Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері туралы пікір білдіріп, жаңа технологиялар дәуірінде мамандарды қайта даярлау мәселесінің өзектілігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасанды интеллект кейбір механикалық мамандықтарды ығыстырғанымен, сонымен қатар жаңа кәсіптердің пайда болуына себеп болады. Сондықтан бұл салада тепе-теңдік сақталады, – деді депутат.
Смышляеваның айтуынша, басты мәселе – кадрларды қайта даярлау. Жаңа кәсіпке икемделіп, қайта оқуға әркім бірдей дайын емес.
Бұл жерде қайта даярлау мәселесімен жұмыс істеу керек. Алайда бұл үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ, – деп қосты ол.
Сонымен қатар депутат жасанды интеллект барлық мамандықты бірден алмастырады деген болжамдармен келіспейтінін айтты.
Маған журналист әріптестер жиі: "Сіз депутаттарды ЖИ алмастырады деп қорықпайсыз ба?" – деп сұрайды. Бірақ шығармашылық және интеллектуалдық күрделі мамандықтарға әлі де біраз уақыт қажет. Себебі жасанды интеллекттің дұрыс жұмыс істеуі үшін сапалы, сенімді деректер керек. Ал біздің заңдарымыз машина оқи алатындай емес – олардың алгоритмі жоқ, – деді Смышляева.
Оның айтуынша, заң шығару саласы жасанды интеллект үшін әлі күрделі болып отыр, өйткені қазіргі нормативтік-құқықтық база машиналарға түсінікті форматта құрылмаған.
Бізде заңнаманың құрылымы алгоритмдік емес, сондықтан бұл салада ЖИ әлі біразға дейін толыққанды шешім қабылдай алмайды, – деді депутат.
Смышляева цифрлық дәуірде адам мен технологияның қатар дамуына жағдай жасау үшін сапалы білім мен қайта даярлау жүйесін дамыту қажеттігін атап өтті.