Жезөкшелік притондардың қызметін кім ұйымдастырады? – Депутат заңды сынады

20 Наурыз 2024, 12:22
3156
Бөлісу:
Жезөкшелік притондардың қызметін кім ұйымдастырады? – Депутат заңды сынады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Депутат Бақытжан Базарбек адам саудасына қатысты заң жобасын сынап, ІІМ басшысы Ержан Саденовке сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасында интернет желісі арқылы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Қазір әртүрлі сайттарда жыныстық қызмет көрсету, адам ағзалары мен тіндерін сатып алу, сату, сондай-ақ балаларды заңсыз асырауға беру туралы жарнамаларды көруге болады. Заманауи технологияларды ескере отырып, мұндай чаттар шетелде де, бізде де ашылады. Мұнда республика азаматтары және шетелдіктер ұйымдастырушылар бола алады. Осыған байланысты бірнеше сұрағым бар. Осындай хабарландыруды бақылауды қашан қолға аласыздар? Мұндай жабық топтар қалай анықталады? Егер олар шетелде болса, осындай чаттарды ұйымдастырушылар қалай жауапқа тартылады? Заң жобасын қарасам, өте әлсіз, механизмдері аз, - деді депутат Базарбек.

Депутат қарастырылып отырған заң жобасында осындай әрекеттерді жарнамалауға тыйым салу механизмдері жоқ екенін айтты.

Қолымда сіздің орынбасарыңыз – Лепеханың жауабы. Осыған дейін бірнеше сұрақ қойдым. Жезөкшелік притондардың үстінен қарап отыратын полиция қызметкерлері деген позицияны әлі де ұстанып отырмын. Осыдан бір жыл бұрын қанша полиция қызметкері жауапқа тартылды деген сұрақ қойдым. 2023 жылы бар болғаны 5 полиция қызметкері жауапқа тартылыпты. Егер осы іске кірісіп, мына ақпараттың бәрін жоққа шығарсам, бұл ақпарат жалған боп қалады ғой, - деді Бақытжан Базарбек.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов депутатқа сұрағына рақмет айтып, жауабын берді.

Жалпы 309-баптың 2-бөлігі деп айттық қой. Бүгінде “Кибернадзор” деген бағдарлама бар. Сол бойынша осыны анықтаған сәтте оған тосқауыл қоямыз. Қылмыстық әрекеттері бар осындай жарнамаларға 6 мыңнан астам тосқауыл қойдық. Оның ішінде осы заң жобасына қатысты 620. Өкінішке қарай, оның жетекшілері көбінесе шетелде отырады. Құқықтық көмек көрсету бойынша мемлекеттермен келісімге қол қойып жатырмыз. Факт анықталған кезде оларға сұраулар жібереміз. Орынбасарымның сізге жауабы бойынша 4 деген нақты фактілер шығар. Өкінішке қарай, ондай фактілер бар. ІІМ-де арнайы департамент бар. Сол департамент осындай жұмыстармен айналысады. Меніңше, олар (заң бұзған полицейлер) сатқындар. Біз олармен көп сөйлеспейміз. Дәлелдер болса, теріс қылық үшін жұмыстан шығарылады, - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Өзгелердің жаңалығы