Форумды «Жэньминь жибао» газеті мен Фуцзянь провинциясының халық үкіметі бірлесіп ұйымдастырды. Биылғы жиын «Ортақ түсіністік пен мақсат жолында – «Бір белдеу, бір жол» бойындағы үндестік» тақырыбына арналды.
Қатысушылардың пікірінше, Қытай бастамасынан бастау алған «Бір белдеу, бір жол» жобасы бүгінде халықаралық деңгейдегі ауқымды ынтымақтастық алаңына айналды. Оның ауқымы, географиялық қамтуы мен ықпалы жағынан әлемдегі ең ірі экономикалық ынтымақтастық платформаларының бірі ретінде қалыптасқаны атап өтілді.
Форумда түрлі елдердің бұқаралық ақпарат құралдары Жібек жолының мазмұнды оқиғаларын бірлесіп жариялап, саясат саласындағы өзара түсіністікті және халықтар арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосуы қажет екені айтылды.
Жиын аясында ашылу салтанаты, үш тақырыптық секция және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Форумнан кейін Қытай және шетелдік БАҚ өкілдері Фуцзянь провинциясы мен елдің басқа да өңірлеріне бірлескен баспасөз сапарына аттанды. Форумға қазақстандық БАҚ өкілдері де қатысты.
«Бір белдеу, бір жол» медиа ынтымақтастығы жөніндегі Фучжоу бастамасы қабылданды
Форумға қатысқан түрлі елдер мен өңірлердің медиа өкілдері «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы сапалы ынтымақтастықты дамыту және ақпарат алмасуды кеңейту жөнінде Фучжоу бастамасын жариялады.
Құжатта медиа саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың бес негізгі бағыты белгіленген.
Біріншісі – өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту. Бастамада ашықтық пен ынтымақтастық тарихи дамудың негізгі бағыты, ал өзара тиімділік барлық халықтың ортақ ұмтылысы екені атап өтілген. Құжат авторларының пікірінше, соңғы 13 жылда «Бір белдеу, бір жол» Қытай бастамасынан халықаралық тәжірибеге айналып, әлемдік экономиканың өсуіне, жаһандық экономикалық басқаруды жетілдіруге және халықтардың әл-ауқатын арттыруға үлес қосқан.
Екіншісі – ортақ түсіністік қалыптастыру. БАҚ ақпарат тарату, өзара сенімді нығайту және ортақ пікір қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты медиа ұйымдар кәсіби ұстанымды сақтап, субъективті көзқарастан аулақ болуға, жалған ақпаратты анықтап, оған қарсы тұруға және оң мазмұндағы ақпаратты кеңінен таратуға шақырылды.
Үшіншісі – контент саласындағы ынтымақтастықты тереңдету. Елдердің медиа ұйымдары «Бір белдеу, бір жол» жаңалықтар желісі сияқты көпжақты платформалар арқылы бірлескен журналистік зерттеулер мен сапарлар ұйымдастырып, ақпарат алмасу және ортақ бағдарламалар әзірлеу жұмыстарын жалғастыруы ұсынылды. Сондай-ақ тұрақты ынтымақтастық тетіктерін қалыптастырып, сапалы медиа өнімдер санын арттыру қажеттігі айтылды.
Төртіншісі – технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану. Жасанды интеллект және басқа да жаңа ақпараттық технологиялар медиа кеңістігін өзгертіп, жаңа мүмкіндіктермен қатар бірқатар сын-қатерлер де туғызып отыр. Сондықтан медиа ұйымдар цифрлық даму үрдісіне бейімделіп, технологияны сапалы контент таратуға пайдалануы қажет. Сонымен қатар жасыл экономика, цифрлық даму және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты кеңінен көрсету ұсынылды.
Бесіншісі – халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайту. БАҚ өркениеттер арасындағы диалогтың дәнекері ретінде мәдени алмасу тетіктерін дамытып, түрлі қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысуы тиіс. Құжатта Фуцзянь провинциясының атауындағы «Фу» иероглифі «береке», «бақыт» мағынасын білдіретіні айтылған. Бұл ұғымның әртүрлі елдер мен халықтарға ортақ екені атап өтілген. Бастама авторлары ортақ игілікке деген ұмтылысты халықтар арасындағы сенім мен түсіністікті нығайтуға бағыттауға шақырды.
Құжатта алдағы уақытта әлем елдерінің медиа ұйымдары арасындағы тығыз байланысты жалғастырып, ортақ даму идеясын насихаттау және адамзаттың ортақ болашағын қалыптастыруға үлес қосу қажеттігі айтылған.