Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа жылды тойлау кезінде дастарқанға түрлі-түрлі тағамдар қойылады. Тамақты шамадан тыс жеу де, тағамдық аллергияны тудыруы мүмкін азық түрлерін тұтыну да денсаулыққа зиян келтіреді.
2021 жылы елорданың жеке клиникалық-диагностикалық зертханасында 3068 адам тағамдық аллергендерге тексерілді. Әрбір төртінші пациентте (777 адамда немесе пациенттердің 25%-нда) белгілі бір азық түріне аллергия анықталған.
Оның ішінде 402 пациентте 1 тағамға аллергия, 172 адамда 2 бірдей азық түріне аллергия, 90 адамда 3 өнімге, 39 пациентте 4 тағам түріне аллергия бары анықталды. Ал 7 пациентте тіпті бір мезетте 11 және одан да көп азық түріне аллергия бар екен.
Ең жиі кездесетін тағамдық аллергендер ондығына сиыр сүті (257 жағдай), тауық жұмыртқасы (242 жағдай), глютен (169 жағдай), жұмыртқа ақуызы (108 жағдай), жержаңғақ (94 жағдай), бидай (74 жағдай), бал (70 жағдай), казеин (59 жағдай), банан (52 жағдай), шабдалы (44 жағдай) енді. Сондай-ақ жұмыртқа саруызына (40 жағдай), картопқа (34 жағдай), мандаринге (34 жағдай), алмаға (28 жағдай), грек жаңғағына (21 жағдай) және томатқа (18 жағдай) аллергия да кең таралған, - деді зертхана басшысы Ерлан Сүлейменов.
Қанда тағамдық аллергендерге қарсы арнайы Е иммуноглобулиндері анықталады.
Аллергия анықталған пациенттердің 50,5% - бұл 2-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер, 14,7% - 8-14 жастағы балалар, 13,6% - 0-1 жастағы сәбилер, - деді Ерлан Сүлейменов.
Тағамдық аллергия кезінде есекжемнің пайда болуы, ерін, бет, тіл, тамақ ісінуі, жүрек айнуы және құсу, іштің ауруы және диарея, ысқырықты дем алу, қан қысымының төмендеуі мен естен тану (анафилаксиялық шок) сияқты симптомдар болады.
Тағамдық аллергиясы бар адамдарға аллергенді мүлдем тұтынуға болмайды.