ЖИ мектеп пен колледжге кірді: 350 мың педагог, 200 мың ChatGPT Edu лицензиясы және жаңа талаптар

ЖИ мұғалімді алмастыра ма, оқушы мен студент оны қалай қолдануы керек? Мектеп бағдарламасынан бастап академиялық адалдыққа дейінгі өзгерістер – BAQ.KZ шолуында.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 30 Қыркүйек 2026, 16:18
30 Қыркүйек 2026, 16:18
135
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанның білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізу жұмысы 2026 жылы жаңа кезеңге өтті. Мектеп бағдарламалары жаңартылып, педагогтерді оқыту басталды, ChatGPT Edu платформасын білім беру ұйымдарына енгізу қолға алынды. Сонымен қатар шағын жинақты мектептерде ЖИ шешімдерін сынақтан өткізу және Ұлттық білім беру ЖИ-платформасын әзірлеу жоспарланған. Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні қолдану қалай өзгереді, қанша мұғалім оқытылды, оқушыларға қандай жаңа талаптар қойылады? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де мәселелерді зерттеп, білім беру жүйесіне ЖИ енгізу жұмысына шолу жасады.

ЖИ-ді мектепке енгізудің құқықтық негізі қандай?

Қазақстанда бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың құқықтық негізі 2026 жылғы 12 мамырда қаланды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» №1274 Жарлыққа қол қойды.

Құжат бойынша Үкіметке орта білім беру жүйесіне ЖИ-ді кеңінен енгізуге бағытталған 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеу тапсырылды. Жоспар дербестендірілген оқытуды, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, педагог кадрларды даярлауды және білім алушылардың дербес деректерін қорғауды қамтуы тиіс болды.

Осы тапсырманы іске асыру үшін Үкімет 2026 жылғы 18 тамыздағы №733 қаулысымен «Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен ендіруге бағытталған шаралардың 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекітті.

Құжатты іске асыруға Оқу-ағарту министрлігімен қатар Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және «Қазақтелеком» қатысады.

Кешенді жоспар бойынша 2026–2029 жылдары бірнеше бағыт қатар іске асырылады. Соның ішінде Ұлттық білім беру ЖИ-платформасын құру, пилоттық мектептерде ЖИ модульдерін сынақтан өткізу, педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту, сондай-ақ білім беру жүйесінде ЖИ қолдану стандарттарын әзірлеу көзделген.

Мектеп бағдарламасына қандай өзгеріс енгізілді?

Жасанды интеллект енді мектепте тек қосымша цифрлық құрал ретінде емес, оқу бағдарламасының бір бөлігі ретінде қарастырыла бастады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1–4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгерді. Бұл ретте ЖИ жеке пән ретінде енгізілген жоқ, оның негіздері қолданыстағы пәндерге кіріктірілді.

Бұл өзгеріс Оқу-ағарту министрінің  2026 жылғы 16 қыркүйектегі №258-НҚ бұйрығымен рәсімделді. Бұйрық 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрықпен бекітілген мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгерістер енгізді.

Жаңартылған мазмұнға ЖИ бойынша жалпы 43 оқу мақсаты енгізілді.

Оның ішінде 1–4 сынып оқушылары «Медиасауаттылық және ЖИ» бағыты бойынша 17 оқу мақсатын меңгереді. Бұл кезеңде балалар цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерімен танысады.

5–9 сыныптарда «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ» бөлімдері бойынша 14 оқу мақсаты қамтылған. Оқушылар ЖИ құралдарын оқу процесінде қолдану, сауатты сұраныс құрастыру, алынған ақпаратты сыни бағалау, киберқауіпсіздік және академиялық адалдық талаптарын меңгереді.

Ал 10–11 сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бағыты бойынша 12 оқу мақсаты қарастырылған. Мұнда машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздеріне басымдық беріледі.

350 мыңнан астам педагог ЖИ бойынша оқудан өтті

ЖИ-ді білім беру процесіне енгізудің тағы бір негізгі бағыты – педагогтерді даярлау.

Қазір 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде жасанды интеллектіні тиімді қолдану бойынша арнайы оқудан өткен. Сонымен қатар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп әзірлеген тегін онлайн курсқа қатысушылар саны да 350 мыңға жуықтаған. Курста мұғалімдер оқу материалдары мен тест тапсырмаларын әзірлеу, иллюстрация жасау, сабақ жоспарын жетілдіру және ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалану тәсілдерін меңгереді.

Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап орта білім беру ұйымдарының педагогтерін біліктілігін арттыру бойынша мемлекеттік тапсырма шеңберінде төрт арнайы бағдарлама іске асырылып жатыр.

Оқу-ағарту министрлігінің BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабына сәйкес, жоспар бойынша осы бағдарламалар арқылы 10 588 педагогті оқыту көзделген. Оның ішінде 8 288 педагог курстан өтті, ал тағы 2 300 педагогті оқыту жоспарланған.

Бағдарламалар бойынша жағдай мынадай:

  • «Дербестендірілген оқытуға арналған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект» – 3 202 педагогті оқыту жоспарланған, оның 2 546-сы курстан өтті;
  • «Бастауыш сыныптарда дербестендірілген оқытуға арналған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект» – 2 240 педагог жоспарланып, 1 946 педагог оқытылды;
  • «Шағын жинақты мектептерде біріктіріп оқытуда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану» – 481 педагог жоспарланып, 378 педагог оқудан өтті;
  • «Білім берудегі ЖИ-модельдері» – 4 665 педагогті оқыту жоспарланған, оның 3 418-і курсты аяқтады.

Осылайша, мемлекеттік тапсырма бойынша педагогтерге тек белгілі бір ЖИ сервисін пайдалану үйретіліп қана қоймай, технологияларды дербестендірілген оқытуда, бастауыш сыныптарда және шағын жинақты мектептер жағдайында қолдануға басымдық беріліп отыр.

Мұғалімнің ЖИ бойынша біліктілігі қалай бағаланады?

Біліктілікті арттыру курсының тиімділігі тек мұғалімнің бағдарламаны аяқтап, сертификат алуымен шектелмейді. «Өрлеу» БАҰО курстан кейін де педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетеді.

Бұл үдеріс педагогтің сабақ жоспарларын қайта қарап, сараланған оқу материалдарын әзірлеуінен басталып, ашық сабақтар өткізу, сабақтарға бірлесе талдау жасау және тренер-оқытушылардың әдістемелік кері байланысын алу арқылы жалғасады, – деп түсіндірді министрлік.

Курстан кейінгі қолдаудың тиімділігі нақты бекітілген критерийлер жүйесі арқылы өлшенеді.

Сонымен бірге бақылау мен кері байланыс нәтижелері, педагогтердің оқу мазмұны мен оның практикалық құндылығына қанағаттану деңгейі де бағалау критерийлерінің қатарында.

Бұл ретте оқушылардың білім нәтижесіндегі өзгерісті тек бір біліктілікті арттыру курсының нәтижесі ретінде қарастыруға болмайды. Себебі білім сапасына бір мезгілде бірнеше фактор әсер етеді.

200 мың педагог ChatGPT Edu жобасына қосылады

Педагогтердің ЖИ құралдарын практикалық тұрғыда меңгеруіне бағытталған тағы бір жоба – ChatGPT Edu.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы жобаға 200 мың педагогті қосу жоспарланған. Министрліктің қажеттілігі үшін бастапқы кезеңде 100 мың лицензия бөлінді. Оның 5 мыңы мектепке дейінгі ұйымдарға, 85 мыңы орта білім беру ұйымдарына, 10 мыңы колледждерге арналған. Жылдың екінші жартысында тағы 100 мың педагогке қолжетімділік беру көзделген.

ChatGPT Edu педагогтерге сабақ жоспарын, тапсырмалар мен тесттерді дайындауға, оқу материалдарын оқушылардың деңгейіне бейімдеуге, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде материал әзірлеуге көмектеседі.

Сонымен қатар Қазақстан OpenAI-дың Edu for Countries халықаралық бастамасының алғашқы тобына қосылды. Бұл бағытта елдің білім беру ұйымдарына барлығы 165 мың тегін лицензия беру көзделген. Оның 100 мыңы мектепке дейінгі, орта және техникалық-кәсіптік білім беру педагогтеріне, 62 800-і жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлеріне, 2 200-і Astana Hub экожүйесінің қатысушыларына арналған.

Колледждерде де ЖИ бойынша жаңа бағдарламалар енгізіліп жатыр

Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мектептермен ғана шектелмейді. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да оқу бағдарламалары еңбек нарығындағы жаңа талаптарға бейімделіп жатыр.

