Астаналық дәрігерлер 63 жастағы әйелге ерекше ота жасады

Ұлттық ғылыми медициналық орталық дәрігерлері операцияны бір сантиметрге жетпейтін шағын тілік арқылы сәтті аяқтады.

 Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың баспасөз қызметі 22 Қыркүйек 2026, 17:45
22 Қыркүйек 2026, 17:45
71
Фото: Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың баспасөз қызметі

Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта бір ғана бүйрегі бар 63 жастағы әйелдің бүйрегіндегі барлық тас алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Науқас 16 қыркүйекте несеп-тас ауруы және несеп жолдарының инфекциясымен түскен.

Бір бүйрегі бар пациенттерге ота кезінде ерекше мұқият дайындық қажет. Сондықтан операция алдында инфекциялық процесті ескере отырып, асқыну қаупін барынша азайтуға бағытталған қажетті дайындық жүргізілді.

18 қыркүйекте пациентке оң жақ бүйрегіне перкутанды нефролитотрипсия (ПНЛТ) жасалды. Барлық тас көлемі бір сантиметрден аспайтын шағын тілік арқылы алынды. Аз инвазивті әдіс хирургиялық жарақатты азайтып, бүйрек қызметін барынша сақтауға мүмкіндік береді.

Ұлттық ғылыми медициналық орталық урология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-уролог, PhD Ербол Искаковтың айтуынша, мұндай операция кезінде үлкен хирургиялық тілік жасалмайды.

Фото: Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың баспасөз қызметі

Бел тұсында кішкентай тесік арқылы бүйрекке жіңішке арна жасалады. Сол арқылы арнайы құрал енгізіліп, тас лазердің көмегімен ұсақталып, толық алынады. Негізгі артықшылығы – хирургиялық жарақаттың аз болуы және науқастың тезірек қалпына келуі, – деді дәрігер.

Ләззәт Дәулетованың оң жақ бүйрегінен алынған тастар

Операциядан кейін пациент келесі күні-ақ қозғала бастаған. Дренаждары екінші тәулікте алынып, төртінші күні қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды. Енді ол урологтың бақылауында болады.

Науқас Ләззәт Дәулетова дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді. Оның айтуынша, ол 16 қыркүйекте Орал қаласынан Астанаға Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа ем алып, ота жасату үшін келген.

2017 жылы бір бүйрегіме ота жасалып, бүйрегімді алып тастаған болатын. Қазіргі таңда жалғыз қалған екінші бүйрегіме тас жиналып, қатты ауырсынумен медициналық көмекке жүгіндім.

Орталыққа келген алғашқы күннен бастап барлық дәрігерлер мен мейірбикелердің жылы қарсы алып, ерекше қамқорлық көрсеткеніне шын жүректен ризамын. Әрбір медицина қызметкерінің адамға деген жанашырлығы мен жылы қарым-қатынасы маған үлкен демеу болды.

Әсіресе, дәрігер Дәурен Айтжанұлына ерекше алғысымды білдіремін. Ол кісі ота алдында жасалатын операцияның өте күрделі әрі қауіпті екенін, барлық тәуекелдерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Соған қарамастан, менің денсаулығым үшін бар күшін салып, кәсіби білімі мен мол тәжірибесін көрсетті.

Ең алдымен, Аллаға сансыз шүкір! Алланың қалауымен және білікті дәрігердің кәсіби шеберлігінің арқасында осы қиын кезеңнен өтіп келемін, – деді пациент.

Науқастың емдеуші дәрігері Дәурен Абдыровтың айтуынша, бір ғана бүйрегі бар адамдарға диагноз қоюдан бастап операция әдісін таңдауға дейін ерекше назар аудару қажет.

Фото: Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың баспасөз қызметі

Мұндай пациенттерде басты мақсат – тасты алып қана қою емес, жалғыз бүйректің қызметін барынша сақтау. Сондықтан операция алдында қажетті дайындық жүргізіліп, инфекциялық процесті ескере отырып, емдеу тәсілі мұқият таңдалады. Бұл жағдайда барлық тастарды бір сантиметрге жетпейтін шағын тілік арқылы алып, хирургиялық жарақатты барынша азайтуға мүмкіндік болды, – деді Даурен Абдыров.

Фото: Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың баспасөз қызметі

Ұлттық ғылыми медициналық орталықта мұндай операциялар тұрақты түрде жасалады. Несеп-тас ауруы урологиялық тәжірибеде жиі кездесетін патологиялардың бірі. Орталықта жыл сайын бүйрек тастарына байланысты шамамен 250-300 пациент хирургиялық ем алады.

Қазір орталықта заманауи жабдықтар мен аз инвазивті технологиялар қолданылады. Бұл дәрігерлерге әр пациенттің жағдайын ескеріп, жоғары технологиялық урологиялық операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Наверх