- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жәрдемақы, емделу, тегін жолдама: Астанада тұрғындарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?
Жәрдемақы, емделу, тегін жолдама: Астанада тұрғындарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?
Астанада жыл сайын 270 мыңға жуық тұрғынға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
16 Қараша 2026, 20:27
Астанада жыл сайын шамамен 270 мың адам әлеуметтік қолдаумен қамтылады. Атап айтқанда, зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тегін қызметтер көрсетіліп, ақшалай төлемдер беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала тұрғындары қандай көмекке үміт арта алатыны туралы Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы айтып берді.
Бүгінде елордада 39 мыңнан астам көпбалалы отбасы, 41 мыңнан астам мүгедектігі бар адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 10 мыңға жуық отбасы тұрады. Бұдан бөлек, қалада «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған 8 мың көпбалалы ана бар.
Ақшалай төлемдер кімдерге тиесілі?
Елордада өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан азаматтарға көмек қарастырылған.
-
Мәселен, балалары әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан отбасылар ай сайын 25 АЕК мөлшерінде төлем ала алады. Жыл басынан бері мұндай қолдауға 602 бала ие болды.
-
Туберкулезбен ауыратын науқастарға ай сайын 10 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылған. Онымен 506 адам қамтылған.
-
Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарға жеке көмек көрсетіледі. Оларға 15 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем тиесілі. Биыл оны 342 адам алды.
-
Өрт пен табиғи апаттардан зардап шеккен отбасыларға анағұрлым ірі сома қарастырылған. Егер жалғыз баспанасы жойылса немесе айтарлықтай зақымданса, әлеуметтік көмек мөлшері бір отбасына 400 АЕК-ті құрайды. 2026 жылы мұндай қолдауды 27 адам алды.
Санаторийге тегін және жеңілдікпен берілетін жолдамалар
Жасы бойынша зейнеткерлер жеңілдікті шарттармен санаторий-курорттық емделу мүмкіндігін пайдалана алады. Жыл басынан бері мұндай мүмкіндікке 4 883 адам ие болды. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы елордада барлығы 6 527 жолдама берілген болатын.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға және жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлеріне санаторий-курорттық емделу тегін ұсынылады.
Мүгедектігі бар адамдарға қалай көмек көрсетіледі?
Астанада мүгедектігі бар 41 мыңға жуық адам тұрады. Олар үшін техникалық оңалту құралдары мен арнаулы қызметтер қарастырылған.
Қараша айының басындағы деректер бойынша Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 41 355 оңалту құралы мен қызметі ұсынылды.
Атап айтқанда, есепте техникалық оңалту құралдарын, соның ішінде жүріп-тұру құралдарын, есту және көру қабілетіне арналған көмекші құрылғыларды, гигиеналық керек-жарақтар мен протездік-ортопедиялық көмекті алған 29 005 азамат көрсетілген. Тағы 12 350 адам оңалту қызметтерін алды.

Қанша астаналық жұмыс тапты?
Әлеуметтік төлемдерден бөлек, қала билігі тұрғындарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі.
Жылдың алғашқы он айында жұмыс іздеп 73 мыңнан астам адам жүгінген. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен 19 080 тұрғын қамтылып, оның ішінде 8 965 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 3 112 жұмыс берушіден 9 741 бос жұмыс орны орналастырылған. Астанада құрылған жұмыс орындарының саны бастапқы жылдық жоспардан едәуір асып түсті.
2026 жылға билік 33 682 жұмыс орнын құруды межелеген болатын. Алайда 1 қарашадағы жағдай бойынша олардың саны 63 657-ге жетті. Оның басым бөлігі – 48 540 жұмыс орны – жеке бастамаларға тиесілі. Тағы 6 152 жұмыс орны жобалар аясында құрылса, 8 965 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды.
Елордадағы әлеуметтік қолдау зейнеткерлерді, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарды ғана емес, сонымен қатар ауруға шалдыққан, баспанасынан айырылған немесе жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болған азаматтарды да қамтиды.
Ең оқылған: