Жоғары әскери оқу орындарына 760-тан астам адам оқуға қабылданды

10 Тамыз 2021, 14:05
4762
Бөлісу:
Жоғары әскери оқу орындарына 760-тан астам адам оқуға қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс ведомствосындағы кезекті аппараттық кеңесте жауынгерлік даярлық, әскери білім беру және заң шығару қызметіне қатысты мәселелер қаралды. 

Кеңесте әскерлердің жауынгерлік оқу-жаттығу барысы талқыланды. Жоспарға сәйкес взводтарды даярлау және батальондармен бақылау тактикалық-саптық сабақтар өткізілуде. Алдағы аптада жеке құрамды бірыңғай оқытып-үйрету және бағалау әдістемесін әзірлеу үшін взводтардың жауынгерлік оқ атуын ұйымдастыру бойынша нұсқау беру-әдістемелік сабақтар жаппай өткізіледі.

Армиялық халықаралық ойындарға қазақстандық командаларды даярлау аяқталғаны туралы баяндалды. Сайыстар нәтижесінде «АрХО – 2021» ойындарының 11 конкурсында Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын қорғайтын үздік әскери қызметшілер іріктеліп алынды. 

Жоғары әскери оқу орындарына 760-тан астам адам оқуға қабылданды

Бүгін олармен қажетті санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Командалар әскери-көлік авиациясының ұшағымен ойындар өткізілетін орындарға жеткізілетін болады.

Әскери білім беру мәселелері де қаралды. Қорғаныс ведомствосының әскери оқу орындарына қабылдау аяқталды. Мандаттық комиссиялардың шешімімен Ұлттық қорғаныс университетіне 190 офицер, Құрлық әскерлерінің Әскери институтына 301 курсант, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына 142 адам, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына 132 жас жігіт қабылданды.

Ұлттық қорғаныс университетінде Қарулы Күштердің офицерлерінен басқа, Қазақстанның басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері де білім алады. Одан басқа, әскери жоғары оқу орындары халықаралық уағдаластықтарға сәйкес ҰҚШҰ елдері үшін де кадрларды даярлайды. Биыл Арменияның, Қырғызстанның және Тәжікстанның 67 өкілі оқуға қабылданды.

Баяндамаларда әскери институттардың түлектері тек Қарулы Күштерге ғана емес, сонымен қатар басқа да күш құрылымдарына – Мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және басқа да органдарға қызмет етуге жіберілетіні атап өтілді. Бұл оқу сапасына қосымша жауапкершілік жүктейтіні анық. Қазақстан азаматтарына әскери білім беру өтеусіз негізде беріледі. Сондықтан оқуға түскен әрбір азамат барлық оқыту курсынан өтіп, әскери оқу орнын даярланған маман ретінде аяқтауға тиіс.

Жоғары әскери оқу орындарына 760-тан астам адам оқуға қабылданды

Сонымен бірге, жекелеген оқиғалар да кездеседі. Мәселен, кейбір алақол курсант бірінші курсты аяқтағаннан кейін азаматтық ЖОО-ның екінші курсына қайта қабылдану мақсатында әскери институттан шығаруға әдейі баянат жазады. Бұл ретте заңнамаға сәйкес оқуға жұмсалатын шығындарды олар қалпына келтірмейді. Ал бір жылдық оқу уақыты мерзімді әскери қызмет мерзіміне есептеледі.

Министр заңнамадағы осы олқылықты жою мәселесін пысықтауға және теріс негіздер бойынша немесе өз қалауы бойынша ЖОО-дан шығарылған курсантты мерзімді әскери қызмет өткеру үшін әскерге жіберу, сондай-ақ оның оқытуға жұмсаған мемлекеттің ақшалай қаражатын өтеуі туралы норманы заңды түрде бекітуге нұсқау берді.  

Білім беруге бөлінген бюджет қаражаты қатаң түрде мақсаты бойынша жұмсалуға және ерекше есепте болуға тиіс. Бұл жерде қулықтарға орын жоқ, – деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.

Қорғаныс министрлігінің заң шығару қызметін жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта нормативтік құқықтық актілерге әскери қызметке және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Қорғаныс ведомствосының басшысы заңнамаға кез келген түзетулерді әзірлеу кезінде оларды жан-жақты, ал қажет болған жағдайда алқалы түрде мүдделі органдар мен құрылымдық бөлімшелерді тарта отырып қарауды тапсырды.

Заң нормалары мен ережелерін әзірлеу кезінде, ең алдымен, оларды қолданудағы әлеуметтік салдарды, оның әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік әл-ауқатына қалай әсер ететінін ескеру және болжау қажет, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Бас әскери-медициналық басқарманың бастығы армиядағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал туралы мәлімет берді. Бір апта ішінде COVID-19-ды жұқтырғандар санының төмендеуі 11%-ды құрады. Бірінші компонентті алғандар саны 99%-ды құрады, жеке құрамның 95%-ы толық вакцинацияланды. Осы жұмысты жалғастыру, ал түсіндіру жұмысымен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін де қамту тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы