттік аудит мемлекеттік ресурстарды тиімді және жауапты пайдалану үшін маңызды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар барлық өзекті бағыттар бойынша нәтижелі ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Анықтама ретінде: соңғы жылдары АДБ-ның қолдауымен Жоғары аудиторлық палатаның, өңірлік тексеру комиссияларының және ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің шамамен 400 қызметкері мемлекеттік аудит және қаржы саласындағы түрлі бағдарламалар бойынша оқудан өтіп, біліктілігін арттырды.
Сонымен қатар сыртқы мемлекеттік аудит жүйесін жетілдірудің өзекті бағыттары бойынша бірқатар зерттеулер жүргізіліп, практикалық ұсынымдар әзірленді.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта "Жоғары аудит органдарының электрондық аудит практикасын зерделеуі" атты тақырыпта зерттеу жүргізілуде. Оны 2025 жылғы ақпанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.