ЖИ стилист қызметін ұсынған алаяқтар зиянды бағдарлама таратып жатыр

Алаяқтар фотосурет арқылы шаш үлгісін, макияж бен жеке образ таңдауға көмектесетін қосымша ұсынады. Алайда оны жүктеген адамның смартфонына қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін бағдарлама орнатылуы мүмкін.

 istockphoto.com 14 Қараша 2026, 20:51
14 Қараша 2026, 20:51
143
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жасанды интеллект негізіндегі тегін сервистерді пайдаланатын азаматтарға қатысты жаңа алаяқтық схема анықталды. Қаскөйлер шаш қию үлгісін, шаш сәнін, макияжды таңдауға және фотосурет арқылы жеке образ жасауға арналған қосымшалар түрінде зиянды бағдарламалар таратып жатыр.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы шетелдік дереккөздерге сілтеме жасап, осындай қауіп туралы ескертті.

Алаяқтар қолданушыларға сілтеме арқылы өтіп, ЖИ стилистің мүмкіндіктерін пайдалануға арналған арнайы қосымшаны жүктеуді ұсынады. Алайда уәде етілген сервистің орнына құрылғыға зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылады.

Осыдан кейін қаскөйлер смартфонға қашықтан қол жеткізіп, оның жекелеген функцияларын басқара алады және жеке ақпаратты қарай алады. Бұдан бөлек, мұндай бағдарлама құпия деректерге, банк қосымшалары мен басқа да қаржылық сервистерге қол жеткізуі мүмкін. Бұл азаматтардың ақшасын ұрлау қаупін тудырады.

Осыған байланысты Бас прокуратура цифрлық қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, қосымшаларды тек Google Play және App Store сияқты ресми дүкендерден жүктеу қажет. Сондай-ақ жарнамалардағы, хабарламалардағы және белгісіз интернет-ресурстардағы күмәнді сілтемелерге өтпеу керек.

Қосымшаны орнатпас бұрын оның атауын, әзірлеушісін, ресми сайтын, қолданушылардың пікірлері мен жарияланған күнін тексерген жөн. Сонымен қатар бағдарлама сұрайтын рұқсаттарға мұқият назар аудару қажет. Смартфонның кіріктірілген қорғаныс құралдарын өшіруді талап ететін қосымшаларды орнатуға болмайды.

Белгісіз сервистерге банк картасының деректерін, құпиясөздер мен SMS немесе push-хабарламалар арқылы келетін растау кодтарын енгізбеу ұсынылады. Сондай-ақ бейтаныс қосымшаларға банк сервистеріне, хабарламалар мен ескертулерге қол жеткізуге рұқсат бермеген дұрыс.

Бұдан бөлек, смартфонның операциялық жүйесін уақтылы жаңартып, зиянды бағдарламалардан қорғайтын кіріктірілген құралдарды пайдалану қажет.

Ведомство қазақстандықтарды әр қосымшаның жүктелетін көзін тексеріп, тегін ЖИ сервистері туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.

Наверх