Жігіттің жақсысы сөзге тоқтай білген – Димаш Құдайбергенов

4 Қаңтар 2022, 23:46
3047
Бөлісу:
Жігіттің жақсысы сөзге тоқтай білген – Димаш Құдайбергенов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің бірнеше өңірінде болып жатқан жағдайларға байланысты әнші Димаш Құдайбергенов әлеуметтік желі арқылы өз пікірін білдірді.

Жырақта іссапарда жүріп, елдегі болып жатқан жағдайды естіп, көңілім алаңдаулы. Туған жерім, елім мен үшін әрқашан қымбат – халқыммен біргемін.  Бәріміз үшін ең бастысы – халықтың бірлігі, амандығы, елдің әр азаматының әлеуметтік жағдайының дұрыстығы. Наразылығын білдіруге келген үлкен де кіші де отбасының қамы үшін жүр. Бүгінде күнкөріс күн сайын қымбаттап, халыққа оңайға соғып жатқан жоқ. ХАЛЫҚ ШАРШАДЫ!!! Сол себепті тұрмыс-тіршілік деңгейін көтеру мақсатында жүйелі әрі нақты шаралар қолданылуы керек. Тек бір мәселе, жыртығымызды жамаймыз деп жүріп, бірлігімізге нұқсан келтіріп алмайық, ағайын! – деп жазды Димаш.

Сондай-ақ ол биліктегі құзырлы азаматтар тез арада оңтайлы шешім қабылдап, қордаланған мәселелерді шешу керектігін де айтты.

"Жігіттің жақсысы –  дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген". Биліктегі құзырлы азаматтар тез арада оңтайлы шешім қабылдап, қордаланған мәселелерді шешсін. Барынша сабырмен, жағдайға байыппен қарап, өзара ортақ шешім қабылдауға ұмтылайық! Билік тарапынан халыққа күш көрсетілмей, халық тарапынан ақылға жеңдіріп, әр қадамды, ертеңгі күнімізді ойлап бір мәмілеге келуге жазғай! Аман бол, елім! – деді Димаш Құдайбергенов.

Өзгелердің жаңалығы