Жезқазғанда төрт жасөспірім мінген BMW көлігі апатқа ұшырап, 13 жастағы бала қаза тапты. Тағы екі кәмелетке толмаған жасөспірім ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы Шолохов көшесінде болған. BMW жүргізушісі көлікті басқара алмай, электр желісінің тірегіне соғылған.
Көлікте 17 жастағы, екі 16 жастағы және 13 жастағы жасөспірім болған. Соқтығыстан кейін 13 жастағы бала көлік салонында қысылып қалған. Құтқарушылар оны арнайы техниканың көмегімен шығарып алғанымен, алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға орнына Ұлытау облысы ТЖД-ның тоғыз қызметкері мен екі техникасы жұмылдырылды.
Аталған факті бойынша Жезқазған қаласының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
«Тергеу барысы бақылауда», – деп хабарлады Ұлытау облыстық полиция департаменті.