2026 жылы ТжКБ мамандықтарының сыныптауышы 20 жаңа мамандықпен толықтырылды. Осы мамандықтар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленді. Қазір 552 кәсіптік стандарт негізінде жалпы 14 494 білім беру бағдарламасы жасалған, оның 4 348-і жұмысшы біліктіліктеріне арналған.

Жаңартылған бағдарламаларға микробіліктіліктермен қатар қосымша Minor бағдарламалары енгізіліп жатыр. Оның ішінде барлық білім беру бағдарламаларына кәсіби қызметте жасанды интеллект құралдарын қолдануға бағытталған Minor енгізу қарастырылған.

Колледж педагогтерін даярлау бойынша да арнайы жұмыс жүргізілуде. Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы серіктестерімен бірге техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде ЖИ құралдарын қолдануға арналған республикалық бағдарламаны іске қосты. Бағдарлама IT саласының маманы емес колледж оқытушыларына арналған. Оқыту 10 аптаға жоспарланып, гибридті форматта өтеді. Жоба Астана қаласын, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарын қамтиды.

ЖИ-ді сынақтан өткізуге 500 мектеп таңдалды

ЖИ-ді мектептерде сынақтан өткізу жұмысы да басталды.

Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пилоттық жобаға қатысуға дайын 500 мектептің тізімін қалыптастырды. Оның ішінде 250-і – шағын жинақты мектеп, 150-і – жалпы білім беретін мектеп және 100-і – «Келешек мектептері».

Бұл мектептердің цифрлық инфрақұрылымы, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылуы, компьютерлік техникасы, кадрлық әлеуеті және ЖИ шешімдерін енгізуге дайындығы талданды.

Кешенді жоспар бойынша Ұлттық білім беру ЖИ-платформасының пилоттық жобасы бірнеше кезеңмен іске асырылмақ.

2026 жылғы қыркүйек-желтоқсан аралығында кемінде 10 шағын жинақты мектепте, 2027 жылғы қаңтар-наурызда 50 мектепте, ал 2027 жылғы сәуір-мамырда тағы 440 шағын жинақты мектепте пилот өткізу жоспарланып отыр.

Осы пилоттың нәтижесінде білім сапасы, оқушылардың оқу процесіне қатысу белсенділігі, цифрлық құралдар мен ЖИ шешімдерін енгізудің тиімділігі және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім алшақтығының өзгеруі бағаланады. Пилот нәтижесі бойынша Ұлттық білім беру ЖИ-платформасын дамыту және ауқымын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленуі тиіс.

Ұлттық білім беру ЖИ-платформасы қашан іске қосылады?

Кешенді жоспар тек пилоттық жобамен шектелмейді. Құжатта Ұлттық білім беру ЖИ-платформасын құру қарастырылған. 2026 жылдың соңына дейін оның техникалық тапсырмасы мен мемлекеттік инвестициялық жобасын әзірлеу жоспарланған. Ал платформаны құру және пайдалануға беру 2028 жылғы шілдеге белгіленген.

Сонымен қатар 2026 жылғы қыркүйекте Ұлттық жобалық кеңсе құру, ал желтоқсанға дейін орта білім беру жүйесінде ЖИ орталығын құру көзделген.

Кешенді жоспар бойынша ЖИ-ассистенттерді енгізу арқылы педагогтердің әкімшілік жүктемесін де кезең-кезеңімен азайту көзделіп отыр. Жоспарлы көрсеткіш бойынша 2026 жылы әкімшілік міндеттерге жұмсалатын уақытты кемінде 5%-ға, 2027 жылы 15%-ға, 2028 жылы 25%-ға, ал 2029 жылы 30%-ға қысқарту жүзеге асырылмақ.

ЖИ мұғалімді алмастыра ма?

Білім беру жүйесіне ЖИ енгізілгенімен, негізгі қағидалардың бірі – технологияның педагогті алмастырмауы.

Әдістемелік ұсынымдарда ЖИ сабаққа дайындалуға, оқу материалдарын бейімдеуге, тапсырмалар әзірлеуге және ақпаратты талдауға көмектесетін құрал ретінде қарастырылады. Ал оқу мазмұнын түпкілікті таңдау, оқушының жұмысын бағалау және педагогикалық шешім қабылдау мұғалімнің құзыретінде қалуы тиіс.

