Жоғарғы Сотқа ОСК-нің шешімдері мен әрекетіне қатысты 44 шағым түскен

9 Қаңтар 2021, 22:43
1576
Бөлісу:
Жоғарғы Сотқа ОСК-нің шешімдері мен әрекетіне қатысты 44 шағым түскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро миссиясы (ДИАҚБ) басшысының орынбасары М.Баркер-Цыганиковамен кездесті.

Тараптар сайлауға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарына байланысты өтініштерін қарастырудағы соттардың рөлі мен рәсімдерін талқылады.

Республикада азаматтардың саяси құқықтарын толыққанды және еркін іске асыруына барлық жағдай жасалған, сайлау құқықтарын қорғау тетігінің ықпалды қызмет ету жүйесі қамтамасыз етілген. Сайлау кезеңінде соттар рөлінің артуы сайлау заңнамасын қолдануға қатысты істер бойынша шығарылған сот шешімдерінің маңыздылығымен байланысты - деді кездесу барысында А.Қыдырбаева.

Жоғарғы Соттың алқа төрағасы Азаматтық процестік кодекстің 287-бабына сәйкес, сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнiнен бастап бір ай ішінде келіп түскен арыз – бес күн мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күннен аз уақытта, дауыс беру күні және сайлаудың қорытындылары жарияланғанға дейін түскен арыз дереу қаралатынын айтты. 

М.Баркер-Цыганикова ДИАҚБ миссиясының басты міндеті сайлау процесін бейтарап бақылау және нәтижесін қорытынды баяндама арқылы шығару болып табылатындығын атап өтті.

Тараптар адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты.

Жоғарғы Сот ЕҚЫҰ-ның ДИАҚБ миссиясының Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау бойынша келіп түскен өтініштер туралы сұрау хатына жауап бере келе, ағымдағы сайлау кезеніңде Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) шешімдері мен әрекетіне байланысты арыздарға (шағымдарға) қатысты қабылданған сот актілері бойынша ахуалды түсіндірді.

Жоғарғы Сотқа ОСК-нің шешімдері мен әрекетіне қатысты барлығы 44 шағым келіп түсті. Жоғарғы Сот судьяларының ұйғарымымен олардың 25-і қараусыз қайтарылды, 19-ы – іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылды. 

Осы ұйғарымдарға қатысты кассацияға 10 жеке шағым келіп түсті, оларды қанағаттандырудан бас тартылды. 

Елорданың аудандық соттарына 3 өтініш келіп түсті. Аталған 3 жағдайда да өтініштер АПК талаптарының сақталмауына және соттылықтың дұрыс анықталмауына (бұл санаттағы істерді Жоғарғы Сот қарайды) байланысты кері қайтарылды.

Қабылданған сот шешімдерінің құқықтық негіздері:

Әлемдегі барлық юрисдикцияларда, соның ішінде Қазақстанда сотқа талап-арыздарды ресімдеуге қойылатын нақты талаптар мен ережелер белгіленген. Оларды құқықтық білімі және заңгерлік тәжірибесі бар-жоғына қарамастан барлығы да сақтауы тиіс.

Сондықтан өтініште мыналар көрсетілуі керек:

- оны кім және кімге қатысты береді (өтініш беруші мен жауапкердің толық деректері);
- кімнің және нақты қандай құқықтары бұзылған;
- дау тудырған актінің қандай нормалары заңға қайшы келеді;
- қандай БАҚ және қашан жарияланды.

Заңның талабы: өтінішке адамның өзі немесе ұйымның бірінші басшысы қол қоюы керек. Егер сенім білдіруші қол қойса, онда қол қою құқығы сенімхатта тікелей және нақты көрсетілуі керек. Егер осы тармақтардың кем дегенде біреуі бұзылса, сот мұндай өтінішті қарау былай тұрсын, тіпті қабылдауға да құқылы емес. Сот оны қайтаруға міндетті.

Қандай да бір өтінішті – аудандық немесе Жоғарғы Соттың қарауға құқылы екенін ескеру қажет. 

Мазмұны ОСК шешімін немесе әрекетін (әрекетсіздігін) даулаумен байланысты өтініш – Жоғарғы Сотқа, қалған жағдайларда – аудандық соттарға беріледі.

Соттарға түскен өтініштер заң талаптарының бұзылуына байланысты қаралмаған.

Еліміздің әртүрлі өңірінен әртүрлі адамдар қол қойғанына қарамастан, олардың қателері де бірдей болып шықты. 

