ЖИ қолдана білетіндердің бәрі бірдей сауатты емес: Оны қалай анықтауға болады?

27 Қараша 2026, 17:46
АВТОР
 gov.kz 27 Қараша 2026, 17:46
27 Қараша 2026, 17:46
135
Фото: gov.kz

Жасанды интеллектіні қолдана білу адамның бұл салада сауатты екенін білдіре ме? Мамандардың айтуынша, ЖИ сауаттылығы нейрожелілермен жұмыс істеумен ғана шектелмейді. Ол технологияның қалай жұмыс істейтінін түсінуді, оның көмегімен жаңа өнім жасау мен өзара тиімді әрекеттесуді, сондай-ақ ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдануды қамтиды. Бұл құзыреттерді қалай объективті бағалауға болады? Осы мәселе Ұлттық тестілеу орталығының «UTO Talks» подкастында талқыланды.

Подкаст қонағы – Жоғары экономика мектебі Ұлттық зерттеу университетінің Білім берудегі психометрика және өлшемдер орталығы директорының орынбасары Алина Иванова.

ЖИ сауаттылығының маңызды құрамдас бөлігі – жасанды интеллектіні адамдар әзірлейтінін және пайдаланушылардың өздері де оның қалыптасу үдерісіне қатысатынын түсіну. Сондықтан ЖИ-мен жұмыс істегенде этикалық мәселелерге, өз әрекетінің ықтимал салдарына және дербес деректердің қауіпсіздігіне мән беру қажет, - деді сарапшы.

Алина Иванова жасанды интеллектіні адамға тән қасиеттермен қабылдау, яғни антропоморфизация құбылысына да назар аударды. Мысалы, адам нейрожеліні өзін жақындарынан да жақсы түсінетін сұхбаттас ретінде қабылдауы немесе оған жеке хаттарын жүктеп, дербес деректерін ашуы мүмкін. Алайда ЖИ-мен сәтті әрекеттесу адамның осы салада жеткілікті сауатты екенін білдірмейді.

Сарапшы ғылыми ортада ЖИ сауаттылығы мен цифрлық сауаттылықтың арақатынасына қатысты ортақ пікір жоқ екенін де атап өтті. Зерттеушілердің бір бөлігі ЖИ сауаттылығын цифрлық сауаттылықтың құрамдас бөлігі деп санаса, енді біреулері оларды жеке бағыттар ретінде қарастырады. Үшінші көзқарас бойынша, екі ұғымның ортақ негізі – ақпарат пен технология нәтижелерін сыни тұрғыдан бағалауға мүмкіндік беретін сыни ойлау.

ЖИ сауаттылығын қалай өлшеуге болады?

Бұл бағыттағы бағалаудың кең таралған тәсілдерінің бірі – өзін-өзі бағалау. Мысалы, респонденттерден жасанды интеллектіні қаншалықты жиі қолданатыны, осы саладағы білімі мен дағдыларын қалай бағалайтыны сұралады. Алайда мұндай тәсіл адамның нақты қабілетінен гөрі, өзі туралы субъективті пікірін көрсетеді.

Алина Иванова адамның өз қабілетін асыра бағалауымен байланысты Даннинг – Крюгер әсерін мысалға келтірді. Оның айтуынша, өзін-өзі бағалау мен сауаттылықтың объективті көрсеткіштері арасындағы корреляция 0,2-ден аспайды. Бұл адамның өз дағдыларына деген сенімі оның нақты құзыреттеріне әрдайым сәйкес келе бермейтінін көрсетеді.

Сондықтан ЖИ сауаттылығын бағалау тек сауалнамалармен шектелмеуі керек. Ол практикалық дағдыларды, сыни ойлауды және технологияны жауапкершілікпен қолдану қабілетін тексеретін объективті өлшеу құралдарына негізделуі қажет.

AIT тестінде заманауи құзыреттер бағаланады

Құзыреттерді объективті өлшеу қағидаттары Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатқан Admissions Insight Test (AIT) тестінің мазмұнында да ескерілген.

Әзірленіп жатқан тестте жасанды интеллектіні қолдану дағдыларын, цифрлық және сандық сауаттылықты бағалауға арналған жеке блок қарастырылған.

Мұндай тәсіл пәндік біліммен қатар, заманауи университетте оқу және технология қарқынды дамыған жағдайда ақпаратпен жұмыс істеу үшін қажетті құзыреттерді де бағалауға мүмкіндік береді.

Наверх