ЖИ жасаған ақпаратты да тексеру қажет. Себебі жүйе ұсынған жауап әрдайым дұрыс немесе толық болмауы мүмкін. Сондықтан оқушыларға да ЖИ-ді дайын жауап алатын құрал ретінде емес, ақпаратпен жұмыс істеуге көмектесетін технология ретінде қолдану дағдысын қалыптастыру көзделіп отыр.

ЖИ қолданғанда қандай қауіпсіздік талаптары ескеріледі?

Білім беру процесінде ЖИ қолдануға қатысты тағы бір маңызды мәселе – дербес деректер мен академиялық адалдық.

Педагогтерге арналған әдістемелік ұсынымдарда оқушылардың жеке мәліметтерін сыртқы ЖИ сервистеріне енгізуге болмайтыны көрсетіледі. Мұғалім ЖИ көмегімен дайындалған материалдың дұрыстығын тексеруі керек.

Оқушылардың да ЖИ қолданғанын жасырмай көрсетуі маңызды. Мысалы, тапсырманы орындау кезінде қандай ЖИ құралын пайдаланғанын, оны қашан қолданғанын және қандай сұраныс бергенін көрсету талабы қарастырылған.

Ал ЖИ жасаған жұмысты толығымен өз еңбегі ретінде ұсыну академиялық адалдық мәселесін туындатуы мүмкін. Сондай-ақ ЖИ детекторларының көрсеткішін оқушының жұмысын бағалаудың жалғыз дәлелі ретінде қолдануға болмайды. Мұндай жағдайда мұғалімнің қосымша тексеруі мен адамның шешімі қажет.

ЖИ-ді қай кезде қолдануға болады?

ЖИ-ді оқу процесіне енгізу кезінде барлық тапсырманы автоматтандыру көзделмейді. Әдістемелік тәсіл бойынша оны сабақ жоспарын әзірлеу, тест немесе тапсырма жобасын дайындау, мәтінді тілдік тұрғыда тексеру, қысқаша мазмұн жасау, аударма сияқты салыстырмалы түрде төмен тәуекелді жұмыстарда пайдалануға болады.

Ал қорытынды, тоқсандық немесе емтихан бағасын автоматты түрде қою, оқушыны арнайы сыныпқа бөлу немесе тәртіптік шешім қабылдау сияқты жоғары жауапкершілікті шешімдерді тек ЖИ нәтижесіне сүйеніп қабылдауға болмайды. Мұндай жағдайда соңғы шешім адам тарапынан қабылдануы тиіс, – деп көрсетілген әдістемелік құжатта.

Қазақстандық ЖИ құралдары да енгізіліп жатыр

Білім беру саласында шетелдік сервистермен қатар отандық ЖИ құралдары да қолданылып келеді. Оқу-ағарту министрлігі білім беру процесіне Roqed AI, Kashgari, Stem-solutions және testter.kz сияқты отандық құралдар енгізіліп жатқанын хабарлады.

Министрлік мәліметінше, Астанадағы №99, №101, №104 және №107 мектептердегі тәжірибе ЖИ қолдану тапсырмаларды тексерудің тиімділігін арттырып, педагогтердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік бергенін көрсеткен.

Сонымен қатар Массачусетс технологиялық институтымен (MIT) бірлескен Day of AI Qazaqstan жобасы арқылы оқушылардың ЖИ сауаттылығын арттыру және мектеп пәндеріне ЖИ элементтерін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ЖИ сауаттылығы тек мұғалімге емес, оқушыға да қажет

Осы өзгерістердің барлығы білім беру жүйесінде ЖИ-ді жай ғана қолданудан гөрі, оны түсініп әрі жауапкершілікпен пайдалануға көшуге бағытталған.

Жаңартылған оқу бағдарламаларында оқушылардың ЖИ туралы базалық түсінігін қалыптастырумен қатар, ақпаратты тексеру, дұрыс сұраныс құрастыру, цифрлық қауіпсіздікті сақтау, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық талаптарын ұстану дағдыларына мән берілген.

Яғни мектептегі ЖИ сабақтары тек «нейрожелімен жұмыс істеуді» үйретумен шектелмейді. Оқушы оның берген нәтижесін тексеріп, ақпараттың қаншалықты дұрыс екенін бағалап, технологияны қай кезде және қандай мақсатта қолдануға болатынын түсінуі керек.

Наверх