47 өтініштің 44-і – Жоғарғы Сотқа, 3-еуі – елорданың аудандық соттарына келіп түскен. Соның ішінде: 

- Ф.З. Беспаевадан (2 рет), Н.Мақсұтқаннан, А.С. Шукеевадан, А.А. Ивановадан, С.С. Чалабаевтан, Р.Ж. Садырбаевадан (2 рет), Т.С. Жубановтан (2 рет), А.А. Исеновадан (2 рет), Ж.Т. Жунусовтен, А.А. Султановтан, Г.А. Аминовадан, А.Б. Жакуповтан, О.Н. Широбоковтан, Б.Е. Акпердиновтен, С.А. Аймухаметовтен келіп түскен 20 өтініштің мәтіндік мазмұны бірдей және нақты талап-арыз беруші көрсетілмеген.

- Б.К. Мендыгазиевтен, Ф.Джандосовтан (2 рет), А.М.Шайгумаровтан, А.С.Джамалиевтен (3 рет) 7 бірдей мәтіндік мазмұндағы өтініш түскен.

- «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қорынан (2 рет), «HAQ» қоғамдық қайырымдылық қорынан (2 рет), Б.К. Мендыгазиевтен, Д. Жанайдан, "МҰҚАЛМАС" қоғамдық бірлестігінен мәтіні бойынша бірдей 7 өтініш түскен.

- К.Ш. Баймахановтан, А.С. Фабрдан, О.Х. Жумагуловтан мәтіндік мазмұны бірдей 3 өтініш түскен.

- А.Т. Токаевадан және Ж.Г. Кожаковадан жазулары ұқсас, бірақ әр түрлі адамнан 2 өтініш түскен.

- Шардаровтың ұсынуымен екі адамнан 4 өтініш және «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорынан 4 өтініш, барлығы 8 өтініш түскен.

Өтініштердің көпшілігіне тиісті сенімхатсыз ЭЦҚ арқылы қол қойылған. Өтініш берген адамның ұйымға немесе өтініш берген азаматқа қандай қатысы бар екені белгісіз. Осылайша, АПК-нің 148-бабының талабы бұзылған.

Кейбір өтініштер белгілі бір тұлғаның ЭЦҚ-сы арқылы электронды түрде келіп түскен, бірақ өтініштің өзінде өтініш берушінің бағаны толтырылмаған, яғни оның тегі, аты және әкесінің аты көрсетілмеген. ЭЦҚ арқылы өтінішке талап-арыз берушінің өзі немесе оның өкілінің қол қойғанын анықтау мүмкін емес. Өтінішке уәкілеттік берілмеген тұлға қол қойған болса, оны судья қарауға құқылы емес.

Үш ұйымнан бір тұлға қол қойған өтініш келіп түсті. Бұл ретте осы адамның үш ұйымның атынан аталған өтінішке қандай негізде қол қойғаны белгісіз. 

Өтініштердің бір бөлігі шағымданудың 10 күндік мерзімінің өтуіне байланысты қайтарылды. Бұл мерзімді қалпына келтіру мүмкін емес. Заң мұндай өтініштерді қабылдауға және мерзімді қалпына келтіруге тікелей тыйым салады.

«Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» ҚҚ өз өтінішін Сарыарқа аудандық сотына жіберіп, ОСК қаулысын ресми НҚА деп санады. Алайда өтінішті мәні бойынша қарау үшін НҚА міндетті түрде әділет органдарында тіркелуі және келесі дереккөздерде жариялануы тиіс:

- ресми басылымдарда (ҚР Парламентінің жаршысы, ҚР Президенті мен ҚР Үкіметінің актілер жинағы, «ҚР Ұлттық Банкінің жаршысы»);
- НҚА-ның электронды эталондық бақылау банкінде;
- НҚА-ны ресми жариялау құқығы берілген БАҚ-тарда; 

Бұл тізбе АПК-ге сәйкес, толық және міндетті болып табылады. АПК онсыз өтініштерді қабылдауға тыйым салады. Алайда, құжат сотқа қоғамдық қордың атынан жолданғанымен, И.В.Медникованың қол қою өкілеттігін растаусыз, оның ЭЦҚ-сы арқылы қол қойылған.

Қорыта айтқанда, өтініштерді талдау олардың заң талаптарын анық бұза отырып берілгендігін көрсетті. Мүмкін, олар кері қайтарылады деп күтілген шығар. 

Осының барлығы өтініш берушілердің құқықтық білімінің жоқтығын және кәсіби заңгерлердің қатысуынсыз ресімделгендігін немесе сайлау процесінің айналасында теріс қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған синхронды әрекеттер деп айтуға негіз береді.

Аталған тұлғалардың барлық өтініштері мен олар бойынша қабылданған сот актілері ЕҚЫҰ-ның ДИАҚБ Миссиясының назарына ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы