Жиһаз өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 63%- ға өсті

2 Қараша 2022, 22:07
1076
Бөлісу:
Жиһаз өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 63%- ға өсті

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде жиһаз өнімдерін өндіру көлемі 4,2 % - ға өсіп, 46,7 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның ішінде отыруға арналған арнайы жиһаз өндірісі 9,8 % - ға, ас үй жиһазының   өндірісі 8,8 % - ға өскен.

Сонымен қатар, бұл саладағы инвестициялар көлемі де өсті. 2022 жылғы қаңтар - қыркүйек кезеңінде жиһаз өнеркәсібіне 3 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63% - ға артық.

Ағымдағы жылы Шымкент қаласында "Mega Smart B2B" ЖШС жиһаз құрылысы жобасы және Солтүстік Қазақстан облысында "Сапа Инвест Плюс" ЖШС жиһаз өнеркәсібі үшін шикізат компоненттерін шығару кәсіпорны іске қосылды.

Өңірлер бөлінісінде жиһаз өнімдерін шығару бойынша жетекші орынды Алматы қаласы алады, онда жиһаз өндірісінің көлемі 13,3 миллиард теңгені құрады. Мегаполис аумағында осы саладағы барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 30 % шоғырланған. Сондай-ақ жиһаз өндірісі бойынша көшбасшылар арасында Алматы (3,5 млрд теңге), Қарағанды (3,4 млрд теңге) және Павлодар (3,4 млрд теңге) облыстары атап өтіледі. 

Елімізде жиһаз өнімдерін тұтыну нарығы өткен жылы 221 миллиард теңгені құрады. Сарапшылар халық санының өсуі, көші-қон, кірістің ұлғаюы, инфрақұрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй-жайлар құрылысының өсуі есебінен жиһаз өнімдерін әлемдік тұтынудың тұрақты өсуін болжайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың шілдесінде барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін офистік жиһаз сатып алуға мораторий мерзімі аяқталады, бұл отандық жиһаз өнімдерін өндірудің қосымша өсуіне ықпал ететін болады.

Өзгелердің жаңалығы