Жигули Дайрабаев Қазақстанға жаңа банк құру керегін айтты

12 Сәуір 2023, 14:06
1333
Бөлісу:
Жигули Дайрабаев Қазақстанға жаңа банк құру керегін айтты
Фото: facebook.com

«Ауыл» партиясының фракция депутаттары 280 мыңға жуық фермерлердің, мыңдаған сала мамандары мен ауыл кәсіпкерлерінің талабына айналған агробанк құру мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Оның сөзінше, бүгінгі күні «Аграрлы несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы», тіпті «Бәйтерек» сияқты квазимемлекеттік мекемелердің қолы байлаулы.

Себебі олар екінші деңгейлі банкі емес. Олардың әкімшілік шығындары бар, жұмыскерлерінің алатын жалақысы бар, провизия жинауы керек. Ал табатын кіріс көзі біреу ғана. Осы шығындарды берген несиенің үстемақысына қоспағанда не істейді? Әділдігін айтайық, жекеменшік банкілер ауылда отырып байиды, ал шаруаларға қызмет көрсетіп жүрген квазимемлекеттік мекемелер бәрінен сөз естиді. Сондықтан да Қазақстанның аграрлық саласына өзінің мамандырылған банкісі керек. «Ауыл» партиясының талабы осы, - деп айтты депутат.

Ресейде банкілік жүйе жоғары деңгейде дамыған, соған қарамастан мемлекеттің меншігінде агросалаға жауапты Россельхозбанкісі бар. Бірқатар мемлекетте дәл осы принциппен мамандырылған банкілер жұмыс істейді. Ал Қазақстанда жоқ.

Аграрлы банкінің құрылуына қарсы адамдар ауыл шаруашылығы саласының тиімділігі төмен, тәуекелдері көп екенін алға тартады. Біздің айтарымыз - олардың дәл осы жауаптары агробанкінің құрылуына бөгет емес, керісінше негіз болуы тиіс. Себебі екінші деңгейлі банк қана өзіне тән сантүрлі банкілік операцияларын атқару арқылы сондай тәуекелдерді реттей алады. Қазақстан аграрлы державаға айналуы үшін ең алдымен өзінің дербес агробанкісін құруы тиіс, – деп санайды ол.

Дайрабаевтың айтуынша, қазіргі күні несиелендіру процесі шашыраңқы, фермерлер 35-ге жуық құжаттарды жинауға мәжбүр, шалғай жатқан ауылдардағы шаруалар қай мекемеге барып ақша алатынын білмей, шатасып жатады.

Агробанк құрылса кәсіпкерлер сол жерде есеп шоттарын ашып жұмыс істейді. Шоттарындағы ақша айналымын көріп отырған агробанк оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, сеніммен кредит бере алады.

«Аграрлы несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және тағы басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, мемлекеттің қатысуымен агробанк ашуды ұсынамыз. Қазақстанның даму банкі туралы арнайы заң бар. Қажет болған жағдайда «Ауыл» партиясының фракциясы «Қазақстанның Аграрлық банкі туралы» заң жобасына мұрындық болуға дайын, - деп сөзін толықтырды депутат.

Өзгелердің жаңалығы